Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында атап көрсеткен алты басты бағыттың ішіндегі ұлттық бірегейлікті сақтаудың мәні зор, мағынасы терең. Әр елде бірегейліктің сақталуы – тарих, мәдениет және тілдің ортақтығына байланысты екені даусыз. Тағдыр талайымен қазақ жеріне қоныс аударған көптеген ұлттармен тарихымыз ортақтасып, мәдениетіміз біте қайнасқаны жасырын емес. Сондықтан да елімізде тіл саясаты мен ұлттардың ынтымағына ерекше көңіл бөлінеді. Бүгінде 18,6 млн халқы бар мемлекетімізде 130-дан астам ұлт өкілі тату-тәтті өмір сүріп жатқаны әу баста қолға алынған ілкімді істердің жемісі.
Ұлтаралық татулық – қазақстандық бірегейлік
Елбасы тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап, қоғамдық тұрақтылықты басты назарға алып, ұлтаралық келісімді ұлықтады. Олай болатын жөні де бар. Дөңгеленген дүниедегі түрлі оқиғалар, этностар арасындағы шиеленістер, қанқұйлы қақтығыстар кез келген көп ұлтты мемлекетті айрандай ұйыту саясатына жүгіндірері сөзсіз. Осы ретте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұлтаралық және дінаралық қатынастардың қазақстандық моделін жасағанын ерекше атап өткен абзал. Еліміз төрткүл дүниеге бейбітшілік пен келісімнің берік іргетасын қалаған мемлекет ретінде танылды. Елімізде ынтымақ пен бірліктің айнасы, бірегей қоғамдық институт – Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. ҚХА-ның еліміз бойынша ұлттық мәдени орталықтарының жалпы саны 800-ден асады. Ассамблея құрамында (394 мүше) этномәдени және өзге де қоғамдық бірлестік, мемлекеттік органдар мен зиялы қауым өкілдері бар. ҚХА-дан ҚР Парламент Мәжілісінің 9 депутаты сайланып, елдегі барлық этностардың мүддесін қорғайды. Ресей Ассамблеясы Кеңесінің басшысы Светлана Смирнова:
Расында көптеген ұлтқа пана болған мемлекетіміздегі қазақтардың үлесі 67,9 пайыз екенін көрсетеді. Одан кейінгі орында орыс ұлты 19,3 пайыз болып тұр. Өзбек ағайындар 3,2 пайыз, ураиндар 1,5, ұйғырлар 1,4, татарлар 1,1 пайыз екен. Қалғаны неміс, қырғыз, түрік, кәріс, дұңған, т.б. ұлттардың үлесінде. Барша халыққа құшағын айқара ашқан Қазақстанның ұстанған саясаты өзге елдерге үлгі болды.
Латвияның «Вести сегодня» газетінің шолушысы Владимир Решетов:
Бірегейлікті сақтаудың басты тетігі – тіл саясаты
Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Егемендіктің жалауы желбіреген күннен бастап, көп ұлтты ұйыстыру, бір мүддеге жұмылдыру мақсат болғаны айқын. Қазақстандағы этностардың тілдерін сақтай отырып, біртектілікті нығайтып, бірлікті бекемдеу арқылы мемлекеттік тіл – қазақ тілінің қолданыстағы ауқымын кеңейту үшін көптеген іс-шара қолға алынды.
«ҚР Тіл туралы» заңы бекітілді (1997 ж. 11 шілде). Осы ретте Тіл саясаты комитетінің (ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты) жұмысы белсенді. Елдегі аймақтарда тілдерді дамыту басқармалары мен орталықтары ашылды. Салыстырмалы түрде қарасақ, тәуелсіздік алған жылы мемлекеттік тілде 2 768 білім ошағы жұмыс істеген. Қазір олардың саны 3 789-ға артқан. Аралас 2 043 орта оқу орны, орысша 1 181, өзге тілде 23 мектеп балаларға білім нәрін береді.
Ал енді 1991-92 жылдары 1748 балабақша бүлдіршіндерді қазақша тәрбиелесе, бес жыл бұрынғы мәлімет 5 709-ға жеткенін көрсетеді.
Еліміздегі әр жылдардағы арнайы бағдарламалар да мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейте отырып, өзге ұлт өкілдерінің тілін дамытуды көздеді. Сонымен қатар Мемлекеттік тілді дамыту қоры қазақ тілін тереңдетіп оқытып, осы мақсатта электрондық ақпарат кеңістігін дамытуға ықпал етті. Атап айтсақ, ең қажетті де қолданыстағы смартфондарға арналған «Qazaq Latyn Keyboard» пернетақтасы, «Soyle.kz» интернет-порталы, «Tattialma.kz» балалар әдебиеті сайты, «Abaialemi.kz» тұңғыш энциклопедиялық онлайн порталы, «Qazaqstan 3D» веб-сайты мен мобильді қосымшасын іске қосты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ана тілі» басылымына берген сұхбатында мемлекеттік тілді дамытудың төрт мәселесіне тоқталды. Оның ішінде қазақ тілін еркін меңгерген халықпен жұмыс істейтін мемлекеттік қызметкерлерге басымдық беру, төл тілімізді білетін өзге ұлт өкілдерін қолдау, қазақша телевизиялық, радио хабарлардың сапасын көтеру бар.
2020-25 жылдарға арналған тілді дамыту бағдарламасында 2021 жылы төл тілімізді қолдану аясын 91 пайызға арттырып, әр жыл сайын 1 пайыздан көтеріп отыру межеленген. Сонда 2025 жылы қазақ тілін халықтың 95 пайызы түгел білетін болады. Тіл дамытуда мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдарының атқарар рөлі орасан. Сондықтан БАҚ-та ана тіліміздің үлесін 2021 жылға 75 пайызға арттырып, 2025 жылы 79 пайыз ақпарат тарату көзделіп отыр. Бұл бағдарламада үш тілде еркін көсілетін халықты да көбейту жоспарланған. Яғни, қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде бірдей 2021 жылы 27 пайыз тұрғын сөйлейді деп болжанады. Бұл ретте жыл сайын көрсеткіш ұлғайып, 2025 жылы 31 пайызға жетеді деп жоспарланған.
Қазақ тілі әлемде сөйлеушісі көп ең ірі бес тілдің қатарында екенін мақтанышпен айтуға болады. Аударма жағынан ЮНЕСКО-ның Index Translationum статистикасы бойынша ТОП-50 қатарында тұр. Бұдан қазақ тілінде әлем әдебиеттерінің жауһарлары көп тәржімаланғанын көреміз. Мемлекеттік тіліміз Google Translate автоматты аударма қызметіне қосылған 90 тілдің қатарында. Ғаламтор кеңістігінде қолданушылардың көлемі бойынша 57 орында.
P.S. Өткенді саралап, болашаққа ұмтылу адамзаттың негізгі ұстанымы. «Рухани жаңғырудың» биылғы жұмыс жоспары үш бағытқа жіктелген. Бұл туралы Президент жанындағы Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі Ұлттық комиссияның отырысында айтылды. Оның ішінде екінші бағыт – ұлттық бірегейлікті сақтауға арналып отыр. Әлбетте, ұлттық бірегейлікті әлемге паш ететін жұмыстар жалғасын таба бермек.