ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушы Жандос Бүркітбаев санитарлық-эпидемиологиялық жағдай туралы баяндама жасады, деп хабарлайды kazlenta.kz.
Әлемде сырқаттану деңгейі өсуде, оның ішінде соңғы айда ауру Еуропада 11% өскен, Тынық мұхиты өңірінде және Африкада 10% құрады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректері бойынша Еуропада соңғы екі аптада 54 елдің ішінде 18-інде сырқаттанушылық өскен, оның ішінде Испанияда, Италияда – 97%, Данияда – 89%, Ұлыбританияда, Португалияда – 69%, Францияда –39% өскен.
«Қазақстанда соңғы екі аптада аурушаңдық 32% төмендеді. Қазақстан Республикасында коронавирус инфекциясы бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Күн сайын орта есеппен оң ПТР тестімен коронавирус инфекциясының 500 жуық және теріс ПТР тестімен 50 жуық жағдайы тіркеледі», — деді Ж. Бүркітбаев.
Эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасына сәйкес бүгінгі күні 15 өңір және Қазақстан Республикасы «жасыл аймақта» орналасқан. 2 өңір – Солтүстік Қазақстан облысы және Нұр-Сұлтан қаласы «сары аймақта». «Қызыл аймақта» тұрған өңір жоқ. Репродуктивті сан – 0,95 құрайды. Қыркүйек айынан бастап емделіп шыққан адамдардың саны науқастардан 30% артқан.
Республикада халықты КВИ-ге қарсы вакциналау жалғасуда. Бүгінгі күні бірінші компонентпен егілуге тиісті халықтың 78,6% егілді, екінші компонентпен 74,4% егілді.
Эпидемиологиялық жағдайға әсер ететін жағымсыз факторлардың бірі – әлемде «Омикрон» штамының жылдам таралуы. 30 қарашадағы жағдай бойынша «Омикрон» 16 елде анықталса, бүгінгі күні ауру әлемнің 110 елінде анықталды. Омикронның таралу коэффициенті жоғары, ол 1:5 тең, қайта жұқтыру қаупі өте жоғары. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының болжамы бойынша ауру бірнеше ай ішінде бүкіл әлемге таралады.
«Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректері бойынша COVID-19-ға қарсы вакцина салу шарасы тиімділігін көрсетті. Сонымен қатар бірқатар шетелдік зерттеулердің нәтижесіне сәйкес екпе алған адамдарда инфекциядан қорғау 6 айдан кейін орта есеппен 1,8 есе төмендейді. Қазіргі уақытта КВИ бойынша тұрақты эпидемиологиялық жағдайды сақтау өте маңызды», — деді денсаулық сақтау министрінің м. а.
Ж. Бүркітбаев осыған байланысты жергілікті атқарушы органдар халыққа вакцинация жүргізуді күшейтіп, жаппай ревакцинация жүргізуді тездетуі қажет екенін айтты. Қазіргі таңда 9,2 млн адам ревакцинация жасатуы тиіс, оның ішінде 400 мыңнан астам адам ревакцинациядан өткен.
Бұдан басқа, сауда-ойын-сауық орталықтарына, сауда үйлеріне; спорт орталықтары мен фитнес-орталықтарға, йога-орталықтарына; караоке; бассейн; сауналарға, моншаларға; «Қазпошта» бөлімшелеріне; Халыққа қызмет көрсету орталықтарына «Ashyq» қосымшасымен жасыл статусы бар адамдардың кіруіне рұқсат беру жөнінде қосымша профилактика шараларын енгізу ұсынылады. Осы норманы 2022 жылдың 5 қаңтарынан бастап енгізу ұсынылады.