Мемлекет дін мен діни бірлестіктерден бөлінгенімен, еліміздің тұрақтылығы мен бейбітшіліктің сақталуына діни ахуалдың ықпал ететіні анық. Қазақстанда заңды түрде тіркелген діни конфессия өкілдерінің құндылықтарының ортақ болуы және бір-бірінің діни наным-сеніміне құрметпен қарауы осы бағытта жасалып жатқан жұмыстардың тиімділігі мен идеологияның нәтижесі. Дінтанушы Жомарт Қонысбаев осындай пікір айтты, деп хабарлайды kazlenta.kz.
«Мемлекеттің дін саласында жүргізіп отырған саясатының нәтижесінде ел аумағында бір де бір діни қақтығыстар тіркелген жоқ. Бұл әрине бәрімізді қуантады. Діни конфессия өкілдерінің ауызбіршілігі мен құрметі, толеранттылығы бар. Жетісу өңірінде де діни ахуал тұрақты, наным-сенімі бөлек болғанымен облыс тұрғындарының арасында конфессияаралық келісім, діни ауызбіршілік сақталған. Бәріміз конфессияаралық ынтымақтастық пен татулыққа сызат түспегенін қалаймыз», - деді дінтанушы, Жетісу облысы бойынша Дін саласындағы мәселелерді зерттеу және оңалту орталығы КММ директорының міндетін атқарушы Қонысбаев Жомарт.
«Жұмыс барысында діни бірлестік басшыларымен тұрақты түрде жиындар өткіземіз. Жыл басынан бері орталық тарапынан облыс тұрғындарының арасында діни сауаттылықты қалыптастыру, экстремизм мен терроризмнің алдын алу бағытында 42 мың адамның қатысуымен 500-ден астам іс -шара өткізілді. Спорттық әрі интеллектуалдық жарыстар да ұйымдастырылады», - деді Жомарт Қонысбаев.
Сырттан келген жат ағымдар, түрлі діни топтар ұлттық, рухани құндылықтар мен идеологияға төнген тікелей қауіп. Сондықтан деструктивті діни ағымға түсіп кеткен, солардың жетегінде кеткен әр азаматпен жеке жұмыс жасап, оңалту шаралары өткізіледі.
«Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ демекші, шалыс басқан азаматтарды дәстүрлі дінге, қоғамымызға қайта бейімдеумен де айналысамыз. Мамандар адасқан мұсылмандарға дәстүрлі исламның Әбу Ханифа масхабы ақидасына сай кеңес береді. Орталықтың жұмысының тағы бір бағыты - ғаламтордағы қауіпсіздік. Интернет желісінде діни сауаты төмен жандар арасында үгіт-насихат жүргізіп, сол арқылы жақтастарын көбейткісі келетін мүдделі топтар болуы мүмкін. Оларға тосқауыл болудың бір жолы - кибербақылау шаралары. Сол үшін интернеттегі ақпараттарды сараптап, әлеуметтік желідегі парақшаларда, ресми сайттарда, ютуб арналарда қоғамның қызығушылығын тудырған немесе талқыланып жатқан өзекті тақырыптарға жауап беріледі», - деді ол.