2020 жылғы 2 маусымда Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің халық алдында есеп беру кездесуі өтті. Шара барысында Бейбіт Атамқұлов Министрліктің өткен жылғы қызмет қорытындылары және ағымдағы жылғы негізгі міндеттері туралы баяндады.
Кездесу барысында еліміздің барлық өңірінің тұрғындары үшін сұрақ қоюға мүмкіндік жасалды. Ол үшін Министрліктің ресми ақпараттық ресурстарында сұрақтар мен талап-тілектерге арналған арнайы бөлім ашылды. Оған қоса, қазақстандықтар шараны тікелей эфирден көріп, Call-орталық нөміріне хабарласты.
Шараны ашқан Бейбіт Атамқұлов ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі индустриялық-инновациялық даму, көлік, құрылыс, жер қойнауын пайдалану сияқты салаларда мемлекеттік саясатты қалыптастырып, үйлестірумен айналысатынын, 3 мемлекеттік бағдарлама - «Нұрлы жер», «Нұрлы жол» және Индустриялық-инновациялық даму бағдарламаларын жүзеге асыруға жауапты екенін атап көрсетті.
Еліміздің өнеркәсібі үшін 2019 жыл табысты болды. Жалпы ішкі өнімдегі үлесі 27,5% жетті, оның ішінде өңдеу өнеркәсібі 11,4%. Қазіргі уақытта өнеркәсіп саласында 22 мыңдай кәсіпорын бар және оларда 1 млн.-нан аса адам жұмыс істейді. Өңдеу өнеркәсібі қызметкерлерінің табыс деңгейі соңғы 5 жылда орта есеппен 50% артты. Сала кәсіпорындары 45 трлн. теңгеге өнім өндірді. Өткен жыл қорытындысында нақты көлем индексі 4,4% өсті. Биыл да салада оң серпін байқалады. Алғашқы 4 айда өсім 107% көрсетті. 5 жылда өңдеу өнеркәсібіне 18,7 млрд. АҚШ доллары көлемінде тікелей шетел инвестициясы тартылды. Еңбек өнімділігі 11,7% артты. Өңделген өнім экспорты 73,2 млрд. АҚШ долларына жетті.
Жыл сайын Индустрияландыру картасы шеңберінде жобалар іске қосылады. 2015-2019 жылдары 5,2 трлн. теңгеге 556 жоба енгізілді, 85 мың тұрақты жұмыс орны құрылды. 2020 жылы 17 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны құрылып, 1,1 трлн. теңгеге 160 жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Индустрияландыру жылдары өңдеуші өнеркәсіптің әр саласын дамытуда айтарлықтай өзгерістер болды. Жеңіл өнеркәсіпте шағын және орта бизнесті нақты ынталандыра отырып, сала қайта жандандырылды. Қазір елімізде маталар, кілемдер, балалар және ересектер киімі, шұлық-ұйық өнімдері, аяқ киім, бас киім және тағы басқалар өндіріледі. Және олар сапасы жағынан импорттық өнімнен асып түспесе, кем емес. 1 мыңнан астам компания жұмыс істейді және оларда 17900 адам еңбек етеді.
Химия өнеркәсібінде берік іргетас қаланды. Сала кәсіпорындарын қалпына келтіру және жаңғырту, сондай-ақ Индустрияландыру картасы шеңберінде жаңа инвестициялық жобаларды енгізу есебінен шығарылатын өнім ассортименті кеңейді. Бұрын өндірілмеген өнімдер - каустикалық сода, натрий гипохлориті, жуғыш заттар, лак-бояу материалдарының жаңа түрлері, жарылғыш заттар, агрохимия құралдары және тағы да басқалар шығарыла бастады.
Машина жасау бойынша ең серпінді дамып келе жатқаны - автомобиль жасау саласы. 2019 жылы 50 мыңнан астам автомобиль өндірілді. Биыл 4 айдың қорытындысында 23 мыңнан астам автомобиль шығарылды. Ағымдағы жылы Алматыда орналасқан, қуаты жылына 30 мың көлік шығаратын «HyundaiTransKazakhstan» ЖШС кәсіпорнында жеңіл автомобильдер шығаратын өндіріс іске қосылады.
