Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын орындау аясында Үкімет еліміздің транзиттік әлеуетін нығайту бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп жатыр. Бұл – Қазақстанды Шығыс пен Батыстың, сондай-ақ Орталық және Оңтүстік Азия бағыттарының арасындағы басты логистикалық хаб ретінде бекітуге бағытталған стратегиялық маңызды бағыт, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Премьер-министр қазіргі таңда Қазақстан теміржолдары өткізу қабілетінің шегінде жұмыс істеп жатқанын атап өтті. Соңғы 5 жылда транзит көлемі жалпы алғанда 50%-ға, ал Транскаспий бағыты бойынша 6 есеге өсті. Былтыр Қытайдан Еуропаға тасымал көлемі 62%-ға артып, 4,5 млн тоннаға жеткен. Қазір Президенттің тапсырмасы бойынша Қытаймен шекарадағы өткізу мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған ауқымды жұмыстар жүріп жатыр.
«Биыл Достық–Мойынты теміржол учаскесінің екінші жолын және Алматыны айналып өтетін теміржолды пайдалануға береміз. Келесі жылы Дарбаза–Мақтаарал бағытын дамытамыз. Мойынты–Қызылжар және Бақты–Аягөз – осының барлығы жақын арада өткізу қабілетімізді 10 млн тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Бұл орасан зор инвестицияны қажет ететін ауқымды жұмыс, бірақ біз жүзеге асыруға дайынбыз. Өйткені қолдағы бәсекелестік артықшылықты жіберіп алмауымыз керек», — деп атап өтті Премьер-министр.
Көлік процестерін цифрландыруға баса назар аударылып отыр. TEZ Customs платформасында Цифрлық сауда дәлізін енгізу арқылы транзиттік декларацияларды автоматты түрде тіркеу және рәсімдеу кедендік рәсімдерді айтарлықтай жеделдетіп, оларды рәсімдеу уақытын 3 сағаттан 30 минутқа дейін қысқартты. Бұл транзит ағындарының жылдамдығы мен тиімділігіне оң әсерін тигізуде.
Порт инфрақұрылымын дамыту – маңызды бағыттардың бірі. Атап айтқанда, 2025 жылдың маусымында Ақтау теңіз портында контейнерлік хаб іске қосылды. Бұл хаб Транскаспий халықаралық көлік маршрутының маңызды бөлігіне айналып, контейнерлерді өңдеу мүмкіндігін арттырады.
«Орталық–Батыс» дәлізі жобасын жүзеге асыру ерекше назарда. Ұзындығы 899 шақырым болатын бұл жоба Астана – Жантеке – Егіндікөл – Арқалық – Торғай – Ырғыз бағытында жүзеге асады. Жобаны іске асыру 2025–2029 жылдарға жоспарланған. Премьер-министр құрылыс кезінде 3,5 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылып, 1 мыңнан астам техника жұмылдырылатынын атап өтті. Жоба «Егіндікөл–Арқалық» және «Торғай–Ырғыз» учаскелеріндегі жол мәселесін шешіп, батыс өңірлерге тікелей шығуға және Арқалық пен Торғай өңірінің дамуына серпін береді.