Биыл Алматы облысы ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 1 трлн. теңгеден асады. Аймақтың ел бойынша қант қызылшасы, майбұршақ, жүгері, көкөніс, картоп, ет, жұмыртқа, жүн өндіруде алдыңғы қатардан көрініп келе жатқаны, жүзім мен сүт өндіруде екінші орын алатындығы да ауыл мен мал шаруашылғы саласындағы бәсіміздің биіктігін білдіреді. Облыстағы өнеркәсіптік әлеуетті өркендетуге ден қойып отырған екі мыңнан аса кәсіпорынның 82 пайызы агроөнеркәсіп кешенінің еншісінде, деп хабарлайды kazlenta.kz.
Ауыл шаруашылығы дақылдары алқабы биыл 972 мың гектарға жетіп, оның ішінде қант қызылшасы 16 мың, жүгері 95 мың, картоп 40 мың гектардан асқан. Облыс әкімдігі 2025 жылға дейін қант қызылшасы алқабын 53 мың гектарға дейін ұлғайту есебінен өндіріс көлемін екі миллион тоннаға дейін жеткізу жөнінде ауқымды міндет қойып отыр. Ол үшін жалпы өңдеу қуаты жылына 1 млн. 100 мың тоннаға Көксу және Ақсу қант зауыттарын жаңғырту жоспарланған.
2030 жылға қарай суармалы жер көлемін 3 миллион гектарға дейін ұлғайту туралы Елбасының және Президент Жолдауындағы тапсырмалары аясында облыс бойынша 138 мың гектарды қалпына келтіру жоспарлануда. Соңғы үш жылда айналымға 39 мың гектар бұрын шығып қалған суармалы жер тартылған. Ағымдағы жылы 14 мың гектарды қалпына келтіру үшін 6,3 млрд.теңгеге ирригациялық құрылыстарға күрделі жөндеу жүргізілуде. Ислам даму банкі есебінен Ескелді және Ақсу аудандарында суару желілерін қайта жаңарту жалғасуда.
Өткен жылмен салыстырғанда мал мен құс саны орта есеппен 2 пайызға өскен. Мал қыстауы үшін облыс жем-шөппен толық қамтамасыз етіліп, биыл 5,3 млн. тонна азық дайындалған. Маңғыстау облысының зардап шеккен фермерлеріне гуманитарлық көмек ретінде 54 вагон шөп жіберілген.
Агроөнеркәсіпті дамытуда да айтарлықтай істер атқарылған. Өңірде барлығы 117 мал бордақылау алаңы және 84 сүт-тауар фермасы жұмыс істейді, соның есебінен ет өңдеу кәсіпорындарының жүктемесі 72 пайызға, сүт зауыттары 85 пайызға жеткен. Агроөнеркәсіп кешенінің қайта өңделген өнімдерінің экспорты 25 пайыз өсіп, 97 млн. АҚШ долларын немесе жалпы агроөнеркәсіп кешені экспортының 73 пайызын құраған. Жыл соңына қарай ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі алғаш рет бір триллион теңгеден асады деп болжануда.
Облыста қызылша, жүгері, картопты қалпына келтіруді қолға алып, жеке шаруа қожалықтарын заманауи үлгідегі техникамен қамтамасыз ету ісі де жүйелі жүргізілуде. Оған 11 миллиардтан астам қаржы бөлініп, техникаларды лизингке алып беру үрдісі жоғары деңгейде атқарылуда. Алдағы уақытта облыста екі сервистік орталық ашылмақ, ол жайлы облыстық мәслихаттың кезекті сессиясында қаржы бөлу мәселесі қаралған болатын. Қант қызылшасын өңдеу мен айналысатын жоғары технологиялы зауыттар құруда да, сүтті-етті мал және жылыжай шаруашылығын өркендетіп, интенсивті бау-бақша алқабын кеңейту бағытында да айтарлықтай жұмыстар іске асырылып келеді.
