Дамыған елдер цифрлы жүйелерді қолдану арқылы экономикалық өсімді 80-85 пайызға арттырып отыр. IТ-технологияны өндіріске енгізу шығындарды 20 пайызға азайтады. Қазақстандық фермерлер де GPS-жүйелері, мобильді қосымшалар, жоғары технологиялы датчиктер, алгоритмдер, спутниктік бақылау сияқты технологияларды кеңінен қолданысқа енгізуі қажет. Биыл облысымызда ауылшарушылығына «Ақылды технологияларды» енгізу жұмысы қолға алынды, деп хабарлайды kazlenta.kz.
Қазір аграрлық саланы жандандыру мақсатында аталған бағдарламаны негізге алып, «Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» аясында ауқымды іс-шара жүзеге асырыла бастады. Бірінші кезекте әлемдік нарықта экспортқа бағытталған, бәсекеге қабілетті, сапалы өнім көлемін молайту, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеті тұр. Ол үшін әрине ауылшарушылығын автоматтандыру керек. Өйткені цифрландыру жүйесі аталмыш саланы дамытудың негізі болып табылады.
Бүгінде облыс әкімдігі ғылыми-зерттеу институттарымен бірлесе отырып, ауыл шаруашылығы саласындағы еңбек өнімділігін айтарлықтай арттыру мақсатында әлемдік тәжірибені енгізу бойынша жетекші отандық әзірлемелер мен ғылыми институттардың жаңа технологияларын енгізу жұмыстарын жүргізуде. Ең алдымен ауыл шаруашылығы дақылдарының тұқымын өндіруде белсенді еңбек етуде. Айталық, бүгінде облыста сортты тұқым өндірумен 30 аттестатталған шаруашылық субъектісі жұмыс істейді, оның ішінде 12 бірегей, 23 элиталық, 12 жоғары репродукциялы тұқым өндіруші қызметін жүзеге асырады. Олардың арасында 4 шаруашылық масақты - дәнді дақылдар, 3 шаруашылық майбұршақ, 1 шаруашылық күріш, 11 шаруашылық жүгері, 2 шаруашылық қант қызылшасының элиталық тұқымдарын және 8 шаруашылық жеміс-жидек дақылдары мен жүзімнің көпжылдық екпелерінің көшеттерін, ал қалған шаруашылықтар бірінші, екінші және үшінші репродукциялы тұқымдарды өндірумен шұғылдануда.
Малдың тұқымын асылдандыру және мал өнімдерін қайта өңдеу ісін өз деңгейінде жүзеге асыру үшін қазір жүз жылдық тарихы бар «Бауман» атты неміс компаниясымен жұмыс жасап, «Жетісуқой» атты бірлескен кәсіпорын ашылды. Оларға жер телімін бөліп, инфрақұрылым жүргізілді. Жоба аяқталуға жақын, сараптамадан өткен соң жұмыс басталады. Ол арқылы шикізатты емес, өндірілген өнімді Қазақстан атынан экспортқа шығаруға жол ашылады. Өкінішке орай, облыста ет мол өңделеді, бірақ шетелге шығару талабына сай келмейді. Осы бағытта да «Бауман» компаниясының тәжірибесін меңгеру қажеттігі туындап тұр. Сондай-ақ, балық өңдеу мақсатында «Арна» индустриялық аймағында 67 млн. теңгелік зауыт құрылысын басталды. Онда өндірілген өнімнің 50 пайызы экспортталатын болады. Бұдан басқа да осы сынды бірқатар жобалар жүзеге асуда. Бүгінгі таңда облыстағы егін мен мал және құс шаруашылығын цифрландыру бағытында қырқынды жұмыс жүргізілуде.
