Қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың есептік кездесуінде мегаполистің экологиялық жағдайын жақсарту жөніндегі ұзақ мерзімді міндеттер мен жоспарлардың алдын ала нәтижелері айтылды, деп хабарлайды kazlenta.kz.
Өткен жылы ЖЭО-2-ні жаңғыртып, оны табиғи газға ауыстыруға байланысты көпжылдық мәселе шешімін тапты. Жекеменшік секторды толық газдандыру жұмысы аяқталуда. Жасыл қорды ұлғайту бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Миллион ағаш егу бойынша үш жылдық «Жасыл Алматы» бағдарламасы қабылданды. 2020 жылы 282 мыңнан астам жасыл желек отырғызылды.
Қоғамдық көлік газбен электр энергиясына ауысады.
Дизель техникасын сатып алуға тыйым салынды. «Алматыэлектротранс» коммуналдық автопаркі 150 автобус жеткізуге келісімшарт жасады. Алғашқы 41 автобус бағыты жолға шықты. Қалған 109-ы жақын арада келеді. Сонымен қатар, жеке тасымалдаушылар 83 автобус, соның ішінде 38 электробус сатып алуды жоспарлап отыр. Осылайша биыл жолаушылар тасымалы паркін экологиялық таза 233 бірлікке жаңартамыз.
Қала экологиясын жақсарту аясында биыл 350 мыңнан астам жасыл желек отырғызу, сондай-ақ шеткері жерлерде бес жаңа саябақ салу, қалаға кіре берісте 19 экопост орнату жоспарланған.
Өткен жылы қала бойынша халықты кеңінен құлақтандыру мақсатында ауа құрамына мониторинг жүргізетін 10 датчик орнатылды. Биыл тағы 10 датчик қойылады. Деректер LED-экранда көрсетіліп, онлайн-картада көрінетіндей экологиялық деректердің бірыңғай базасына түседі. Стансалар атмосферадағы ластаушы заттардың көлемін, ылғалдылық параметрлерін, температураны, қысымды, желдің бағыты мен жылдамдығын өлшейді. Бұған қоса кезең ішіндегі және тәуліктік орташа шекті рұқсат етілген концентрация көлемі көрсетіледі. Қала әкімі Б.Сағынтаевтың тапсырмасымен жүзеге асқан бұл жобаның мақсаты – қатардағы қала тұрғындарына, сарапшылар мен мамандарға деректерді онлайн форматта ұсыну болып табылады.
Қоғамдық және коммуналдық автопарктерді экологиялық таза отынға ауыстыру шараларымен қатар транзиттік жүк көліктерінің қозғалысын шектеу мүмкіндігі зерттелуде. Жүргізілген мониторинг тәулік сайын қалаға қоршаған ортаға техногендік ауыртпалық түсіретін 17 мыңнан астам жүк көлігі кіретінін көрсетті.