Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев парламентте БАҚ өкілдерімен сұхбат алаңында мәжіліс депутаттарының сайлауынан соң үкіметтің жағдайы не болатынын айтты. Бұған дейін мемлекет басшысы мәжіліс пен мәслихат депутаттарын сайлау 2023 жылы өтетінін айтқан еді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ-ке сілетеме жасаған kazlenta.kz
Мәулен Әшімбаев президенттің жаңа жолдауында көптеген міндет барын атап өтті. "Үкімет бүгін мемлекет басшысы алға қойған міндеттерді шешуге баса назар аударады. Келесі жылдың бірінші жартыжылдығында мәжіліс сайлауы өткен соң, Конституциямызға сәйкес, жаңадан сайланған мәжіліс жасақталар алдында үкіметтің отставкаға кететінін білесіздер", - дейді ол. Мұндай норма еліміздің Конституциясында бар. Бұған дейін министрлер кабинеті президент сайлауынан кейін отставкаға кететін болған.
"Барлық министр, үкімет басшылығы отставкаға кетеді. Үкіметті кім басқарады, қандай министрлер болады - бұл көп жағдайда сайлау науқанына, мәжіліс сайлауына байланысты", - дейді сенат спикері. Айта кетейік, президент Қазақстан халқына жолдауында мәжіліс пен мәслихат депутаттарының сайлауы 2023 жылы өтетінін мәлім еткен еді. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев осы күзде кезектен тыс президент сайлауын өткізуді ұсынды.
2-09-2022, 11:45
Мәулен Әшімбаев: Үкімет мәжіліс сайлауынан кейін отставкаға кетеді
Егер мәтінде қате байқасаңыз, оны таңдап, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз