Алматыда жаңадан ашылатын мектептерде оқу тілі жергілікті халықтың қажеттіліктеріне байланысты таңдалады. Бұл туралы Ерболат Досаев Наурызбай ауданы тұрғындарымен кездесуі барысында мәлім етті, деп хабарлайды kazlenta.kz ҚазАқпаратқа сілтеп.
«Жаңадан көп мектеп ашылып жатыр, бірақ олардың барлығы тек қазақ тілді. Аралас мектептер жоқ, ал біздің №157 мектепте бала саны нормадан асып кеткен», - деп ауданы тұрғыны мәселе көтерді.
Шаһар басшысы мұның себебі сұранысқа байланысты екенін түсіндірді.
«Наурызбай ауданында ашылған жаңа мектептердің көпшілігі қазақ тілінде оқытады. Бұл өткен жылдың басында осы ауданда тапшылығы байқалған 7,5 мың мектеп орнының ішінде қазақ тілінде оқытуға өтінімдердің көп болғанына байланысты. Сондықтан, өтініштер қанағаттандырылды. Біз салғалы отырған жаңа мектептер, оның ішінде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында аудандық білім басқармаларының қарауындағы өтінімдер санына қарай ашылатын болады. Мемлекет басшысы білім беруге ерекше көңіл бөледі. Бізде нақты жоспарлар бар: 2025 жылдың соңына дейін мектептердің 30%-ын бір ауысымға ауыстыруға ұмтыламыз. Бұған мүмкіндіктер бар», - деді Ерболат Досаев.
Сондай-ақ, қалалық білім басқармасының басшысы Ләззат Жылқыбаева мегаполисте қазақ мектептеріне сұраныс жоғары екенін баса айтты.
«Жаңадан ашылған №207 мектеп 1 200 орынға есептелген. Қазақ сыныптарына 2 400 бала келді, ал орыс сыныптарына келген бала саны 100-ден аспайды. Осыған байланысты №157 мектепте орыс тілінде оқитын осы аудан тұрғындары үшін оқушылар тасымалын ұйымдастырдық. Ең алдымен, ата-аналардың қажеттіліктерін ескереміз. Кейінгі ашылған сегіз мектептің екеуі – аралас», - деп түсіндірді басқарма басшысы.