"2023 жылғы 1 қаңтардан бастап президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша балабақша тәрбиешілерінің, мектеп мұғалімдерінің, колледж оқытушыларының, әдіскерлердің, қосымша білім беру педагогтерінің жалақысы тағы 25 пайызға өсті", – дейді министрлік өкілдері.
Ведомство мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2020 жылғы қаңтардан бастап елімізде мұғалімдердің жалақысы жыл сайын 25 пайызға көтеріліп жатқанын, осылайша, қазіргі уақытта олардың жалақысы екі есеге артқанын атап өтті. "Ел президентінің қолдауы арқасында мұғалімдердің жалақысы жыл сайын өсіп келеді. Сонымен қатар олардың жалақысына қосымша төлемдер белгіленді. Бұл – біліктілік санаты, магистр дәрежесі, пәндерді ағылшын тілінде жүргізу, дәптерлерді тексеру, сынып жетекшілігі, жаңартылған мазмұндағы жұмыс және тәлімгерлік үшін қосымша төлемдер. Мұғалімдердің жалақысын көтеру өз нәтижесін беріп жатыр. Педагог мамандығына университеттің үздік түлектері мен "Алтын белгі" иегерлері келе бастады. Бұл болашақта балалардың оқуына оң әсерін тигізед", – дейді Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев. Министрлік дене шынықтыру пәнінің мұғалімдеріне сабақтан тыс қосымша спорт секцияларын өткізгені үшін де қосымша ақы қарастырылғанын айта кетті. Сондай-ақ ведомство биылғы қыркүйек айынан бастап кадр тапшылығы бар өңірлерге тартылған мұғалімдерге лауазымдық жалақысының 150 пайыз мөлшерінде қосымша төлем белгіленіп отырғанын да еске салды."Мұғалімдердің жалақысы білім деңгейіне, біліктілігіне, жұмыс өтіліне, оқу жүктемесіне, магистр дәрежесіне және басқа да қосымша төлемдерге байланысты есептеледі", - деп еске салды министрлік өкілдері.