Елорданың Алматы ауданында Triathlon Ice Park мұз айдынын абаттандыру жұмысы басталды. Мұз алаңының аумағы 1 200 шаршы метрді құрайды. Мұз айдынын қазан айының соңында ашу жоспарланып отыр, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Астана әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Арнайы тоңазыту жабдықтары мен мұзды ұстаудың заманауи технологиясының арқасында мұнда ауа райы жылы күндері де коньки тебуге болады.
Мұз айдыны Жаңа жылға орай безендіріліп, түрлі шамдармен жарықтандырылады. Бұл орын қала тұрғындары мен қонақтарына қысқы мерекенің ерекше көңіл күйін сыйлайды. Келушілер конькиді жалға ала алады. Сондай-ақ мұнда жылытылатын демалыс орны, ыстық сусындар мен тағамдар ұсынылады.
Triathlon Ice Park қыста демалып, отбасымен және достарымен көңілді уақыт өткізуге болатын жаңа орынға айналады. Мұнда қала тұрғындары қысқы демалыстың қызығын сезініп, жақсы естеліктер жинай алады.