Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес тау-кен металлургия кешенін дамыту жөніндегі шаралар қаралды, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Отырыс барысында Премьер-министр Мемлекет басшысының тау-кен саласын дамытуға ерекше көңіл бөлетінін атап өтті. Қазақстанның тау-кен өнеркәсібі үлкен экспорттық әлеуетке ие. Бүгінде мыс, мырыш, темір және алюминий сияқты металдарға сыртқы нарықтарда сұраныс жоғары болып отыр.
«Сондықтан отандық экономиканы әртараптандыру мақсатында өңдеу өнеркәсібін дамытудың маңызы өте зор. Қазіргі таңда жалпы ішкі өнімдегі өңдеу өнеркәсібінің үлесі шамамен 14%-ды құрайды және ол кен өндіру саласынан 2%-ға жоғары (12,2%). Осы үрдісті алдағы уақытта да сақтап қалу қажет», — деп атап өтті Премьер-министр.
Қабылданып жатқан шаралардың қатарында – жоғары деңгейдегі өңдеу жобаларына инвестициялар тарту. Мәселен, биыл Саран қаласында «Qarmet» компаниясының өнімдері негізінде болат құбырлар шығаратын зауыт іске қосылады.
Сондай-ақ ірі жер қойнауын пайдаланушылар айналасында шағын және орта бизнес белдеуін дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасалуда. Еліміздің тау-кен металлургия кешенінде 220 мыңнан астам қазақстандық еңбек етеді.
Қазақстандықтардың едәуір бөлігі түпкілікті тұтынушыға бағдарланған ШОБ-та жұмыс істейді. Олжас Бектенов мұндай өндірістерді дамыту үшін қосымша ынталандыру қажет екенін атап өтті.
Индустрия 4.0 құралдарын енгізу, автоматтандыру, үлкен деректер мен жасанды интеллектіні пайдалану арқылы саланы цифрландыру белсенді жүргізіліп келеді.
Қабылданған шаралар тау-кен секторы нарықтағы өзгерістерге жылдам бейімделуге және тиімділіктің, ашықтық пен тұрақтылықтың жаңа деңгейіне шығуға мүмкіндік береді.
Үкімет жұмысының басым бағыттарының бірі ресурстық базаны кеңейту.
«Жер қойнауын геологиялық барлау көлемін арттыру үшін биылдан бастап қаржыландыру көлемін едәуір ұлғайтамыз. Біз жер қойнауын пайдалану құқықтарын беру бойынша аукциондардан түсетін бонустардың қаражаттарын геологияны дамытуға бағыттау туралы шешім қабылдадық. Биыл бұл сома кемінде 30 млрд теңгені құрайды. Аталған қаржы көлемі әлі де арта түсетін болады. Қазіргі уақытта тиісті есептеулер жүріп жатыр», — деді Премьер-министр.
Металлургтер мен кеншілердің еңбек қауіпсіздігін қорғау мәселелеріне ерекше көңіл бөлінеді.
Осыған байланысты өнеркәсіп, экология, төтенше жағдайлар министрліктері ірі тау-кен металлургия кәсіпорындарымен бірлесіп, қолданыстағы өндірістерді жаңғыртуды, жаңа технологияларды енгізуді және еңбек қауіпсіздігі деңгейін арттыруды қамтамасыз ету тапсырылды.
Үкімет отырысының қорытындысы бойынша Премьер-министр:
- Өнеркәсіп министрлігі ірі тау-кен кәсіпорындарымен бірлесіп, жүйетүзуші кәсіпорындар айналасында шағын және орта бизнес белдеуін құруды ынталандыратын іс-шараларды ескере отырып, жоғары деңгейде өңделген өнімдер шығару бойынша шаралар кешенін әзірлеу тапсырылды.
- Өнеркәсіп министрлігі «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесіп, аса маңызды және сирек металдар негізінде технологиялық тұрғыдан инновациялық өнім өндірісін дамытуды қамтамасыз етсін. Жобалар қосылған құны жоғары өнімдер жасауға бағытталуы қажет. Бұл технологиялық күрделі өндірістерді дамыту үшін қажетті құзыреттерді күшейтіп, өсу әлеуетін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ тұйық циклды экономиканы құру үшін металдар мен өндіріс қалдықтарын қайта өңдеу шараларын әзірлеу қажет.
- Ғылым және жоғары білім министрлігі Өнеркәсіп министрлігімен бірлесіп бір ай мерзімде сала мамандарын даярлау бағдарламасын әзірлесін. Сондай-ақ өндіріске жаңа технологияларды әзірлеу және енгізу үшін ғылымды белсенді түрде тарту қажеттілігіне назар аударылды.