Үздік халықаралық тәжірибелерді ескере отырып, 2020 жылдың қазан айында Қазақстанда комплаенс институты енгізілді. Аталмыш шара лауазымды тұлғалар мен квазимемлекеттік және жеке сектор субъектілері қызметкерлерінің мінез-құлықтың жоғары стандарттарына бейімділігін қалыптастыру, ашық және адал қызмет жүргізу, іскерлік беделдікті нығайту және ұйымға деген сенімді арттыру мақсатнда іске асырылған болатын, деп хабарлайды kazlenta.kz.
Батыс Қазақстан облысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі аймақтағы комплаенс-қызметтерінің жұмыс жағдайына тұрақты негізде мониторинг жүргізеді. Қазіргі таңда облыс әкімдігімен квазимемлекеттік сектордың 318 мекемесі мен кәсіпорындарында комплаенс-қызметтер құрылған. Квазимемлекеттік сектордың 12 субъектісінің жауапты қызметкерлерінің лауазымдық нұсқаулықтарын жетілдіру бойынша арнайы шаралар қабылданды.
ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының өңірлік филиалымен бірлесіп, жүйелі негізде комплаенс-қызметтердің қызметкерлері мен басқару құрамы үшін оқыту семинарлары өткізіліп тұрады. 2021 жылғы 12 қазанда комплаенс институтын ілгерілету бойынша жұмыс шеңберінде БҚО Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің басшылығы «Жайық пресс» ЖШС ұжымымен кездесті, кездесу барысында осы функцияны жүзеге асыру кезінде туындайтын проблемалық мәселелер талқыланды.
«Жайық пресс» ЖШС басшылығы атқарушылық тәртіпті, қызметкерлердің жеке жауапкершілігін және сыбайлас жемқорлық тәуекелі жағдайында өзін-өзі ұстау ережелерін регламенттейтін бірқатар ішкі нормативтік актілердің қабылданғаны жайында хабарлады.
Кездесу соңында БҚО Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі басшысының бірінші орынбасары компания басшылығын комплаенс-қызметтерді жүргізу бойынша әдістемелік ұсыныстарды сақтауға, сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенсті тиімді іске асыру үшін ЖШС ережесін арнайы функционалмен толықтыру бойынша шаралар қабылдауға шақырды.
Ол өз сөзінде «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда маңызды рөл атқаруы тиіс. Сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендетуге және корпоративтік парасаттылықты нығайтуға бағытталған барлық ұсыныстарды біз жан-жақты қолдайтын боламыз. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенсті енгізу заң талабы болып табылады және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің тұрақты бақылауында болады» - деді.
2020 жылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы реформалардың екінші пакеті қабылданып, квазимемлекеттік және жеке секторларда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласында сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралар күшіне енген еді.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» ҚР Заңының 16-бабына сәйкес квазимемлекеттік сектор субъектілерінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметтердің функцияларын орындайтын құрылымдық бөлімшелер айқындалады, олардың негізгі міндеті тиісті ұйымның және оның қызметкерлерінің Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамасын сақтауын қамтамасыз ету болып табылады.