2020 жылы үшінші бесжылдықты іске асыру басталды. Екі бесжылдықтың тәжірибесін ескере отырып, бағдарламада негізгі жаңа тәсілдер көзделген. Біріншіден ішкі нарықты сапалы өніммен қамтамасыз етуге және экспортқа шығуға бағытталған өңдеуші сектордың тиімді кәсіпорындарына баса назар аударылды. Екіншіден салалық қағидаттан орта және жоғары технологиялық күрделіктегі нақты басым тауарларды шығаруға көшу көзделеді. Үшіншіден бизнестің қарсы міндеттемелері мен жауапкершілігі анықталды. Төртіншіден құнды құрудың жаһандық тізбегіне белсенді кірістіру жоспарлануда. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес биыл индустриялық бағдарламаны өзектендіру бойынша жұмыс жүргізіледі. Сондай-ақ, жыл соңына дейін «Өнеркәсіптік саясат туралы» заңының жобасына тұжырымдама жобасы әзірленеді.
Коронавирус пандемиясына байланысты төтенше жағдай кезінде көптеген компаниялардың, кәсіпорындар мен ұйымдардың қызметін қайта қарауға тура келді. Қорғау құралдарына ішкі қажеттілікті қамтамасыз ету мақсатында өңдеуші өнеркәсіптің кейбір салаларының қызметі қайта бағдарланды. Мысалы, этил спиртін өндірушілер дезинфекциялау құралдарын өндіруге қайта бағытталып, соның арқасында өндірістің тәуліктік көлемі - 170 мың литрге жетті. Тігін өнімдерін өндірушілер медициналық маскалар өндірісін жолға қойып, өнім көлемін тәулігіне 200 мың данадан тәулігіне 1 млн. данаға дейін 5 есеге ұлғайтты. Сондай-ақ тұрмыстық химия, оның ішінде үйге арналған тазалау және жуу құралдары шығарыла бастады.
Экономикалық өсуді қалпына келтіру мақсатында Үкімет 2020 жылдың соңына дейін кешенді жоспар қабылдады. Онда өңдеуші өнеркәсіп кәсіпорындарын қолдау үшін бірқатар іс-шаралар көзделген. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында 219 млрд. теңге сомасына 268 жоба мақұлданды. Басым жобаларды қаржыландыру үшін аталған бағдарламамен қаржыландырудың жалпы көлемі 400 млрд. теңгеге ұлғайып, 1 трлн. теңгеге дейін жеткізілді. Жалпы, индустриялық даму шеңберінде қойылған барлық міндеттер орындалуда.
Жер қойнауын пайдалану саласында 2017 жылдың соңында «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» ҚР жаңа Кодексі қабылданды. Бүгінгі таңда қатты пайдалы қазбаларды барлауға жер қойнауын пайдалану құқығын беру үшін ауданы 650 мың шаршы километр болатын 300 мыңнан астам блок қойылды. Өткен жыл қорытындысы бойынша жер қойнауын пайдалануға 68 келісімшарт жасалды. Жалпы қазір 554 келісімшарт жұмыс істейді.
Көлік саласының негізгі міндеті – елдің транзиттік әлеуетін іске асыру үшін ұлттық көлік жүйесін әлемдік көлік желісіне интеграциялау.
Сала қарқынды дамып келе жатыр. Бес жыл бұрын 2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық дамудың бірінші кешенді мемлекеттік бағдарламасы іске қосылды. Өткен жыл қорытындысы бойынша көлік секторы өсудің оң динамикасын көрсетті. Көлік қызметтерінің көлемі 5,1%, транзиттік тасымалдар көлемі 27,6% өсті. Көлік инфрақұрылымын бұдан әрі дамыту бойынша жаңа міндеттерді іске асыру үшін 2019 жылдың желтоқсан айында Үкімет 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлыжол» мемлекеттік бағдарламасын бекітті.
