ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров транспорттық-логистикалық әлеуетті дамыту мәселелері жөнінде баяндама жасады, деп хабарлайлы kazlenta.kz тілшісі Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бүгінгі таңда тиімді транзиттік трансқұрлықтық дәліздер мен бағыттар желісі құрылған. Еліміздің аумағы арқылы 13 халықаралық көлік дәлізі өтеді, оның 5-еуі теміржол және 8-і автомобиль дәліздері.
Жүк тасымалына деген сұраныстың артуын қамтамасыз ету мақсатында инфрақұрылымдағы кедергілерді жою бойынша шаралар қабылданып жатыр. Сонымен қатар жаңа жеткізу бағыттары белсенді зерттеліп, жүк тасымалын жылдамдату үшін ақпарат алмасуды қамтамасыз ететін цифрлық шешімдерді енгізу мәселесі пысықталып жатыр.
Атап айтқанда, Транскаспий халықаралық көлік дәлізі бағыты бойынша тасымалдаудың оң динамикасы байқалады. Сонымен бірге, «Солтүстік – Оңтүстік» көлік дәлізінің әлеуетін ашу бойынша жұмыстар жалғасып жатыр.
«Аталған бағытты дамыту үшін Ақтауда өткен бірінші көлік-сауда-экспорт форумының аясында Иран, Түрікменстан және Ресеймен жол картасына қол қойылды. Ол құжатты іске асыру 2030 жылға қарай дәліздің өткізу қабілетін 20 млн тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді», — деді көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров.
Сондай-ақ өңірдегі көлік-транзиттік әлеуетті одан әрі дамыту және көлік дәліздерін кеңейту мақсатында магистральдық желілерді жаппай модернизациялау жұмыстары жүргізілуде. 2027 жылға дейін 1300 км жаңа теміржол салу жоспарда бар. Қазіргі уақытта «Достық – Мойынты» теміржол учаскесінің екінші жолдарын, Алматы айналма темір жолын, «Дарбаза – Мақтаарал» және «Бақты – Аягөз» жаңа теміржол желілерін салу жұмыстары басталды.
Аталған жобаларды іске асыру Достық стансасының өткізу қабілетін жылына 35 млн тоннаға дейін арттыруға, Алматы стансасы арқылы жүк өткізу уақытын қысқартуға, Сарыағаш стансасын босатуға және Қытай бағытына қосымша 20 млн тоннаға дейін жүк өткізу қуаттылығын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Тасымалдардың үздіксіздігін және магистральдық теміржолдардың қуаттылығын арттыру үшін Мемлекет басшысының тапсырмасы шеңберінде 2029 жылға дейін 11 мың шақырым теміржол учаскелеріне жөндеу жұмыстары жүргізілмек, оның 2 800 шақырымында тиісті жұмыстар аяқталды.
«Бұдан бөлек, Құрық теңіз порты арқылы жүк тасымалын арттыру бойынша шаралар қабылдап жатырмыз. Құрық портында астық терминалын іске қосу жоспарланған. Сонымен қатар Abu Dhabi Ports компаниясымен бірлесіп, “Саржа” көпфункционалды теңіз терминалының құрылысын жүзеге асыру қолға алынды. Соның нәтижесінде, Қазақстан порттарының өткізу қабілеті жылына 30 млн тоннаға дейін артатын болады», — деді М. Қалиақпаров.
Автокөлік тасымалдарын одан әрі дамыту мақсатында 12 мың шақырым жол салу және қайта жаңарту бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде, оның 7 мың шақырымы биыл аяқталады. Атап айтқанда, «Қарағанды – Алматы», «Талдықорған – Өскемен», «Ақтөбе – Қандыағаш», «Атырау – Астрахань» жолдары. Қазіргі уақытта осы жолдарда жаңа асфальт төсемімен жол қозғалысы ашылған.
Сонымен қатар келесі жылдан бастап «Қарағанды – Жезқазған» және «Ақтөбе – Ұлғайсын» автожолдарын қайта жаңарту жобаларын, сондай-ақ Сарыағаш қаласының айналма жолын салу жұмыстары басталады.
Бұған қоса, автожол дәліздерінің толыққанды және тиімді жұмысын қамтамасыз ету үшін ЕАЭО ішкі шекарасындағы автомобиль өткізу пункттерін жаңғырту бойынша дайындық жұмыстары жүргізілуде. Жалпы 2029 жылға дейін 36 өткізу пунктін кезең-кезеңімен жаңғырту жоспарланған. Алғашқы кезеңде 2025 жылы 6 өткізу пунктінде жұмыс басталады.
«Қабылданып жатқан шаралардың нәтижесінде теміржол тасымалы бойынша экспорт 130 млн тоннаға дейін жеткізіледі, ал импорт пен транзит көлемі 60% және 65%-ға дейін сәйкесінше артады. Автокөлік тасымалдары бойынша экспорт пен импорт көлемінің 2 есеге, ал транзит көлемінің 6 есеге өсуі күтілуде», — деп М. Қалиақпаров баяндамасын аяқтады.