ҚР Премьер-министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен экономикалық өсуді қамтамасыз ету жөніндегі штабтың кезекті отырысында сауда көлемін арттыру мүмкіндіктері, Шымкент пен Жамбыл облысының экономикалық даму көрсеткіштері және инвестициялық жобаларды іске асыруды қиындататын мәселелер қаралды, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сауда Қазақстан экономикасында екінші орын алады. Оның ЖІӨ құрылымындағы үлесі 19,1%. 2025 жылдың алғашқы екі айында сауданың нақты көлем индексі жоспарланған 4,7%-дан 6%-ды құрады. Сауда НКИ-іне бес өңір ең көп үлес қосты, олардың үлесіне тауар айналымының жалпы көлемінің 73,6%-ы тиесілі (қаңтар-ақпанда – 3,5 трлн теңге). Бұл Алматы, Астана, Ақтөбе, Атырау және Қарағанды облыстары.
Көтерме сауда мұнай өнімдері, автотехника, фармацевтика өнімдері, астық, қант және сусындар есебінен 6,6%-ға (6,1 трлн теңге), бөлшек сауда мұнай өнімдері, құрылыс материалдары, машиналар мен жабдықтар, кондитерлік, ет және балық өнімдерінің өсуі есебінен 4,7%-ға (2,8 трлн теңге) артты.
Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанованың айтуынша, саудада негізінен микро және шағын бизнес жұмыс істейді (99%), олардың үлесіне жалпы тауар айналымының 66%-ы тиесілі. 2025 жылы сауданың нақты көлем индексін 113% деңгейінде қамтамасыз ету үшін тауар айналымын 87 трлн теңгеге жеткізу қажет (2024 жылы – 70 трлн теңге). Бұл негізінен саланың 67,5%-ын құрайтын көтерме сауданың есебінен жүзеге асырылады. Мұндай өсімге шикі мұнай өндіруді және оны қайта өңдеуді, газды ұлғайту, өңдеу өнеркәсібі мен АӨК дамыту, тұрмыстық техника желісін кеңейту, фармацевтика өндірісін ұлғайту есебінен қамтамасыз етіледі.
Шикізаттық емес экспортты ұлғайту мақсатында Қытай, Ресей, Өзбекстан, БАӘ, Ауғанстан, Иран, Тәжікстан және Пәкістанға экспорттық жеткізілім географиясын кеңейту жұмысы жүргізілуде. Осы нарықтарда тұрақты болу үшін қосымша 10 сауда үйі мен серіктестік кеңселерін ашу жоспарлануда. Халықаралық маркетплейстер арқылы халықаралық электрондық саудаға интеграция жүргізілуде.
Бөлшек сауда айналымның 32,5% құрайды. 2025 жылы бөлшек сауда көлемі 28 трлн теңге (2024 жылға қарай +5,5 трлн теңге) деңгейінде болжанып отыр. Бөлшек сауда нарығын ынталандыру үшін Халық Банкімен бірлесіп «Digital Bazar» жобалары енгізілуде, таңбаланатын тауарлардың тізбесі кеңейтілуде, тұтынушылық кредит беру дамуда.
Сонымен қатар еліміздегі электрондық сауданың қарқынын арттыру шаралары талқыланды. Бұл сала тұрақты өсіп келеді. Алдын ала мәліметтер бойынша, 2024 жылы оның көлемі 3,2 трлн теңгені құрап, 14%-ға ұлғайды. 2025 жылы бұл көрсеткіштің 4,5 трлн теңгеге дейін өсуі күтілуде. Жедел мәліметтерге сәйкес, биылғы жылдың қаңтар-ақпан айларында нарықтың 85%-ын қамтитын ірі маркетплейстердегі тауар айналымы 0,7 трлн теңгеге жетті. Электрондық коммерция мүмкіндіктерін кеңейту мақсатында Instagram арқылы жасалатын сатылымдарды e-commerce санатына жатқызу мәселесі қарастырылуда. Сондай-ақ Kaspi.kz және Қазпоштамен бірлесіп, көтерме сауданы дамыту үшін қазақстандық және қытайлық кәсіпкерлерге арналған B2B платформасы тестілік режимде іске қосылды. Бұл платформада негізгі тауар санаттары тұрмыстық техника, үйге арналған тауарлар және жеңіл өнеркәсіп өнімдері болмақ. Аталған бастамаларды жүзеге асыру еліміздегі тауар айналымын жыл сайын қосымша 1 трлн теңгеге арттыруға мүмкіндік береді.
