Батыс Қазақстан облысының газдандыру деңгейі 99,6%-ды құрайды, яғни 685 мыңнан астам адам табиға газбен қамтамасыз етілген, деп хабарлайды kazlenta.kz.
2023 жылғы 24 мамырда ҚР Энергетика вице-министрі Асхат Хасенов Батыс Қазақстан облысының тұрғындарымен кездесуде сөйлеген сөзінде Министрлік газдың ресурстық базасын ұлғайту үшін жер қойнауын пайдаланушыларды ынталандыру бойынша бірқатар шаралар қабылдағанын хабарлады:
- жер қойнауын пайдаланушылардан газ сатып алу бағасының жаңа ынталандырушы тетігі қабылданды. Осы тетікке сәйкес газды сатып алу бағасы енді ҚР мен ҚХР шекарасындағы экспорттық бағалар (70%) және ішкі нарықтағы бағалар (30%) негізінде қалыптастырылады.
- газ жобалары үшін преференцияларды көздейтін Жақсартылған модельдік келісімшарт қабылданды: корпоративтік табыс салығынан, өндіру басталған күннен бастап 20 жылға экспорттық кедендік баждан босату және балама табыс салығына көшу құқығы.
Бұл шаралар газ өндіруге және өңдеуге инвестициялар тартуға мүмкіндік береді.
Асхат Хасенов өңірдегі тауарлық газға баға белгілеу мәселелеріне жеке тоқталды. 2023 жылдың 1 маусымынан бастап тауарлық газдың бөлшек сауда бағасын түзету күтілуде. БҚО бойынша ол 18,7 теңге/м3 құрайды немесе қолданыстағы бағамен (16,79 теңге/м3) салыстырғанда 1,9 теңгеге/м3 артады.
Бағаның көтерілуінің себебі бекітілетін көтерме сауда бағасының тауарлық газдың өзіндік құнынан төмен болуы, демек көтерме сауда бағасының өсуі жер қойнауын пайдаланушыларды газ өндіру бойынша ынталандыруға мүмкіндік береді, сондай-ақ газды қайта өңдеуді дамытуды қамтамасыз етеді.
Сондай-ақ ҚР Энергетика вице-министрі Асхат Хасенов облысты газдандыру деңгейі республика бойынша ең жоғары деңгейдің бірі болып табылатынын және тұрғындардың 99,6% немесе 685 мыңнан астамы табиғи газбен қамтамасыз етілгенін атап өтті. Газдандыру техникалық мүмкіндіктерді ескере отырып және бюджет қаражатының бөлінуіне қарай жүзеге асырылатын 53 ауылдық елді мекен (жалпы саны 2,4 мың адам) газдандырылмаған күйінде қалып отыр.
2023 жылы жергілікті бюджеттен 7 ауылдық елді мекенді (Салтанат, Саралжын, Борық, Жаңақала ауданы, Баянтөбе, Қызылжар – Ақжайық ауданы, Сасықкөл – Сырым ауданы) газдандыруға қаражат бөлінді.
Бұдан басқа сұйытылған мұнай газын (СМГ) ішкі тұтыну көлемі 2022 жылы ел бойынша 1,8 млн.тоннаны құрады. 2021 жылмен салыстырғанда тұтыну 400 мың тоннаға өсті. Өндірушілер үшін инвестициялық тартымдылықтың төмендігіне байланысты СМГ өндірісі 2022 жылы шамамен 400 мың тоннаға қысқарды.
Бұл ретте ҚР-да бір литрге СМГ-ға бөлшек сауда бағасы өңірге байланысты 50-ден 70 теңгеге дейін өзгереді. Көрші елдермен салыстырғанда Қазақстанда СМГ бағасы 2 есе төмен. Батыс Қазақстан облысында баға 1 литр үшін 60-65 теңгені құрайды.
Өңірде 3 газ толтыру станциясы және 100 автогаз құю станциясы бар. Облыста СМГ тұтынуы 2022 жылы 55 мың тоннаны, 2023 жылдың қаңтар-сәуір айларында 19,5 мың тоннаны құрады.