Алдағы 6 жылда 10 мың км автожол салу және реконструкциялау, 11 мың км республикалық жолды күрделі және орташа жөндеу жоспарланып отыр. Жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы республикалық жолдар үлесін 100%, I және II техникалық санаттағы жолдар ұзақтығын 60%, ақылы жолдар үлесін 45% жеткізу, жол бойындағы сервис объектілерімен 100% қамтамасыз ету міндеті тұр. Темір жол транзитін 49%, 18 млн.-нан 26,9 млн. тоннаға дейін ұлғайту жоспарланған. Контейнерлік транзит 2 есе артып, 2025 жылы 1,6 млн. контейнерге жеткізіледі. Жолаушыларды тасымалдау 35% артып, жылына 8,1 млн.-нан 11 млн. адамға дейін артады. Барлық белгіленген жобаларды іске асыру 550 мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Нәтижесінде саладағы еңбек өнімділігі 20%, ал инвестиция көлемі 3 есеге артады.
2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасының маңызды міндеті - жергілікті жол желісі сапасын арттыру және үйге дейінгі жолдарды қамтамасыз ету. Жергілікті желінің жалпы ұзындығы - 70,9 мың шақырым. Оны қаржыландыруға жыл сайын нысаналы трансферттер бөлу арқылы Министрлік пен жергілікті атқарушы органдар арасындағы тепе-теңдік тәсілі қолданылады. Биыл жөндеу жұмыстарымен 4 мың км қамтылды. 30 мың адам еңбекке тартылады. Жыл соңына дейін жергілікті желі жолдарының 75% жақсы және қанағаттанарлық жағдайға келтіріледі. 2025 жылға қарай жергілікті желінің 27 мың км автожолды жөндеу жоспарланып отыр. Бұл өз кезегінде облыстық және аудандық маңызы бар жолдардың 95% жақсы және қанағаттанарлық жағдайға жеткізуге мүмкіндік береді.
Азаматтық авиация саласында өткен жыл қорытындысы бойынша 8,6 млн. астам жолаушы тасымалданды, бұл 2018 жылдың сәйкес көрсеткішінен 9% көп. Ел әуежайларында 17,7 млн. жолаушыға қызмет көрсетілді. Соңғы 7 жылда транзиттік жолаушылар ағыны 45 есе артты. Былтыр бұл көрсеткіш 1 млн. транзиттік жолаушыға дейін өсті. Әуе көлігі инфрақұрылымын дамыту шеңберінде өткен жылы Қостанай және Балқаш қалалары әуежайларындағы ұшу қону жолақтары реконструкцияланды. 2019 жылдың 1 мамырында «Fly Arystan» алғашқы отандық төмен бюджетті тасымалдаушы іске қосылды. 2019 жылдың қарашасынан Қазақстанның 11 әуежайына «ашық аспан» режимі енгізілді, оның шеңберінде 14 жаңа халықаралық әуе бағытын ашу жоспарланды. Соңғы 3 жылда отандық және шетелдік әуе тасымалдаушылар 19 жаңа бағыт ашты. Коронавирус пандемиясы кезінде азаматтық авиация саласы экономиканың қатты зардап шеккен секторларының біріне айналды. Сондықтан Үкімет отандық әуе компаниялары мен әуежайлардың залалдарын қысқарту мақсатында салықтық жеңілдіктер бойынша мемлекеттік қолдау шараларын қабылдады. Биылғы 4 айда тасымалданған жолаушылар саны 1,7 млн. жолаушыны құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 23% аз. Қызмет көрсетілген жолаушылар саны - 3,3 млн., ал транзиттік жолаушылар саны 120 мың адамды құрады. Коронавирус пандемиясына байланысты жағдай жақсарғаннан кейін Министрлік жаңа халықаралық әуе бағыттарын жаңарту және ашу жұмыстарын қолға алады. Әуе көлігі инфрақұрылымын дамыту бойынша биыл Түркістандағы жаңа халықаралық әуежай іске қосылады. Өскемен қаласы әуежайының ұшу-қону жолағын реконструкциялау басталды.
