Батыс Қазақстан облысының Орал қаласында «ANTIKOR ORTALYGY» сервистік орталығында «Адал бол» бейнеролик және «Адал жүрек» эссе байқаулары өткізіліп, қорытындысы шығарылды. Шараға Батыс Қазақстан облысы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысының бірінші орынбасары Н.И.Самет, «Ақжайық – Адалдық Алаңы» жобалық кеңсесінің басшысы Ә.Ө.Салиева, мектеп директорлары мен оқушылары, үкіметтік емес ұйымдар өкілдері қатысты, деп хабарлайды kazlenta.kz.
Шара барысында аталмыш тақырыптарда эссе жазып, бейнеролик түсіру байқауларына белсенді түрде қатысып, жүлделі орын алған қатысушылар марапатталды. Байқау нәтижесі бойынша жүлдегер атанған Орал қаласының №33 жалпы білім беретін орта мектеп мұғалімдері мен оқушыларына арнайы дипломдар және сыйлықтар табысталды. Мектеп ішінде аталмыш бағыттағы жұмыстарды тиімді ұйымдастыра білгені үшін Орал қаласының №33 жалпы білім беретін орта мектебінің директорына алғыс хат табыс етілді.
Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөніндегі кеңестегі сөзінде «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес – еліміздің стратегиялық дамуындағы негізгі басымдықтардың бірі. Бұл – менің берік ұстанымым және сайлауалды бағдарламада халыққа берген уәдем. Осы жұмыста ешқандай көзбояушылыққа, «бармақ басты, көз қысты» әрекеттерге жол берілмеуге тиіс.Талап қатаң болады. Былтырғы жиында біз нақты іс-қимыл жоспарын айқындадық.Бүгінде бірқатар мақсатты жүзеге асырдық. Мемлекетіміздің осы бағытта қолға алған шараларын белгілі халықаралық агенттіктер атап өтуде» деген болатын.
Осы орайда қазіргі таңда еліміз бойынша жоғары және арнаулы оқу орындарында жұмыс жасайтын «Саналы ұрпақ» клубтарының жұмысы ерекше маңызға ие болып отыр. «Саналы ұрпақ» клубтарының маңыздылығын одан әрі арттыру мақсатында ағымдағы жылдың 15 қазан күні «Саналы ұрпақ» клубының облыстық слетін ұйымдастыру жоспарлануда.
Егер сізге сыбайлас жемқорлық фактілері туралы белгілі болса, онда сіз тәулік бойы жұмыс істейтін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің 1424 Call-орталығына хабарласа алатыныңызды есіңізге саламыз.