Балқаш ауданында Кеңес Одағы кезінде 10 мың гектар жерге күріш егілетін. Қазір су жетпеу салдарынан оның көлемі 7-8 мың гектарға азайғаны байқалады. Қазіргі таңда күріш алқаптарына су жеткізудің баламалы тәсілдері қолға алынып, егістікке су жеткізудің, су көлемін көбейтудің шаралары қарастырылып жатыр. Соған орай күріш алқабын кеңейту мәселесі қолға алынуда. Ал Қаратал ауданында 2-3 мың гектар күріш алқабы бар. Оны қызылша алқаптарымен алмастыру жұмыстары жүруде.
Бүгінде Жаркент крахмал-сірне зауытында Индустрияландыру картасы шеңберінде жүргізілген жаңғырту жұмыстарынан кейін қалдықсыз өңдеу циклі құрылған. Соның нәтижесінде өңдеу қуаттылығы 20 мыңнан 90 мың тоннаға дейін ұлғайтылды. Қазір онда өнімнің 27 түрі шығарылады. Алматы облысында интенсивті бақтарды дамытуға ерекше көңіл бөлініп, алқаптан сөреге дейінгі кластерлік негізде жұмыс істейтін компаниялар қазірдің өзінде бар. Жалпы, өңірдегі бақтардың көлемі 22,4 мың гектарға жетсе, соның 2,1 мың гектары – апорт алмасы. Олардың өнімдері Қытай, Пәкістан, Иран секілді шет елдерде айтарлықтай сұранысқа ие.
Облыста 1,3 млн. бас ірі қара мал, 4,5 млн. бас қой-ешкі бар. Малдың тұқымын асылдандыру және мал өнімдерін қайта өңдеу ісін өз деңгейінде жүзеге асыру үшін қазір жүз жылдық тарихы бар «Бауман» атты неміс компаниясымен жұмыс жасап, «Жетісуқой» атты бірлескен кәсіпорын ашылды. Оларға жер телімін бөліп, инфрақұрылым жүргізілді. Жоба аяқталуға жақын, сараптамадан өткен соң, жұмыс басталады. Ол арқылы шикізатты емес, өндірілген өнімді Қазақстан атынан экспортқа шығаруға жол ашылады. Өкінішке орай, облыста ет мол өңделеді, бірақ шетелге шығару талабына сай келмейді. Осы бағытта да «Бауман» компаниясының тәжірибесін меңгеру қажеттігі туындап тұр. Сондай-ақ, балық өңдеу мақсатында «Арна» индустриялық аймағында 67 млн. теңгелік зауыт құрылысы басталды. Онда өндірілген өнімнің 50 пайызы экспортталатын болады. Бұдан басқа да осы сынды бірқатар жобалар жүзеге асуда.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларын ұстап тұру мақсатында ағымдағы жылдың қыркүйегінде Үкімет қабылдаған 2021-2024 жылдарға арналған инфляцияға қарсы ден қою шаралар кешені іске асырылуда. Тұрақтандыру қорын құрып, жеңілдікпен кредит беру үшін жергілікті бюджеттен қосымша 1,7 млрд. теңге бөлінген, жалпы сомасы 3,7 млрд. теңгені құрайды. Оның 3 млрд. теңгесі 0,01 пайызбен кәсіпкерлік субъектілерін жеңілдікпен кредиттеуге және 700 млн. теңгесі 8,7 мың тонна өнім сатып алуға бағытталған. Бағаны ұстап тұру мәселесі басымдыққа ие болып, қатаң бақылауға алынған.
Қысқасы, бүгінде Алматы облысының егін және мал шаруашылығы саласында ауқымды жұмыстар атқарылып, ауыл және мал шаруашылығы өнімдерін өңдеу ісі аса қарқын алғаны байқалады. Бұл өз кезегінде еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында үлкен ықпал етпек.
Қажет Андас, Алматы облыс