ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен ҚР Үкіметінің отырысында елдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай туралы мәселе қаралды. ҚР денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният «Омикрон» жаңа штаммымен күресу шаралары туралы баяндады, деп хабарлайды kazlenta.kz.
Министр атап өткендей, дүние жүзін дүрбелеңге салған короновирустың «Омикрон» түрі еліміздің эпидемиологиялық жағдайын ушықтырды.
Қазақстанда «Омикрон» түрі тез таралып, бүгінгі күні Түркістан облысын қоспағанда еліміз бен өңірлер қызыл аймақта орналасты.
Елдегі эпидемиологиялық көрсеткіштер короновирустың «Омикрон» түрінің таралуын растап отыр.
«Мәселен, соңғы айда коронавирус инфекциясымен ауыру 19,6 есе, репродуктивтік сан 2,1 есе өсті, COVID-19-ға тестілеудің тәуліктік көлемі 3,5 есе ұлғайды және тәулігіне 50 мың тест жасалуда», — деді А. Ғиният.
Сонымен қатар, оның айтуынша, ауру көбейсе де, соңғы айда өлім-жітім аз, 2,3 есе төмендеді. Ковидтік стационарларда ем алатын пациенттердің саны 2 есеге, амбулаториялық деңгейде аурулардың саны 5 есеге артты.
«Елімізде COVID-19-бен тәуліктік сырқаттанушылықтың 60%-дан астамы үш аймақта тіркеліп отыр. Нұр-Сұлтан қаласында ауру 32 есе өсіп, бұл ретте тестілеу деңгейі ел бойынша ең жоғары және тәулігіне 10 мыңнан астам тестті құрап отыр», — деді А. Ғиният.
Бірақ халықты вакциналау қарқыны 1,5 есе және ревакциналау қарқыны 4 есе төмен. Алматы қаласында SARS-CoV2 ауруы 8 есе өсті, тестілеу деңгейі қалпына келтіріліп, ағымдағы жылғы қаңтардан бастап 3,5 есеге артты. Вакциналау қарқыны 1,6 есе және ревакциналау қарқыны 3 есе төмендеп отыр. Қарағанды облысында сырқаттанушылық 9 есе өсті, ал вакциналау қарқыны 3 және ревакциналау қарқыны 3,5 есе төмендеді. Бүгін елімізде барлығы 21 мың инфекциялық төсек-орын ашылды, оның 33%-ы аурулармен қамтылған, реанимациялық төсек-орын 2 мыңнан астам, оның 16%-ы қамтылған», — деді А. Ғиният.
Өткен аптаның соңында Нұр-Сұлтан қаласы мен Қарағанды облысының жергілікті атқарушы органдары басшылығының қатысуымен аурудың өсуіне дайындықты бағалау және қабылданатын шаралар бойынша республикалық штабтар өткізіліп, ұсынымдар берілді. Әрбір өңірмен жұмыс жалғастырылатын болады.
«Бүгін елімізде барлығы 21 мың инфекциялық төсек-орын ашылды, оның 33%-ы аурулармен қамтылған, реанимациялық төсек-орын 2 мыңнан астам, оның 16%-ы қамтылған», — деді А. Ғиният.
Резервте 30 мың инфекциялық және 3 мың реанимациялық орын бар. Министрдің сөзінше, өңірлер бойынша стационарлық көмек ұйымдастыру мәселесі тұрақты бақылауға алынған.
Коронавирустың «Омикрон» штамымен ауыру көп жағдайда жеңіл және симптомсыз түрде өтеді, қысқа 2 күндік жұғу кезеңмен сипатталуда, аурудың еселеп көбеюі де содан. Аурудың алғашқы белгілері тұмау мен жедел респираторлық аурулардағы сияқты «суық тию» көрінісі, яғни қызу, әлсіздік, бас ауруы, жөтел болып табылады.
Бүгінгі жағдай бойынша аурулардың 80%-ы, яғни 78 629 ауру амбулаториялық ем алуда.