Сүтті бағытта мал шаруашылығмен айналысып отырған «Амиран» ЖШС Америка-Германия технологиясы бойынша Қазақстанда салынған алғашқы кешен. Сондай-ақ, американдық «Baumatic» компаниясына «Параллель» сүт қондырғысы, «Алматы» АШӨК-нің сүт фермасы Германияның, «Адал» АШӨК АҚ-ның сүт фермасында тиімділігі жоғары және жетілдірілген озық технологиялық сүт сауатын «Мilkline 24*24=48», «Каримов» ЖК мен «Байсерке Агро» ЖШС сүт фермасы және Табыс» ШҚ сүт кешеніндегі асыл тұқымды сиырлар Швециялық «Деловал» фирмасының сүт сауатын роботтық қондырғылары арқылы автоматты түрде сауылуда. Бұл өз кезегінде сүтті бағыттағы мал түлігінен алынатын шикізаттың сапасын сақтау мен экологиялық тазалығына қол жеткізуге мүмкіндік беруде. Етті мал шаруашылығы бағытында «Арқарлы Майбүйрек» ЖШС-гі 2014 жылы Австралия мемлекетінен 5615 бас ангус және герефорд асыл тұқымды ірі қара мал басын әкеліп, қазіргі таңда 15433 басқа көбейді. Заман талабына сай күн сәулесін пайдалану арқылы электрленген қоршау ішіндегі малдар еркін жайылып, үнемі бақылауда. «Алипов» ШҚ-да ірі қара малын «Электр қоршау» арқылы жайылымда бағу тәсілін пайдалануда. Бұл мал жайылымын тиімді пайдаланып, көлемі аз жерден құны төмен және сапасы жоғары мал азығын дайындауға мүмкіндік береді.
Егіс алқаптарын цифрлы технологияға көшіру бағытында «Амиран» ЖШС-де Американдық «Зиматик» жаңбырлатқыш жүйесі, «Баймене» ЖШС-де Израиль мемлекетінің «Мастер Пласт» компаниясының технологиясымен жабдықталған тамшылатып суғару әдісі қолданылуда. Жылыжай бағытын дамыту мақсатында «Грин Эко» ЖШС 1,3 гектар алқапқа өндірістік типтегі, жаңа Дат технологиясымен гидропоникалық, компьютерлік жүйемен басқарылатын жылыжай кешенін құрды. Қант қызылшасының жиын-терін жұмыстары «Франц-Кляйн» комбайндары арқылы жүргізілуде. Облысымызда аталмыш комбайндардың 14 данасы тіркелген. Осы комбайндардың адам күшін алмастыруына байланысты еңбек өнімділігі 6 есеге өсті.
Дәнді, бұршақ, жүгері дақылдарын егетін «Оптима» және «Моносем NG+» маркалы 13 дана нақты себу сепкіші, жиын-терін жұмысын жүргізуде аймақта жоғары технологиялық 380 дана «Джон-дир», «Кейс», «Нью-холланд», «Сампо» маркалы комбайндар тіркелген. Осы техникалар астық дәндерін жоғалтуды 12 пайызға қысқартты. "Алатау агро Инвест" ЖШС, "Tengry Project Development" ЖШС, "Тулеметов" ШҚ, "Жеңіс и Партнеры" ЖШС Израиль технологиясымен бақ өсірумен айналысуда. Онда судың, минералды тыңайтқыштардың қажеттілігін, мөлшерін өз мерзіміне сай қамтамасыз етіп отыратын компьютерленген жүйе орнатылған. Ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау мақсатындағы жұмыс жүргізетін «Фреш Фруд Казахстан» ЖШС-де 6000 тонналық көкөніс-жеміс сақтайтын қойма немістің ең жаңа «Платен Хард» технологиясымен жабдықталған.
Бүгінде жылыжай көкөніс шаруашылығында компьютерлік гидропоника жүйесімен басқарылатын «Дат» технологиясы қолданылады, ол судың, минералды тыңайтқыштардың, пісу мерзіміне сәйкес келетін ауа ылғалдылығының қажетті мөлшерін көрсетеді. Облыста ауданы 24,3 гектар немесе жалпы көлемі 25 пайызын құрайтын 6 заманауи автоматтандырылған жылыжай кешені жұмыс істейді.
Осындай жетістіктердің нәтижесінде, облыс ел бойынша қант қазылшасы, майбұршақ, жүгері, көкөніс, картоп, ет, жұмыртқа, жүн өндіруде алдыңғы қатардан көрінсе, жүзім мен сүт өндіруде екінші орын алып, ауыл мен мал шаруашылғы саласындағы бәсіміз биіктей түсті.