Шымкент қаласының кәсіпкерлікті дамытуда өзіндік артықшылықтары көп. Үшінші мегаполистің ерекешеліктері ескеріле отырып, креативті индустрияның бес басым бағыты айқындалған.
Олар: кино және анимация, дизайн және сән, IT және геймдевелопмент, сондай-ақ, халық қолөнері мен музыка. Бүгінде әр бағытты зерделеп, оларды дамыту және кәсіпкерлерге қолдау көрсету мақсатында әкімдік тарапынан арнайы серіктестік ұсыныстар әзірленуде.
Жалпы, креативті экономика - дүниежүзілік экономиканың жаңа трансформациялық бағыты болып табылады. Ол бір ғана саламен шектелмей, 12 бағытты өзіне қамтып отыр. Айта кетерлігі, 2022 жылдан бастап Шымкент қаласында кәсіпкерлерге 5 жылға дейін 1%-бен 10 млн. теңгеге дейін несиелеуді қарастыратын «Іскер қала» өңірлік кәсіпкерлерді қолдау бағдарламасы жұмыс істеуде.
Сондай-ақ, аталған бағдарлама аясында креативті индустрия субъектілеріне ғимаратты жалға алудың бір бөлігін субсидиялау арқылы мемлекеттік қолдау қарастырылған. Осының аясында, Шымкентте 2024 жылы креативті хаб ашу жоспарланған. Креативті хабта шығармашылық саласы мамандарының түрлі шеберлік сабақтары, арнайы шоу-рум, шығармашылық кештер мен кездесулер өткізуге болады.
Жалпы, бүгінгі күні әр түрлі мемлекеттік бағдарламалар арқылы қалада 11 кәсіпкер қаржылай қолдау алып отыр. Олардың ішінде баспа ісі, кино, ойын-сауық секілді бағыттар бар және қолдау шаралары айналымдағы қаражатты толықтыру, ісін кеңейту, жабдықты сатып алу және орталықтар ашуға бағытталған.
Шымкент - Қырғызстан мен Өзбекстанды Қазақстанның басқа өңірлерімен байланыстыратын торап болып табылатын ірі қаланың бірі. Шаһардың 500 км радиусында шамамен 25 миллион адам тұрады. Осы орайда, Шымкенттің өзінің бәсекелестік артықшылықтарын пайдалана отырып, бүкіл оңтүстік өңірі үшін тірек туристік орталыққа айналуына барлық мүмкіндіктері бар. Сондықтан бұл бағыттағы ауқымды шаралар жүйелі түрде жалғасын таба бермек.
15-12-2023, 12:56
Шымкентте креативті индустрияның басым бағыттары айқындалған
Фото: pixabay.com
Егер мәтінде қате байқасаңыз, оны таңдап, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз