Премьер-министр Олжас Бектенов Қазақстан Республикасындағы дипломатиялық миссиясын бастаған Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Хань Чуньлинмен кездесті. Сауда-экономикалық ынтымақтастық, инвестиция, АӨК, көлік және логистика, энергетика, мәдени-гуманитарлық сала, туризм және басқа да салалардағы өзара іс-қимылды кеңейту мәселелері талқыланды, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Премьер-министр Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин арасындағы қарқынды әрі сенімді байланыстар серпінді экономикалық ынтымақтастықтың негізі екенін баса айтты.
Келіссөздер барысында тараптар екі ел арасындағы сауда-экономикалық әріптестіктің қалыптасқан жоғары деңгейін атап өтті. 2024 жылдың қорытындысы бойынша екіжақты тауар айналымы 9%-ға өсіп, $43,8 млрд-қа жетті. Екі мемлекет басшылары қойған өзара сауда көлемін екі есеге арттыру жөніндегі міндеттерге қол жеткізу мақсатында үкіметтер тауар айналымын әртараптандыруға бағытталған қолда бар әлеуетті кеңейту бойынша бірлескен жұмыс жүргізуде. Осыған байланысты қазақстандық тарап жеткізілетін өнім номенклатурасын одан әрі кеңейтудің, оның ішінде, қытай тарапының астық жүктерін вагондардың барлық түрі бойынша қабылдауын ұлғайту, сондай-ақ ҚХР-ға экспорттаушылар тізіліміне жаңа қазақстандық кәсіпорындарды енгізу арқылы Қытай нарығына қазақстандық астықтың экспортын арттырудың маңыздылығын атап өтті.
Бұдан басқа, бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелері қаралды. Қытай Қазақстанның 5 үздік инвесторының қатарына кіреді. Бүгінгі таңда 11 мың жұмыс орны ашу арқылы $8,7 млрд-қа 62 қазақ-қытай жобасы іске асырылды, 17,4 мың жұмыс орнын ашатын 13,5 млрд-қа 55 жоба іске асыру сатысында. Жалпы пулға $60,5 млрд-тан астам 222 инвестициялық жоба кіреді.
Сондай-ақ транзиттік-көлік саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға баса назар аударылды. «ҚТЖ» ҰК» АҚ деректері бойынша 2024 жылдың 11 айында Қазақстан мен ҚХР арасында жүк тасымалдау көлемі 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13%-ға өсіп, 29,3 млн тоннаны құрады. Жүк тасымалын одан әрі арттыру үшін қазақ-қытай шекарасында жаңа өткізу пункттерін ашу және қолданыстағы өткізу пункттерін жаңғырту, сондай-ақ шекара маңындағы кеме қатынасын дамыту жөнінде бірлескен шаралар қабылдаудың маңызы нақтыланды.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар екіжақты өзара іс-қимылдың барлық негізгі бағыттары бойынша әріптестікті нығайту және бірлескен жұмысты күшейту ниеттерін растады.