Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында газ саласын дамытуға қатысты мәселе қаралды. Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов газ өндіру болжамдары, инфрақұрылымды жаңғырту, әлеуметтік бастамалар мен цифрландыру жөніндегі шаралар туралы баяндады, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Министрдің айтуынша, 2024 жылдың қорытындысы бойынша газ өндіру 59,0 млрд текше метр құрады, 2025 жылға арналған өндіру жоспары – 62,8 млрд текше метр. 2025 жылдың I тоқсанында газ өндіру көлемі 17,2 млрд текше метр болды.
Газ өндірудің негізгі өсімі Қарашығанақ, Теңіз және Қашаған ірі кен орындары есебінен көзделуде.
«2024 жылы тауарлық газ өндіру көлемі 28,7 млрд текше метрді құрады. 2025 жылға арналған өндіріс жоспары – 29,4 млрд текше метр. 2025 жылдың I тоқсанында 7,3 млрд текше метр өндірілді», — деп атап өтті Ерлан Ақкенженов.
Ол 2024 жылы ішкі нарықтың қажеттіліктеріне 21,2 млрд текше метр жеткізілгенін айтты. 2025 жылға болжанып отырған тұтыну көлемі шамамен 21,3 млрд текше метрді құрайды.
2024 жылы сұйытылған мұнай газын өндіру көлемі 1,7 млн тоннаны құрады. 2025 жылға арналған жоспар 1,7 млн тонна және 2025 жылдың I тоқсанының қорытындысы бойынша 2024 жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда шамамен 0,5 млн тонна немесе 107,7% өндірілді.
Сондай-ақ Ерлан Ақкенженов еліміздегі тауарлық газ өндірісінің көлемін ұлғайту жоспарлары туралы баяндады. Оның дерегі бойынша Қазақстан газының болжамды балансы бойынша тауарлық газ өндіру көлемі тұрақты өсуде. 2024 жылы 28,7 млрд текше метрден 2030 жылға қарай 34,6 млрд текше метрге дейін ұлғаю байқалады.
«Бүгінде Қазақстан газ саласында геологиялық барлау жұмыстарын белсенді дамытуда. Негізгі басымдықтардың бірі көмірсутектердің барланған қорларының көлемін ұлғайту болып саналады. Осының шеңберінде «QazaqGaz» ұлттық компаниясы қазіргі уақытта мемлекеттік Жер қойнауы қорын басқару бағдарламасына (ЖҚҚББ) енгізілетін 15 жер қойнауы учаскесі бойынша жұмыстар жүргізуде», — деп атап өтті министр.
Ерлан Ақкенженов бүгінгі таңда QazaqGaz-дың «Аққұдық» және «Шалқар» учаскелеріндегі әлеуетті инвестор «ҚОР» мұнай компаниясы» АҚ-мен, КТ-III учаскесіндегі Chevron (АҚШ) компаниясымен, Северный-2 учаскесіндегі «ҚазАзот» ЖШС-мен геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу бойынша келісімдері бар екенін хабарлады, сондай-ақ «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-мен Северный-1 учаскесі бойынша келіссөздер жүргізілуде.
Бұдан бөлек, Gas Solution әлеуетті инвесторы «Самтыр Солтүстік» және «Самтыр Оңтүстік» учаскелері бойынша қызығушылық танытып отыр. Алдын ала бағалау бойынша, аталған барлық жобалар бойынша газдың жиынтық ресурстары шамамен 535,5 млрд текше метрді және жиынтық құны 200 млрд теңгені құрайды.
«Сонымен қатар 2026-2030 жылдар аралығында 4 газ өңдеу зауытын: қуаттылығы жылына 1 млрд және 2,5 млрд текше метр болатын Қашаған кен орнының, қуаттылығы жылына 4 млрд текше метр құрайтын Қарашығанақ кен орнының шикізаты базасында, сондай-ақ қуаттылығы жылына 900 млн текше метр болатын Жаңаөзен қаласындағы Қазақ ГӨЗ кезең-кезеңімен пайдалануға беру басталады», — деді министр.
