Астанадағы №116 жалпы орта білім беретін мектеп – «Келешек мектебі» ұлттық жобасы аясында салынған заманауи білім беру ұйымдарының бірі. Жаңа мектеп биыл 1 қыркүйек – Білім күнінде есігін айқара ашты, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Астана қаласының Алматы ауданы, Оңтүстік-шығыс тұрғын үй алабы, 38, Төлебаев – Бурабай көшелерінің қиылысында орналасқан білім ордасының ашылуы аталған аудандағы №№74, 83 мектептердегі орын тапшылығы мәселесін шешуде көп көмегін тигізді. Жаңа мектеп пайдалануға берілгеннен кейін, Қордай, Отыкен, Құмкент, Сартай, Сарыағаш, Сарқан, Түлкібас, Мойынты, Баянтау, Алмалы, Бөрілі, Енесай, Өзбекәлі Жәнібек және тағы да басқа көшелердегі үйлерде тұратын тұрғындар балаларын жақын жерде оқытуына мүмкіндік алды.

Мектепте кіреберістен бастап инклюзивті орта қалыптастырылған. Яғни қозғалысында қиындығы бар, көру, есту қабілеті нашар оқушылар үшін пандус, сары жолақ, арнайы шақырту тетіктері орнатылған.
Оның айтуынша, мектепте сенсорлық кабинеттер, STEM, робототехника, ІТ кабинеттер, 4 спортзал, хоккей алаңы, кітапхана, асхана жұмыс істейді. Әрбір сынып бөлмелері толық интерактивті тақталармен, қажетті барлық дидактикалық материалмен қамтылып, химия, биология, физика, технология кабинеттері арнайы зертханалармен жабдықталған. Сондай-ақ «Адал азамат» тәрбие тұжырымдамасы негізінде «Шабыт», «Балалар кітапханасы», «Еңбегі адал жас өрен», «Ұшқыр ой алаңы», «Қамқор», «Смарт бала» жобалары қолға алынған. Би, домбыра, карате, футбол, волейбол, баскетбол, робототехника, т.б. үйірмелер де кемел ұрпақ тәрбиелеуде өз жемісін беруде.Осындай жүйелі оқу-тәрбие жұмыстарының нәтижесінде мектеп оқушылары өз жетістіктерін көрсетіп келеді.
Бүгінде көптеген шәкірттер - «Алтын түлек», «Алтын сақа» пәндік олимпиадалары, ғылыми жобалар, «Зерде» зерттеу жобасы, т.б. байқаулардың жүлдегерлері.Мектепте қауіпсіздік шаралары да назардан тыс қалдырылмаған. Мектепте 3 блокта күзет қойылған. 200-дей бейнекамералар орнатылған. Сондай-ақ барлық блоктарда орналасқан Face ID жүйесі балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.