Шымкент қаласындағы білім беру мекемелерінде 210 мыңнан астам оқушы шығармашылық және спорттық үйірмелермен қамтылды. Бұл туралы білім басқармасының басшысы Нұргүл Шәмшиева баспасөз отырысы барысында мәлімдеді.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, ҚР Оқу ағарту министрлігі бекіткен жоба аясындағы жұмыстар ұлттық, адами құндылықтарға негізделген. Бағдарлама аясында жеті жоба жүзеге асырылуда. Тәрбие бағытындағы «Ұрпаққа аманат», «Ұлттық мектеп лигасы», «Төрт тоқсан- төрт өнер», «Тоғыз ай, тоғыз іс-шара», «Жеткіншектің жеті жарғысы», «Еңбегі адал жас өркен», «Оқуға құштар мектеп» жобалары бүгінде өз нәтижелерін беруде.
Бұл ретте, білім беру мекемелерінде 159 спорт зал, 154 спорттық алаң оның ішіндегі 105 заманауи алаңшаларда бір күнде 11550 оқушы спортпен айналысуда екен. Осы орайда, дене шынықтыру пәнінің 1600-ден астам мұғалімінің жұмылдырылуымен қосымша үйірме жұмыс есебінде волейбол, баскетбол, футбол, баскетбол, гандбол, үстел теннисі, шахмат, тоғызқұмалақ, таеквандо, каратэ-до, қазақша күрес, асық ату, бес асық, футзал, жеңіл атлетика гимнастика сынды спорт түрлері бойынша үйірме жұмыстары жүргізіліп жатқанын қаланың бас ұстазы тілге тиек етті.
Бағдарлама аясында ұлттық мұраны қастерлеуге, қазақ тілін, мемлекеттік рәміздерді құрметтеуге, татулық, келісім,ынтымақ, отаншылдық пен мемлекетшілдікке, табиғи мұраға ұқыптылықпен қарауға тәрбиелеуге аса мән берілген. Бала тәрбиесіндегі отбасы институты рөлін нығайту мақсатында білім беру ұйымдарында «Ата-аналар мектебі», «Әкелер мектебі», «Аналар мектебі», «Әжелер мектебі» құрылып, жұмыс жасауда.
Баспасөз отырысы барысында «Жеткіншектің жеті жарғысы» жобасы аясында құқықтық мәдениетті қалыптастыру қолға алынғанын атап өткен Нұргүл Шәмшиева «Жеке қауіпсіздік», «Буллингке қарсы тұру мәдениеті» іс-шараларына баса мән беріліп отырғанын жеткізді. Осы орайда, педагог-психологтардың 85%-ы кәмелетке толмағандар арасындағы зорлық-зомбылықтың, оның ішінде жәбірлеудің (буллингтің) және суицидтің алдын алу бойынша біліктілікті арттыру курстарынан өткен.