Оның айтуынша, Қашаған кен орнының шикізат базасында газ өңдеу зауыттарын салу үшін қатарлық инвестор UCC Holding компаниясы тартылған. Қазіргі уақытта «QazaqGaz» ҰК» АҚ мен «UCC Holding» арасында осы жобаларды іске асырудың соңғы шарттары келісілуде.
Қарашығанақ ГӨЗ құрылыс жобасын жүзеге асыру Оператордың қаражаты есебінен жүзеге асырылатын болады.
Энергетика министрі «Әлеуметтік әмиян» пилоттық жобасының нәтижелерін таныстырды. Министр атап өткендей, тапсырма шеңберінде Премьер-министр Батыс Қазақстан облысы мен Шымкент қаласында мемлекеттік атаулы әлеуметтік (АӘК) және тұрғын үй көмегін (ТК) алушыларға тауарлық газға ваучерлер ұсыну қызметін көрсету бойынша «Әлеуметтік әмиян» пилоттық цифрлық жобасы әзірленіп, енгізілді. Жоба тауарлық газ бағасының өсуі жағдайында халықтың осал топтарын қолдауға бағытталған. Бастама шеңберінде мемлекеттік атаулы және тұрғын үй көмегін алушылар тұтыну лимиттері белгіленген газға ваучерлер алады: БҚО-да айына 833 текше метр, Шымкентте – 631 текше метр. Тұтынылған газ көлемі 24%-ға дейін жеңілдікпен 23,5 млн теңге сомасына 2,9 млн текше метрді құрады.
«Жеңілдік алушылардан оң кері байланыстың болуы сервистің жоғары сұранысқа ие екенін әрі оны еліміз бойынша әрі қарай кеңейтудің өзектілігін растап отыр. Бұл пилоттық жоба 2025 жылдың сәуір айының соңында аяқталады. Осыған байланысты, қазіргі уақытта пилоттық жобаның мерзімін осы жылдың 30 маусымына дейін ұзарту, кейіннен еліміздің барлық газдандырылған өңірлеріне 1 жыл мерзімге кеңейту туралы мәселе пысықталуда», — деді Ерлан Ақкенженов.
Сонымен қатар оның айтуынша, газ саласын дамытуды қамтамасыз ету мақсатында ішкі нарықта тауарлық газды көтерме саудада өткізудің шекті бағасы 5 жыл мерзімге бекітіледі.
Сондай-ақ тауарлық газдың орташа шекті көтерме бағасы 1 000 текше метр үшін 23 646 теңге болғанда, ұлттық оператор халыққа жеткізу үшін 10 096 теңгені субсидиялайтыны атап өтілді. 2025 жылғы 1 шілдеден бастап шекті бағаны 28 371 теңгеге дейін көтеру бағдарламаны жалғастыруды айрықша өзекті етеді.
«Олжас Абайұлы, «Әлеуметтік әмиян» жобасының ауқымын ескере отырып, ішкі нарыққа газды өткізудің өзіндік құнына қол жеткізуді қамтамасыз ету қажеттігін атап өтеміз. Министрліктің басым міндеттерінің бірі – елімізді газбен қамтамасыз ету және газ тасымалдау жүйесін дамыту», — деп атап өтті Ерлан Ақкенженов.
Энергетика министрінің айтуынша, 2024 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 62,4%-ға дейін өсті – бүгінде 12,6 млн азамат газбен қамтамасыз етілген.
«Биыл газбен қамтуды жалғастыру мақсатында республикалық бюджеттен және «Самұрық-Қазына» АҚ қаражатынан 84 жобаны іске асыру үшін 112,5 млрд теңге бөлінді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша 71 елді мекенді газбен қамту бойынша 60 жобаны аяқтау жоспарлануда, бұл табиғи газға 218 мың адамға қол жеткізуге мүмкіндік береді немесе жалпы газбен қамтамасыз ету көрсеткішімен қамту 12,8 млн адамды құрайды», — деді ол.