«Соңғы аптада анықталған жағдайлардың ішінде ауруханаға жатқызылған адамдардың үлес салмағы 19% құрайды, стационарға аурудың орташа және ауыр дәрежесімен ауыратын пациенттер түсуде», — деді А. Ғиният.
Бұл ретте, емдеуге жатқызылған адамдардың ішінде ауыр және өте ауыр пациенттердің үлесі 5% құрайды. Амбулаториялық науқастардың санының өсуін ескере отырып, Денсаулық сақтау министрлігі өңірлердің жергілікті атқарушы органдарымен бірлесіп, медициналық-санитариялық алғашқы көмек (МСАК) деңгейінде уақтылы медициналық көмекті нығайту және ұйымдастыру бойынша шаралар қабылдауда.
3054 мобильді дәрігерлік бригада жұмыс істейді, резервте 1622 бригада бар. КВИ-мен ауыратын науқастарды амбулаториялық емдеуге учаскелік медицина қызметкерлері кеңінен тартылуда. Шұғыл медициналық көмекті 1486 жедел медициналық жәрдем бригадасы көрсетеді, резервте 150-і бар. Қазір КВИ кезінде медициналық көмек көрсетуге барлығы 40 мыңға жуық медицина қызметкері тартылған, резервте – 4 556 медициналық қызметкер бар, оның ішінде 1217-і – дәрігер.
«Медициналық-санитариялық алғашқы көмек (МСАК) ұйымдары қызметкерлерінің жұмысын ынталандыру мақсатында мобильді бригадалардың қайта шығуын, Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру арқылы үйдегі стационарларды кеңейту және белсенді ашуға қосымша ақы төлеу бойынша шаралар қабылданды», — деді А. Ғиният.
Сонымен қатар, министрдің айтуынша, кешенді жан басына шаққандағы нормативтен консультациялық-диагностикалық қызметтер тізбесіне 5 қызметті енгізу мәселесі қарастырылуда, бұл өз кезегінде МСАК қаражатының көлемін ұлғайтуға және босаған қаржы қаражатын қызметкерлерге қызмет көрсету аймағын кеңейту үшін қосымша ақы төлеуге, оның ішінде вакциналау жүргізуге, сондай-ақ сырқаттанушылықтың өсуі кезеңінде персоналдың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жұмсауға мүмкіндік береді.
«Сондай-ақ, учаскелік медицина қызметкерлеріне КВИ ауруларын үйде емдеген үшін 3 базалық лауазымдық жалақы мөлшерінде қосымша ақы көзделген», — деді А. Ғиният.
Сонымен қатар, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың қорларын құру жөнінде шаралар басты қадағалауда.
Бірінші, бірыңғай дистрибьютордың қоймаларында 60 мың пациент үшін дәрілік заттың 38 атауы бойынша 2 айлық толықтырылатын қор бар.
Екінші, медициналық ұйымдарда 7 млрд теңгеге дәрілік заттың 91 атауы бойынша 1 айлық қор қамтамасыз етілді.
Үшінші, амбулаториялық деңгейде коронавирус инфекциясымен ауыратын пациенттер 5 дәрілік препаратпен қамтамасыз етіледі 500 мың пациентті емдеу үшін препараттар қарастырылған.
Төртінші, бірыңғай дистрибьютордың қоймаларында бөлшек сауда желісінің интервенциясы үшін қажет болған жағдайда жалпы сомасы 1,8 млрд теңгеге 26 дәрілік зат бойынша 2 айлық қор жасалды.
Елімізде халықты вакциналау жалғасуда.
«Бүгінгі күні вакцинаның 1-компонентін 9,5 млн астам адам алды, егілуге тиісті ересек тұрғындардың 79,6%-ы қамтылды, екінші компонентімен 8,8 млн астам адам егілді, егілуге тиісті ересек тұрғындардың 75,8%-ы құрады», — деді А. Ғиният.
