Тәуелсіздік тарихына көз жүгіртсек, 2007 жылы Қазақстанда конституциялық реформа жүргізіліп, Мәжіліс депутаттары пропорционалды жүйемен сайланатын болып шешім қабылданған еді. Кейінірек мәслихат депутаттары да осы үлгімен сайлана бастады.
Президент өз сөзінде: «Партияда жоқ азаматтар Мәжіліске ғана емес, жергілікті өкілді органдарға да сайлана алмайтын болды. Соның салдарынан халықтың сайлау науқанына қызығушылығы күрт төмендеді. Сайлауды керек қылмайтын адамдардың қатары көбейді. Олар өздерінің дауысы маңызды екеніне, ел өмірін жақсартуға ықпал ете алатынына сенбейтін болды. Ашығын айтсақ, қазір жұрт депутаттарды аса тани бермейді. Осындай жағымсыз жайттарды ескере отырып, мен аралас сайлау жүйесіне көшуді ұсынамын. Сол кезде барлық азаматтардың құқығы толық ескеріледі», — деген еді.
Мемлекет басшысының бастамасын жүзеге асыру мақсатында 2022 жылы еліміздің сайлау заңнамасына бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Соған сәйкес бұдан кейін Мәжілістің депутаттық корпусының 70 пайызы – пропорционалдық, ал, 30 пайызы – мажоритарлық тәсілмен жасақталатын болды. Яғни, Мәжіліс депутаттарының 70 пайызы партиялық тізім бойынша, қалған 30 пайызы бір мандаттық округ бойынша сайланады. Бір мандаттық округтер бойынша азаматтар өзін-өзі кандидат ретінде ұсыну мүмкіндігіне ие.
"Облыстар мен республикалық маңызға ие қалалардың мәслихат депутаттарының 50 пайызы, ал, аудандық және облыстық маңызға ие қалалардың мәслихат депутаттарының барлығы бір мандатты округ бойынша сайланады.Саяси реформалардың маңызды бағыттарының бірі – жаңа партияларды тіркеуге қойылатын талаптардың жеңілдетілуі. Партия ашу үшін қажет мүшелерінің саны әуелі 40 мыңнан 20 мыңға дейін, одан кейін тағы 4 есеге – 20 мыңнан 5 мыңға дейін қысқартылды. Ал бастамашы топтың саны 1 мыңнан 700-ге дейін қысқартылды. Әр өңірде болуы тиіс мүшелерінің саны да 600-ден 200-ге дейін қысқартылып отыр. Яғни, талаптар едәуір жеңілдеді. Соның нәтижесінде елімізде жаңадан 2 саяси партияның тіркелгені белгілі", - дейді Шымкент қалалық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Қайырбек Құнанбаев.
Биылғы сайлаудың басты ерекшелігі аралас сайлау жүйесінің енгізілуінде болды десек, бұл өз кезегінде бір мандатты округтерде өткен сайлаулар арқылы жергілікті жерде бәсекелі саяси орта қалыптастырып, елдің алдында беделді, жаңа тұлғалардың саясатқа келуіне жол ашты.