Ұлттық банктің ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені +/– 1 п.т. дәлізімен жылдық 15,75%-ға дейін төмендету жөнінде шешім қабылдады. Мұндай шешімге Ұлттық банктің болжамдарды жаңартуы, деректерді талдауы және инфляция тәуекелдерінің балансын бағалауы негіз болды, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Kazinform сайтына сілтеме жасап.
Жылдық инфляция белсенді түрде баяулап келеді. Алдағы айларда оның көрсеткіші бір таңбалы мәнге жетеді деп күтіледі. Қазанда айлық инфляция орташа тарихи мәндерге дейін баяулады.
Сыртқы инфляциялық қысым орталық банктердің қатаң саясаты мен әлемдік азық-түлік бағасының төмендеуі аясында бәсеңдеп келеді.
Алайда назар аударуды қажет ететін жекелеген факторлар мен тәуекелдер бар. Ішкі экономикада фискалдық ынталандыру, орнықты ішкі сұраныс, жоғары және тұрақсыз инфляциялық күтулер тарапынан проинфляциялық қысым сақталып отыр.
Базалық мөлшерлеме бойынша қабылданатын алдағы шешімдер нақты инфляция динамикасының оның болжамды траекториясына сәйкестігіне байланысты болады. Инфляция бойынша 5% мақсатына қол жеткізу қажеттілігі ортамерзімді кезеңде ұстамды қатаң ақша-кредит шарттарын ұстап тұруды талап етеді.
Жылдық инфляция 2023 жылғы қазанда баяулап, 10,8%-ды құрады және алдыңғы болжамды диапазонның төменгі шегіне жақындап келеді. Айлық инфляция 2023 жылғы қазанда өзінің орташа тарихи мәндеріне дейін төмендеп, 0,7%-ды құрады.
Баға өсімі қазір жүргізіліп отырған ақша-кредит саясатына, жаһандық инфляциялық қысым мен өндірістік шығындардың төмендеуіне, логистикалық тізбектердің біртіндеп қалпына келуіне, билік қабылдаған шараларға, сондай-ақ өткен жылғы жоғары базаның ықпалына байланысты баяулап келеді.
Базалық және маусымдық факторларды ескермейтін инфляция көрсеткіштері тұрақталды.
Алайда, олар таргеттен жоғары қалыптасып, тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің кең ауқымына бағаның орнықты өсуін көрсетіп отыр.
Инфляцияның бірқалыпты баяулауына қарамастан, халықтың инфляциялық күтулері жоғары деңгейде сақталуда және жекелеген тауар нарықтарында ахуалдың өзгеруіне сезімтал күйінде қалып отыр.
2023 жылғы қазанда алдағы бір жылда күтілетін инфляция көрсеткіші өсті. Жанар-жағармай бағасының өсуі мен азық-түлік өнімдері бағасының динамикасы жоғары күтулердің негізгі факторына айналды.
Жаһандық инфляция баяулау үрдісін жалғастырып келеді. Бірқатар елде, соның ішінде сауда-серіктес елдердің көбінде инфляцияның баяулау үрдісі сезіледі.
Бұл ретте алдыңғы болжаммен салыстырғанда Ресейдегі инфляцияның жоғары деңгейіне байланысты сыртқы инфляциялық қысымның күшею тәуекелдері сақталып отыр. Ортамерзімді перспективада сауда-серіктес елдерде инфляция нысаналы мәндеріне жақындаған сайын проинфляциялық қысым әлсірейтін болады.
ФАО азық-түлік бағасының индексі қант, дәнді дақылдар, өсімдік майлары мен ет бағасының арзандауы аясында төмендей бастады. Ұсыныстың маусымдық ұлғаюы есебінен дәнді дақылдар бағасы төмендейді деп күтіледі.
Алайда 2023 жылдың аяғы мен 2024 жылдың басында Украинадан астық жеткізу көлемі төмендегендіктен, баға өседі деген күтулер бар. 2024 жылдың ортасынан бастап ұсыныстың ұлғаюына және логистикалық тізбектердің жақсаруына байланысты дәнді дақылдар бағасы біртіндеп төмендейді деп күтілуде.