Барлық халық санының ішінде вакцинаның бірінші компонентімен қамту 50%, екінші компонентімен қамту 46,5% құрады. Сонымен қатар, министрдің айтуынша, егілуге тиісті халықты вакцинамен қамту өңірлер бойынша әр түрлі деңгейде. Еліміздің үш өңірінде – ШҚО, Жамбыл, Түркістан облыстарында егілуге тиісті халықтың 100%-дан астамы вакцинаның бірінші компонентімен қамтылған. Еліміздің төрт өңірінде – Шымкент, Алматы қалаларында, Қызылорда облысында, Солтүстік Қазақстан және Алматы облыстарында вакцинамен егілуге тиісті халықтың 75%-дан астамы қамтылған. Жеті өңірде вакциналаумен қамту 60%-дан 72%-ға дейін. Маңғыстау және Қостанай облыстарында вакциналаумен қамту деңгейі 60%-дан төмен.
Республика бойынша ревакциналауға жататын халықты қамту 26,8% құрап отыр, 800 мыңнан астам адам егілді. Үш өңірде: Атырау, Түркістан облыстарында және Нұр-Сұлтан қаласында қамтылу деңгейі ең төмен, 13%-дан 17,0%-ға дейін.
«Барлық өңірлерде вакциналау мен ревакциналау қарқынын арттыру қажет – бұл бүгінгі күні ауруханаға түсудің, коронавирус инфекциясынан болатын ауыр ауру ағымы мен өлімнің алдын алудың жалғыз тәсілі», — деді А. Ғиният.
Министр халықтың барлық топтары вакциналаудың бастапқы курсы аяқталғаннан кейін 6 ай өткен соң ревакциналауға жататынын тағы еске салды. Бірінші жартыжылдықта 8 млн жуық адам қайта вакциналауға жатады. Қазіргі уақытта халықтың барлық топтарын ревакциналау вакцинаның Синофарм және Казвак деген екі түрімен жүргізілуде, 60 жастан асқан адамдар, жүкті әйелдер мен медицина қызметкерлері үшін «Пфайзер» Комирнати вакцинасы қолданылуда.
«Министрлік ревакциналау үшін Казвак, Синофарм және («Пфайзер») Комирнати вакциналарын қосымша сатып алуды жоспарлап отыр, сондай-ақ қаңтар айының соңына дейін Спутник Лайт вакцинасының 150 мың дозасы жеткізілетін болады», — деді А. Ғиният.
Оның айтуынша, эпидемиологиялық жағдайдың күрделілігін, «Омикрон» түрінің тез көбеюін ескере отырып, мынадай шектеу шаралары күшейтілді:
- ҚР Мемлекеттік шекарасын кесіп өту пункттерінде вакциналау мәртебесіне қарамастан, шетелден келгендердің барлығына міндетті түрде теріс ПТР-тесттің болуын талап ету енгізілді;
- «Ashyq» бойынша «жасыл» мәртебе болған жағдайда ғана қызметіне рұқсат етілген объектілердің тізбесі кеңейтілді;
- өңірлердегі эпидемиологиялық ахуалға байланысты оқушыларды, студенттерді оқытуға сараланған тәсіл қолданылады;
«Шектеу шараларын енгізу әрбір нақты өңірдегі эпидемиологиялық ахуалға байланысты сараланып жүзеге асырылатынын атап айтқым келеді», — деді А. Ғиният.
Министр «Омикрон» түрінің клиникасы, жіті респираторлық вирустық инфекция (ЖРВИ) және тұмау белгілеріне ұқсастығын ескере отырып, отандастарды медициналық көмекке уақтылы жүгінуге шақырды.
«ЖРВИ белгілері пайда болған кезде үйде оқшаулануға, дәрігерді немесе мобильді бригаданы үйге шақыруды сұраймын. Естеріңізге сала кетейін, «Омикрон» түрі өте жұқпалы, тез таралады, бірақ емханаға уақтылы жүгінген кезде емдеуге болады», — деді А. Ғиният.