ҚМДБ өкілдерінің хабарлауынша, электронды темекі – ішінде химиялық қоспасы мен сұйықтығы, арнайы ауыстыратын картриджі бар, өкпеге тыныс алу жолдары арқылы никотин және улы заттарды жеткізетін темекінің жаңа түрі. Діни басқарма өкілдері темекі шегуге қатысты ғалымдар арасында бірнеше көзқарастың барын айтты. Бірқатар ғалымдар темекінің денсаулыққа зиян әрі ысырап екенін алға тартып, темекі шегуді харам деген. "Алла Тағала қасиетті Құранда "Өздеріңді өз қолдарыңмен құрдымға кетірмеңдер...", – дейді. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) "өзіңе де, өзгеге де зиян келтіруге болмайды", – деп ескерткен", – дейді дін өкілдері. Пәтуада Имам Тахтауи ән-Нәжму әл-Ғазидің сөзі келтірілген, онда темекінің түрлі зиянына байланысты харам болып саналатыны айтылған.
"Темекі Дамаск қаласында XV ғасырда пайда бола бастады. Ол мас қылмаса да адамның әлін кетіретіндігі үшін харам болады. Умму Саламадан жеткен риуаятта пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): "Әрбір мас етуші және әлді кетіруші нәрсеге тыйым салды", – делінген.
Ханафи мәзһабының ғалымы шейх Мухаммад әл-Айни төрт нәрсеге байланысты темекі тарту харам болатынын айтады. Олар: Денсаулыққа зияндығы; Есірткінің бір түрі әрі адамның әлін кетіретін нәрсе болғаны; Жағымсыз иісінен темекі шекпейтін адамға зияны тиюі; Ысырапшылдық. Әл-Мәусуғату әл-фиқһия атты кітапта: "Темекі тарту кейбір адамның денсаулығына, ақылына зиян болатыны нақтыланса немесе темекіге жұмсаған қаражатқа өзі және отбасы қатты мұқтаж бола тұра сарп етсе, харам болады", – делінген. Сонымен қатар, дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы және ислам медицина ғылымдары ұйымы ғылыми тұрғыдан электронды темекінің, калянның және басқа да шылымның түрлері адам баласының денсаулығына зиян екенін нақты түрде айтқан. Сондықтан электронды темекіні қолдану харам деп саналады. Себебі электронды темекінің зияны әдеттегі темекіден асып түспесе кем емес. Мысыр, Иордания елінің пәтуа комитеті элетронды темекіге тыйым салған.