Соңғы 4 жылда Ақтөбе облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметпен парақорлық үшін жауапкершілікке 54 тұлға тартылған. Олардың 23-і бас бостандығынан айыру жазаларына және 31 тұлға жалпы сомасы 200 млн. теңге болатын әр түрлі көлемдегі айыппұлдарға кесілген. Бұл туралы «Antikor ortalygy» сервис орталығында өткен брифинг барысында Департамент басшысы Бауыржан Балғабеков мәлімдеді, деп хабарлайды kazlenta.kz.
Сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін айыпталғандардың қатарында 32 құқық қорғау органдарының қызметкері бар. Олардың 18-і парақорлық фактілері бойынша сотталған.
Мәселен, пара алғаны үшін ҚР ІІМ Батыс өңірлік әскери-тергеу басқармасының Ақтөбе облысы бойынша басқармасының бастығы 49 млн. тенге, ал дәл осы басқарманың тергеушісі 2,3 млн. теңге сомасындағы айыппұлға кесілген.
Жалпы сыбайлас жемқорлық қылмыстары, оның ішінде парақорлық үшін істі болғандардың саны аз емес. Олардың қатарында 18 мемлекеттік орган және 7 квазимемлекеттік сектор басшылары бар.
Мысалы, Ақтөбе облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті басшысының орынбасары пара алғаны үшін 4 жылға бас бостандығынан айырылған.
Сондай-ақ, сот үкімімен пара алу дерегі бойынша Ақтөбе магистральдық желі бөлімшесі «ҚТЖ» ұлттық компаниясы филиалының Шалқар жол дистанциясының бастығына 36 млн. теңге көлемінде айыппұл салынған.
Департамент басшысының айтуынша, Қазақстанда лауазымды тұлғаларды параға сатып алумен әдейі айналысатын немесе делдал ретінде әрекет ететін, заңсыз сыйақы беруші тұлғалардың жауапкершілігі күшейтілген.
Жалпы Ақтөбе облысында пара беру дерегі бойынша 14 азамат сотталды.
Мысалы, «Самара-Шымкент» автомобиль жолында рұқсат етілген салмақтан асып кеткен қарбыз тиелген жүк көлігінің жүргізушісі Ақтөбе облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясының бас маманына 20 000 теңге сомасында пара бермек болған азамат кінәлі деп танылып, оған 200 мың теңге айыппұл салынды.
Сондай-ақ, карантин шараларын бұзу фактісі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылмау үшін полиция қызметкерінің карточкалық шотына 10 мың теңге аударған тұрғынға 100 мың теңгелік айыппұл түрінде жаза тағайындалып, кінәлі деп танылды.
Естеріңізге сала кетсек, өткен жылғы желтоқсан айының соңында Мемлекет басшысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы бірқатар заңнамалық өзгерістерге қол қойды.
Егер бұрын Қылмыстық кодекстің 367-бабының 2-бөлігінде көзделген «айтарлықтай мөлшерде пара беру» қылмысы үшін ең жоғары санкция 5 жылға дейін бас бостандығынан айыруды құрай отырып, бұл әрекет орташа ауыр қылмыс деп танылған болатын. Ал қазіргі жаңа редакцияға сәйкес, жазаның жоғарғы шегі 7 жылға дейін ұлғайтылып, бұл өз кезегінде автоматты түрде ауыр және арнайы құқықтық салдары бар қылмыс санатына жатқызылды. Яғни шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға тыйым салынып және қауіпсіздігі төмен қоныс-колониясында жазаны бірден өтеу мүмкіндігінің болмауымен сипатталады.
Бас бостандығынан айыру мерзімдерін ұлғайтудан басқа, пара бергені және парақорлыққа делдал болғаны үшін айыппұл мөлшері бірнеше есеге өсті.
«Мәселен, егер тұлға 100 мың теңге сомасындағы пара беру дерегімен сотталса, онда сот азаматқа тағайындалуы мүмкін ең төменгі еселенген айыппұлдың жаңа заңнамаға сәйкес айыппұл мөлшерінің көбейтілгендігін ескере отырып, параның 20 еселенген сомасын тағайындай алады. Яғни айыппұл 2 млн.теңгені құрайтын болады. Бұған дейін ең төменгі айыппұл көлемі 1 млн.теңгені құраған. Азаматтар қабылданып жатқан шаралардың маңыздылығын түсініп, мемлекеттік қызметшілерді параға сатып алуға тырысқаны үшін нақты қылмыстық жауапкершіліітің бар екендігін сезінуі тиіс», - деп атап өтті Бауыржан Балғабеков.
Бизнесті қорғауды күшейту тұрғысында Қылмыстық кодекске кәсіпкерлердің жұмысына кедергі келтіргені үшін жауапкершілікті арттыратын өзгерістер енгізілді.
Бизнес саласына6 араласқан құқық қорғау органдарының қызметкерлері 2 жылдың орнына енді 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Құқық қорғау органдары басшылығының және судьялардың осындай әрекеттерді жасауы одан да қатаң жазаға - 8 жылға дейін бас бостандығынан айыруға әкеп соғады.
Бұған дейін Агенттік СІМ және «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп «Protecting business and investments» бизнес пен Инвестицияларды қорғау жөніндегі жобаны іске қосқан болатын. Жобаның мақсаты лауазымды тұлғалар тарапынан туындайтын мүмкін қысым көрсетушіліктің, заңсыз сыйақы талап етудің алдын алу мақсатында кәсіпкерлерді олардың мемлекеттік құрылымдармен өзара іс-қимыл процесінде сүйемелдеуге бағытталған.
Ақтөбе облысында аталған жоба аясында сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке сенім артып, жалпы сомасы 4,2 трлн болатын 43 шетелдік және жергілікті инвесторлар парасаттылық туралы келісімге қол қойды.