Ел тұтынушыларын газбен үздіксіз қамтамасыз ету үшін ірі стратегиялық инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру, оның ішінде «Бейнеу – Бозой – Шымкент» магистралды газ құбырының екінші желісінің құрылысы, «Ақтөбе – Қостанай» магистралды газ құбырының құрылысы, «Талдықорған – Үшарал» магистралды газ құбырының құрылысыжоспарлануда.
Сонымен қатар Қазақстан транзиттік әлеуетті арттыруда. 2023 жылдың қазан айында Ресей газының Өзбекстан Республикасына транзиті іске қосылды. 2023 жылы 1,28 млрд текше метр, 2024 жылы – 5,6 млрд текше метр тасымалданды. Ал биыл 7,3 млрд текше метрге дейін ұлғайту, әрі қарай 2038 жылға 11 млрд текше метрге дейін ұлғайтуды жоспарлануда.
Сондай-ақ министр биыл түркімен және өзбек газын Қытай Халық Республикасына тасымалдау жоспары шамамен 36,2 млрд текше метрді құрайтынын, бұл өткен жылдың деңгейіне сәйкес келетінін айтты.
Үкімет отырысында Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов ішкі нарықта сұйытылған мұнай газының (СМГ) өсіп келе жатқан тапшылығы проблемасын айтты. Министрдің айтуынша, Энергетика министрлігі ай сайын еліміздің өңірлеріне шамамен 130 мың тонна сұйытылған газ бөледі. Алайда бұл көлем жеткіліксіз – қазіргі қажеттілік ұсыныстан 25-30 мың тоннаға асады, бұл шамамен 23%-ды құрайды.
Өсіп келе жатқан сұраныстың негізгі себебі газбен жүретін автомобильдер санының көбеюі. ҚР Ішкі істер министрлігінің ақпараты бойынша, 2024 жылы газбен жүретін автомобильдер саны 677 мың бірлікті құрады немесе 2023 жылмен салыстырғанда 16%-ға өсті (582 мың бірлік).
Нарыққа қосымша қысым ТМД елдерінің бағаға қызығушылығынан туындайды. Көтерме бағалардың төмен болуына байланысты автокөлік жүргізушілерінің газға жаппай ауысуы байқалады, әсіресе отын көзінің көрші елдерге қарағанда едәуір арзан шекаралас аймақтарда. Ол сондай-ақ тұтынудың бақылаусыз өсуін ынталандырады және отынды заңсыз әкету қаупін арттырады.
Министр хабарлағандай, газды есепке алудың ашықтығы мен тиімділігін арттыру мақсатында нормативтік-құқықтық актілерге түзетулер енгізілді, оған сәйкес 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап жер қойнауын пайдаланушылар кен орындарын телеметриямен есепке алу аспаптарымен жарақтандыруға міндетті. «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ кен орындарынан деректерді тестілік қабылдау басталды.
2024 жылғы 1 желтоқсаннан бастап сұйытылған мұнай газының көлемін ішкі нарыққа бөлу жөніндегі мемлекеттік функция да автоматтандырылды. Осы жылдың соңына дейін цифрлық қызметтің функционалын әкімдіктер деңгейіне дейін кеңейту жоспарлануда.
ҚР Президентінің тапсырмаларын орындау шеңберінде газбен жабдықтау жөніндегі заңнамаға өзгерістер дайындалды. Негізгі бастамалардың қатарында:
Тұрмыстық тұтынушылар үшін газ тұтыну нормативтерін енгізу;
Деректерді қашықтан беру есептегіштерін орнату;
Мұнай-газ-химия жобалары үшін ұзақ мерзімді көтерме бағаларды белгілеу;
Газбен жабдықтау объектілерін QazaqGaz басқармасына беру рәсімін оңайлату.
«Бұл шаралар газ саласын тұрақты дамытуға, ресурстарды басқару тиімділігін арттыруға және энергия ресурстарына әділ қол жеткізуді қамтамасыз етуге бағытталған», — деп түйіндеді баяндамасын министр.