Шымкентте биылғы жылдың алғашқы екі айында негізгі экономикалық көрсеткіштердің сенімді өсуі байқалады. Инвестиция көлемі 102,1 млрд теңгені құрады, бұл өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 68%-ға артық, өнеркәсіп – 195,5 млрд теңге (13,4%-ға өсу), ауыл шаруашылығы (7,4 млрд теңге, 2,7%-ға өсу). Қысқа мерзімді экономикалық өсу 15,7%-ға жетті, бұл қалаға елдегі көшбасшы үштік қатарына кіруге мүмкіндік берді. Өңірдің 2025-2029 жылдарға арналған инвестициялық портфелі жалпы сомасы 1,9 трлн теңгені құрайтын 190 инвестициялық жобадан тұрады, олардың аясында 25,9 мың жаңа жұмыс орны ашылады. 2025 жылы жалпы құны 181,9 млрд теңгені құрайтын 51 жобаны іске қосу жоспарланған.
Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков 2024 жылы қаладағы 19 кәсіпорын 61,1 млрд теңге көлемінде фармацевтикалық өнім өндіргенін мәлімдеді. Бұл елдегі фармацевтика саласының жалпы өндірісінің 35,7%-ы. Алайда Dentafill Kazakhstan компаниясының өнімін нарыққа шығару үшін Денсаулық сақтау министрлігінде тіркеу қажет, бұл процесс 270 күнге дейін созылуы мүмкін. Осыған ұқсас қиындықтарға 2024 жылы дәрі-дәрмектерді тіркеуге 75 өтінім берген және 2025 жылы тағы 35 өтінім тапсыруды жоспарлап отырған тағы бір басқа кәсіпорын тап болған.
Вице-премьер Денсаулық сақтау министрлігіне барлық ұсынылған дәрі-дәрмектер бойынша келісу рәсімдерін жеделдетуді тапсырды. Осылайша кәсіпорындар кіріс алуы тиіс және өңірдің ЖҚҚ-на үлес қоса алады.
Жамбыл облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеровтың айтуынша, биылғы жылдың екі айында өңірдің экономикалық өсімі 12,5%-ды құрады. Өнеркәсіп көлемі 21,6%-ға (188 млрд теңге), инвестициялар жартысынан астам (54,4%-ға артып, 62 млрд теңге), ал сауда саласы 1,9%-ға (120,6 млрд теңге) өсті. Облыстың инвестициялық жобалар пулы жалпы құны 3,6 трлн теңгені құрайтын 82 жобаны қамтиды. Оның ішінде 2025 жылы 175,2 млрд теңгеге 30 жоба іске қосылып, 1,1 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда.
Сондай-ақ спикер жекелеген ірі жобаларды іске асыруды қиындататын проблемалық мәселелерді айтты.
Бірінші кезекте – өңдеу өнеркәсібін қосу үшін «Жібек Жолы» АЭА-да қызмет түрлерінің тізімін кеңейту мәселесі. 15-тен астам жоба осы тізімге енгізілуі тиіс. Кальций қосылған сода өндіруге арналған «Qazaq Soda» ЖШС-нің тағы бір ірі инвестициялық жобасы іске қосылуы үшін шикізат жеткізу және дайын өнімді тасымалдау мақсатында қосалқы аймаққа теміржол желісін тартуды күтіп отыр.
Вице-премьер ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне сәуір айының соңына дейін арнайы экономикалық аймақтардағы басым қызмет түрлерінің тізіміне өзгерістер енгізуді, сондай-ақ кальций қосылған сода өндіретін кәсіпорын үшін қажетті инфрақұрылым құрылысына қаржылық қолдау көрсетуді тапсырды.