Қалдықтар арнасы Мұнайлы ауданының аумағымен өтіп жатыр. Бұл каналмен Ақтаудың тазартылған кәріз суы Қошқар улы көліне құйылуда. Тұрғындар осы судан белгілі бір уақыттарда химиялық жағымсыз иіс шығатынына шағымданды. Гүлсімай Боранбаева жағымсыз иістің әсіресе түнде және таң алдында шығатынын айтады. Сол кезде есік-терезені ашу мүмкін емес екен. Осылай иістен уланғандарына 10 жыл болыпты. Салдарынан отбасы мүшелері түрлі ауруларға шалдыққан.
"Менің балам 12 жаста. Оның далаға шыққысы келмейд. Денесі қышиды, мұрны бітіп қалады, түшкіреді, қолдары жара, экзема болып кетті қазір", - дейді Гүлсім.
Жалғас Оңайбаев 5-6 жылдан бері осы мәселені зерттеп жүр. Айтуынша, каналға кәріз суыннан бөлек, пластикалық құбыр арқылы зиянды заттар төгілуде. Тұрғын құбырлардың түйіскен жерін бұдан 5 жыл бұрын анықтап, экологтарға тексерткен. Нәтижесінде судан және ауадан аммиак анықталды.
Ал каналдың иесі Дәмежан Қойылбекованың айтуынша, қалдықтар арнасы "Каспий-жылу, су арнасы" және "КазАзот" мекемелеріне жалға берілген.
"Қаланың жаман суларын тазалап, канал арқылы Қошқар атаның бетін жабады. Сол "КазАзот" өздеріне қажетсіз суды шығарады. Өйткені өндірісте пайдаланған суларын лақтырады", - дейді Дәмежан Қойылбекова.
Экологтар жуырда тұрғындардың шағымынан соң аталған аумақтан түнгі мезгілде бірнеше рет сынама алған. Нәтижесінде күкірт, аммиак, нитрит сияқты адам ағзасына зиянды заттар анықталды. Енді экологтар аталған 2 кәсіпорынға жоспардан тыс тексеру жүргізбекші. Департамент маманының айтуынша, "КазАзот" мекемесінің канал арқылы су төгуге рұқсаты жоқ. Алайда компания осыдан 2 жыл бұрын заңсыз су жібергені үшін әкімшілік жазаға тартылды. Құбыры алынып, 2 млн теңгедей айыппұл төледі. Сондай-ақ, қоршаған ортаға келтірген залалы үшін мемлекетке 14 млн теңгеге жуық шығын өтелді.