Бүгінгі сұхбатымыздың кейіпкері – ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының ақпараттық ресурстар бойынша басшысының орынбасары Нұржан Жолдыбалинов. Ол Ұлттық электрон кітапхананы әзірлеуге қатысқан ең жас IT мамандардың бірі. Сонымен қатар Нұржан Нұрланұлы – еліміздегі танымал кітапханашы. Сұхбат барысында рухани жаңғыру бағдарламасы және еліміздегі кітапхана мәселесі туралы ой қозғадық.
- Нұржан мырза, алғашқы сұрағымыз: сіз үшін «Рухани жаңғыру» дегеніміз не?
- Мен үшін, рухани жаңғыру дегеніміз – бұл ұлт болмысының қайта оралуы. Бірақ бұл көнені көксеу емес, қайта ата-бабамыздан бері келе жатқан адамгершілік пен ар мәселесінің әрбір азамат бойында оянуы. Демек, рухани жаңғыру дегенді «ұлттық құндылықтарымызды қатаң сақтай отырып, жаңа заман көшіне ілесу» деп білемін.
- Осы бағдарлама аясында ұйымдастырылған «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазысыз. Байқауды жеңгенде қандай сезімде болдыңыз?
- Бұл сәтте, бойымда қуаныш пен қорқыныш сезімі қатар болды. Әрине жеңісім үшін, өз қатарластарымнан дара озып шыққаным үшін қуандым. Ал екінші жағынан, «мен осы атаққа лайық жұмыстар атқара аламын ба?» деп қорықтым. Осындай қорқыныш сезімі болды. Алайда қазір Құдайға шүкір, жыл сайын білім деңгейімді еселеп арттырып, өз саламда жақсы жетістіктерге жетіп келемін.
- Сіздің ойыңызша, бұл жобаның қоғам үшін қандай маңызы бар?
- «Шын жүйрік көмбеде көрінеді» дейді ғой, негізі осындай байқаулар болғаны дұрыс. Себебі жарыс болмаған жерде бәсеке де болмайды. Бұл байқаулар ең әуелі қоғамның назарын осы жобаға аударып, көпшіліктің қызығушылығын арттырады және сол арқылы ұлттық құндылықтарды насихаттай алады. Жалпы «Рухани жаңғыру» дегенді тек қазақи шапан киіп, қолға домбыра алып ән айту немесе тек бір мезеттік мәдени-әдеби іс-шаралар өткізу деп санамауымыз керек. Кейде біз іс-шараларды өткізіп, науқаншылдыққа салынып жатқан да сияқтымыз. Егерде біз нақты тарихымызды түгендеп, салт-дәстүрлерімізді заманға сай бірізділікке салып, ана тілімізді бір тұтас ұлт тіліне айналдырып, ұлт бойындағы ізгілікті, имандықты, тектілік пен адами ар-ұжданды әр қазақтың бойына сіңіре алсақ – бұл нағыз рухани жаңғыру болар еді деп ойлаймын.
- Байқаудан соң білімімді арттырып, жақсы жетістіктерге жетіп келе жатырмын дедіңіз. Нақты қандай істер екенін айта аласыз ба?
- Бүгінгі таңда, осы ұлттық академиялық кітапханада дыбыс студиясы ашылды. Осы дыбыс студиясында аудиокітап жасап келеміз. Бүгінгі балаларға, өскелең ұрпаққа арналған ертегілерді, батырлар жырын аудио нұсқаға көшіріп жатырмыз. Ол жәй ғана аудио болмайды. 3Д форматта болады. Яғни, балалар аудионы тыңдай отырып, аттың шапқанын естіп, көз алдына елестете алады. Сонымен қатар келесі жылға бірыңғай электрон каталогты құруды, бірыңғай оқырман билетін жасауды жоспарлап отырмыз. Бұл оқырманға өте тиімді болады. Себебі кез келген кітапты бір ғана іздеу нәтижесі бойынша таба аласыз. Әр кітапханаға немесе порталға кірудің қажеті жоқ. Өйткені бір жүйеде еліміздегі екі ұлттық кітапхана мен облыстық кітапханалар бойынша барлық мәліметтер жинақталған. Іздеген материалыңыздың қайда барын, қайсысы сізге жақын әрі тиімді екенін барлығын бірден көруге болады.
