"Соғысқа жол жоқ, біз бейбітшілікті таңдаймыз!" Дәл осындай желеумен КешYou тобы украин тілінде ән шырқап, соғыстың ортасында қалған халыққа қолдау білдірді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Баян Мақсатқызының ең танымал жобасы бүгін 17 жасқа толды. Осы жылдар ішінде құрамы бірнеше рет ауысқан топ бұрынғыдай белсенді емес. Десе де, бүгінгі айтулы датаны продюсерлер ерекше атап өтуді қалаған.Тек бұл жолы ауқымды концерт, етегі жерге дейін төгілген көйлектер мен голиивудтық жұлдыздардың образы жоқ. Гелзбенд қыздары қарапайым ғана образбен украин әншісі Тина Карольдің әнін орындап шықты.
"Украин халқының тағдыры көзі ашық, көкірегі ояу жанды бей-жай қалдырмасы анық. Продюсерлеріміз @bayanmaxatkyzy мен @bagym_m бас болып, жапа шеккен халыққа қолдау ретінде Тина Карольдің әнін орындап шықтық. Тыңдап, бағасын беріңіздер", - деп бөлісті КешYou тобы желіде.
Аталған әннің орындаушысы Тина Кароль қыздардың өнеріне: "Өте талантты", - деп бағасын берді.
Тыңдармандар тобы Баян Алагөзованың бастамасын қолдады. Олар қасиетті Рамазан айында соғыстың аяқталуын тіледі.
"Бүкіл әлемде бейбітшілік болсыншы. Аллам, осы қасиетті айда тілегімізді қабыл ете гөр", "Украина жасасын", "Біз бейбітшілікті қалаймыз, соғысқа жол жоқ", "Керемет жұмыс", - деп пікір білдірді желі қолданушылары.