Сыртқы ақша-кредит талаптары қатаң қалпында қалып отыр. Инфляцияның алдағы динамикасы бойынша белгісіздік АҚШ ФРЖ мөлшерлемесінің төмендеу циклінің басталуын кейінге қалдырып отыр. ЕОБ жоғары мөлшерлеме саясатын ұзақ уақыт ұстауды көздейді.
Кейбір сауда-серіктес елдерде инфляция нысаналы мәндерінен жоғары болуына байланысты ақша-кредит саясатының қатаңдау үрдісі жалғасуда.
Базалық сценарийде ОПЕК+ өндіруді қысқартуы және Таяу Шығыстағы соғыс қимылдарының ұзаруы аясында осы жылдың соңына дейін Brent маркалы мұнайдың бағасы 1 баррель үшін 85-90 АҚШ доллары аралығында тұрақтанады деп болжанады.
Базалық сценарийде 2024 және 2025 жылдары әлемдік экономиканың әлсіз өсуі салдарынан қуат көздеріне деген орташа сұранысқа байланысты Brent маркалы мұнай бағасы, тиісінше, орташа есеппен 85 АҚШ долларын және 80 АҚШ долларын құрайды деп болжануда.
Инфляцияның 2023 жылға арналған болжамы 9,3-10,3%-ға дейін жақсарды. 2023 жылға арналған болжамды қайта қарау тұрғын-үй коммуналдық қызметі (ТКҚ) тарифтерінің күтілген деңгейден төменірек өсуіне және азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасының анағұрлым ұстамды өсуіне байланысты. 2024 жылға арналған болжам – 7,5-9,5% деңгейінде, 2025 жылға – 5,5-7,5% деңгейінде сақталып отыр. 2024-2025 жылдарға арналған инфляциялық болжамның негізгі тәуекелдеріне – фискалдық ынталандырудың күшеюі, инфляциялық күтулердің тұрақсыздығы, 2023 жылы төмен өнім алу ықпалына байланысты азық-түлік бағасының ықтимал өсуі, сондай-ақ ТКҚ тарифтері өсуінің тікелей әсері жатады. Инфляциялық болжам Қазақстан Республикасының Үкіметі талқылап жатқан қосымша құн салығын (ҚҚС) 2025 жылы көтеруді ескермейді.
Қазақстан экономикасының өсуі бойынша 2024 және 2025 жылдарға арналған болжам қайта қаралды. Биыл ЖІӨ-нің өсуі бұрынғыдай 4,2-5,2% деңгейінде күтілуде. 2024 жылға арналған болжам ТШО-да өндірісті ұлғайта бастаудың 2024 жылдың соңына немесе 2025 жылға ықтимал ауысуына байланысты 3,2-4,2%-ға дейін төмендетілді.
Осының аясында төменірек база әсерінен 2025 жылға арналған болжам, сәйкесінше, 5,5-6,5%-ға дейін көтерілді. Болжам тәуекелдерін күшейтетін негізгі әрі маңызды фактор – 2024-2025 жылдары мұнай өндіру параметрлеріне қатысты белгісіздік болып табылады.
Жылдық инфляцияның қарқынды төмендеуі және оның 2023 жылдың соңына төменірек болжамдары базалық мөлшерлемені төмендетуге мүмкіндік берді.
Базалық мөлшерлеме бойынша қабылданатын шешімдер нақты инфляция динамикасының оның болжамды траекториясына сәйкестігіне байланысты болады.
2024 жылы инфляцияның одан әрі баяулауы кезінде Ұлттық банк инфляцияны 5% мақсатқа қайтару және инфляциялық күтулерді тұрақтандыру үшін ортамерзімді келешекте ұстамды қатаң ақша-кредит шарттарын сақтау қажеттілігін ескере отырып, базалық мөлшерлемені біртіндеп төмендетудің орындылығын қарастырады. Сонымен қатар, деректерді жинақтау және тәуекелдер теңгерімін бақылау мақсатымен базалық мөлшерлемені өзгерту кезінде кідіріс болуы мүмкін.
Ұлттын банк базалық мөлшерлеме бойынша кезекті жоспарлы шешімін 2024 жылғы 19 қаңтарда Астана қаласының уақытымен сағат 12:00-де жарияланады.