Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түрікменстан Халк Маслахатының Төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедовпен бейресми кездесу өткізді, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы мәртебелі мейманға ілтипат білдіріп, еліміздің рухани астанасы, түркі халықтарына ортақ қасиетті мекен саналатын Түркістан қаласына сапармен келгені үшін ризашылығын жеткізді.

– Мемлекеттеріміз арасындағы ынтымақтастықтың қарқынды дамып келе жатқаны қуантады. Газ саласында, сондай-ақ көлік-логистика бағытында стратегиялық маңызды жобалар бар. Біз бұл жұмыстарды бақылауда ұстаймыз. Өйткені оның нәтижесі қазақ-түрікмен экономикалық байланыстарын одан әрі өркендетуге ықпал етеді, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Гурбангулы Бердімұхамедовті Халықаралық бейбітшілік және сенім жылының басталуымен құттықтады. Оның айтуынша, БҰҰ қолдаған бұл бастама Түрікменстанның әлемдік деңгейдегі абырой-беделі жоғары екенін көрсетеді.
Халк Маслахатының Төрағасы Мемлекет басшысына киелі Түркістанда қонақжайлық танытқаны үшін алғыс айтты. Сонымен қатар Қазақстан Түрікменстанның ең негізгі стратегиялық серіктестерінің бірі екенін жеткізді.
– Екі ел арасындағы саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы қарым-қатынастардың перспективасы мол. БҰҰ аясында Халықаралық бейбітшілік пен сенім жылын жариялау жөніндегі Түрікменстанның бастамасына қолдау көрсеткеніңіз үшін ризашылығымды білдіремін, – деді Гурбангулы Бердімұхамедов.
Кездесу барысында екіжақты қарым-қатынастардың барлық бағыты бойынша сан қырлы стратегиялық серіктестікті нығайту перспективасы талқыланды.
Өзара сауда-саттық көлемін 1 миллиард долларға жеткізу үшін байланыстарды дамытудың тың мүмкіндіктерін қарастыру қажеттігі атап өтілді.
Газ саласындағы серіктестікті кеңейту, нақты айтқанда, Қазақстан тарапының шетелдік серіктестермен бірге Галкыныш кен орнын игеру жобасына қатысу мәселесіне мән берілді.
Мемлекет басшысы «Тургунди – Герат – Кандагар – Спин-Булдак» темір жол құрылысының жобасына назар аударып, аталған жоба табысты жүзеге асса, көлік бағыттарын әртараптандыруға, экспорт нарықтарын кеңейтуге жол ашатынын айтты. Сонымен қатар Солтүстік – Оңтүстік бағытындағы транзит әлеуетін арттыруда «Қазақстан – Түрікменстан – Иран» темір жол магистралы мен құрылысы жүріп жатқан «Түрікменбашы – Гарабогаз – Қазақстан шекарасы» автокөлік жолы маңызды рөл атқарады.
Бұдан бөлек, кездесуде білім беру, цифрландыру салаларындағы өзара тиімді ықпалдастық мәселелері талқыланды. Қазақстан тарапы Түрікменстанға мемлекеттік қызметтерді цифрландыру, сондай-ақ IT-мамандардың біліктілігін арттыру ісінде жан-жақты көмек көрсетуге дайын екенін жеткізді.