Алматы қаласында Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Келешек мектептері» жобасы аясында салынған жаңа мектептерде ашық есік күні өтті. Оқушылармен бірге олардың ата-аналары жаңа мектептің құрылысымен танысты, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі ҚР Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.
Оларға Наурызбай және Алмалы аудандарында орналасқан №214 және №216 жаңа мектептер таныстырылды. Әр мектеп 1500 оқушыға арналған. Жалпы ауданы шамамен 14,6 мың шаршы метрді құрайтын кең әрі заманауи ғимараттар типтік мектептердің стандартты көрсеткіштерінен 20%-ға үлкен. Ғимараттардың архитектурасы өте мұқият ойластырылған: корпустар білім беру деңгейіне қарай бөлінген, бұл оқушылар үшін ыңғайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Ғимараттың оң қанатында жеке кіреберісі, шағын спорт залдары және жайлы оқу кабинеттері бар бастауыш сыныптар орналасқан. Орта және жоғары сыныптар сол қанатта орналасқан. Ал орталық бөлігінде 326 орындық асхана мен акт залы бар.
«Балалардың қуанышы шексіз, әсіресе енді олардың бір ауысымда оқитыны қатты қуантады. Мұғалімдер де риза, біз интерьер түстерін, кабинеттер мен зертханаларға арналған материалдарды таңдадық. Мектеп инклюзивті білім беру қағидаттарына сай келеді, пандустар, көмекші шақыру жүйесі, бейнебақылау және дабыл түймелері қарастырылған», – дейді №214 мектептің кураторы Света Ахметова.
Техникалық жабдықталу мен жайлылыққа ерекше көңіл бөлінген. Кең спорт залдар, заманауи зертханалар, робототехника кабинеттері, әр қабатта орналасқан ауыз су бұрқақтары, оқушыларға арналған жеке шкафтар мен қауіпсіз спорт алаңдары – барлығы балалар үшін жайлы орта қалыптастыруға бағытталған.
«Бұл — өте заманауи әрі ерекше мектеп, мұндайды армандаған да емеспін. Мұнда соңғы заманауи үлгідегі компьютерлер, ыңғайлы парталар, робототехникаға арналған сыныптар бар. Біз қуана оқимыз. Мыңдаған баланың арманы шындыққа айналды», – деп 11-сынып оқушысы Ахметәміре Бура өз әсерімен бөлісті.
Жайлы жағдайда сапалы әрі қолжетімді біліммен қамтамасыз етуге бағытталған «Келешек мектептері» жобасы Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы бойынша жүзеге асырылуда. Бірегей ұлттық жоба аясында екі жыл ішінде 460 мың оқушыға арналған жаңа форматтағы 217 мектептің салынуда.