- Кітапхана демекші, сіз еліміздегі танымал кітапханашысыз. Осы кітапхана ісіне қандай өзгеріс керек деп ойлайсыз? Қазақтың кітапханасына не жетіспейді?
- Бізде ештеңе жоқ деп ауызды қу шөппен сүрте беруге келмес. Құдайға шүкір, қазір елімізде кітапханаларға жақсы жағдай жасалып жатыр. Қолда бар мүмкіндіктерді пайдаланып, заман ағымынан қалмауға тырысып келе жатқан кітапханаларымыз қаншама. Десек те, ең бірінші кітапханадағы барлық қызмет түрі заман талабына сай болуы керек. Оқырмандар сұранысын толық қамтамасыз етуі керек. Кітапхана мәдени іс-шаралар өткізетін орын емес, рухани, ғылыми ордаға айналуы керек. Оқырмандарға тыныш, жайлы, қай жағынан болсын қолайлы орта қалыптастыру керек.
- Бір сұхбатыңызда кітапхана ісіне қазір жастарды тарту керек дедіңіз. Неліктен?
- Негізі кітапхана деген адамзат руханиятының алтын діңгегі. Жер бетіндегі мешіттен кейінгі екінші қасиетті орын саналады. Солай болса да, шыны керек, кітапхананың біздің қоғамдағы алар орны төмен. Кітапхана десе көз алдымызға ескі сөредегі, қалың кітап арасында отырған апай елестейді. Біз олай ойламауымыз керек. Сол себепті кітапхананы заманауи жаңғыртып, бұл салаға білімді жастарды көптеп тартып, солардың қолымен кітапхананың қоғамдағы орынын көтеруіміз керек. Менің ойымша, бұл үрдіс біртіндеп жүзеге асады.
- Президент кітапхана ісіне көңіл бөлуге шақырған соң, бұл мәселе бойынша қазір айтарлықтай жылжу бар ма?
- Әрине өзгеріс бар. Біріншіден, президенттің көп жылдар бойы еңбектері елеусіз келе жатқан қарапайым кітапханашыларды қаперге алып, назар аударғанына алғыс айтамын. Ең маңыздысы қазір кітапханашылардың жалақысы өсті. Осылайша, басқа мәселелерде біртіндеп шешіледі. Жалпы кітапхана саласында проблемалар бар. Соның бірі қазіргі таңда кітапхана саласының заңын қалыптастыру керек. Көптеген нормативтік актілер қайтадан қарастыруды талап етеді. Электрон кітаптарды заңдастыру қажет. Көршілес елдерде электрон кітапханаларының арнайы заңы бар. Осы тұрғыдан біз олардан артта қалып қойғанбыз. Бізде мәдениет заңының 24-бабында кітапхана туралы шағын ғана ақпарат жазылған. Сонымен қатар, жоғарыда айтып өткенімдей бұл мамандыққа жас мамандар жетіспейді. Сол себепті арнайы гранттар беріліп, жалақысы өссе жастар, ер балалар келеді деп ойлаймын. Кітапханаға жастар қашанда керек.
- Сіздің ойыңызша, кітапханашы болудың маңызы қандай?
- Кітапханашы – адами құндылықты кітап арқылы насихаттаушы. Демек, ол руханияттың жаршысы дер едім. Мен ойлаймын, кітапхана саласы мен кітапханашының болашағы зор. Жазушы Айзек Азимов «Кітапты ештеңе алмастыра алмағандай, болашақта да оны ештеңе алмастыра алмайды» дейді ғой. Сол себепті, қағаз кітап әрқашан болады. 21-ғасырдағы электрон кітаптар қағаз кітаптарға көмекші ретінде келді. Оқырманға қолжетімді болу үшін және қағаз кітаптарды сақтап қалу үшін. Кітапханашының да болашағы бар мамандық. Тек кітапхана саласын өзгерту үшін кітапханашы өзі өзгеруі керек. Жәй ғана өзгеріп қоймай, ол жаңа технологиямен танысып, білуі керек, шет тілдерін меңгеріп, осы сала бойынша түрлі жобалар жасап, жан-жақты болуы қажет.