Шымкенттегі әуежайдың жаңа терминалының құрылысы және Орал қаласы әуежайының аэровокзал кешенін жаңғырту жалғасады. Ішкі туризмді дамыту шеңберінде қаржыландыру бөлінген жағдайда Үржар және Үшарал қалаларындағы әуежайлардың тағы да екі ұшу-қону жолағын жаңарту басталады.
Халықтың өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасы іске асырылуда. Соңғы 3 жылда бағдарлама шеңберінде 36,8 млн. шаршы метр тұрғын үй немесе 330 мыңнан астам тұрғын үй салынды. Бір тұрғынға тұрғын үйді іске қосу көрсеткіші 0,71 шаршы метрге жетті. Бұл ТМД елдері (Ресей - 0,54 шаршы метр, Беларусь - 0,43 шаршы метр, Өзбекстан - 0,42 шаршы метр) арасындағы ең жоғары көрсеткіш және дамыған елдер деңгейіне жақын. Былтыр 13,1 млн. шаршы метр жаңа тұрғын үй салынып, 116 мың отбасы баспана жағдайын жақсартты. Әлеуметтік осал жағдайдағы 11 мың отбасын және мегаполис-қалаларда жұмыс істейтін 3 мың жас әлеуметтік жалға берілетін тұрғын үймен қамтамасыз етілді. 10 мыңға жуық отбасы қолжетімді бағамен әлеуметтік несиелік тұрғын үй сатып алды. «Бақытты отбасы» бағдарламасымен 5 мың отбасы тұрғын үй алды. Бұлар - көпбалалы, толық емес отбасылар және мүгедек балалары бар отбасылар. Биыл бұл бағыттарды іске асыру жалғасады. 15 млн. шаршы метр тұрғын үй салу (150 мың тұрғын үй) және 39 мыңнан астам отбасын мемлекеттік қолдаумен қамтуды жоспарлануда.
Жыл басынан бері ауданы 3,1 млн. шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл - шамамен 25 мың тұрғын үй. Биыл Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша кезекте тұрғандардың баспана мәселесін шешу үшін «Шаңырақ» пилоттық жобасы іске қосылады. Оған 390 млрд. теңге бөлінеді. Оның 180 млрд. теңгесі өңірлерде 15 мың кредиттік тұрғын үй салуға жұмсалады. 210 млрд. теңге «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» арқылы кезекте тұрғандарға «5-10-20» бағдарламасымен бастапқы тұрғын үй сатып алуға бағытталады.
Құрылыс кешенін қолдау үшін отандық құрылыс индустриясын дамыт шаралары қабылданады. Бүгінгі таңда тұрғын үй және өндірістік ғимараттар, әлеуметтік объектілер, инфрақұрылым салу кезінде негізгі материалдардың құрылыс өнімдеріне нарық қажеттілігі 934 млрд. теңгені құрайды. Отандық кәсіпорындар 586 млрд. теңгеге құрылыс материалдарын өндірсе, 348 млрд. теңгеге импортталады. Импорт алмастыру үшін 33 жаңа жоба қолға алынды, оның ішінде 27 жоба 2020 жылы іске қосылады. Нәтижесінде импорт үлесі 25% азайып, тұрғын үй құрылысында қазақстандық үлесті 90% дейін арттыру жоспарланып отыр. Халық үшін ең бастысы - өмір сүрудің қолайлы жағдайы және сапалы коммуналдық қызметтер алу. Халықтың сапалы ауыз суға қол жеткізуін қамтамасыз ету үшін қалалар мен ауылдарда 111 млрд. теңгеге 315 жоба жүзеге асырылуда.
Негізгі баяндамадан кейін Министр онлайн режимде халықтан келіп түскен сұрақтарға жауап берді. Барлығы 21 сұрақ келіп түсті және олар негізінен тұрғын үй және жол құрылысы, көлік, жер қойнауын пайдалану сияқты салаларға байланысты болды.
Сондай-ақ, халық алдында есеп беру кездесуі аяқталған соң министр Бейбіт Атамқұлов баспасөз мәслихатын өткізіп, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінен келіп түскен сұрақтарға жауап берді.