Ең алдымен Пірматов базалық мөлшерлеме бойынша шешім қабылдаудағы факторлар туралы айтқан. "Қазір команда біздің болжамдарымызды қайта жаңарту тұрғысында жұмыс істеп жатыр. Осы болжамдық раундтың қорытындысы бойынша деректер мен бірқатар макроэкономкалық факторларға сүйене отырып, шешім қабылдаймыз. Қажеттілік туындайтын болса, базалық мөлшерлемені тағы да көтеруге әзірміз" - дейді Ұлттық банк басшысы. Пірматов базалық мөлшерлеме туралы шешім 5 желтоқсанда жарияланатынын мәлімдеді. Сондай-ақ ол өз сөзінде базалық мөлшерлеме төңірегіндегі пікірталас кәсіби ортада болғанын құптайтынын жеткізді.
"Біздің шешімдеріміздің түпкі мәнін нарықтағы кәсіби қатысушылардың күннен күнге түсіне бастағанын көріп отырмын. Мөлшерлемені тым төмен деңгейде дейтіндер де, керісінше, оны тым жоғары көретіндер де бар. Дегенмен, кәсіби ортадағы пікірталастарға қарап, ақпараттандырылудың әлдеқайда жоғары екенін байқап отырмыз. Біз бұны құптаймыз", - дейді ол.
Айта кету керек, Ұлттық Банк мәліметінше, ббазалық мөлшерлеме Ұлттық Банктің ақша-несие саясатының негізгі құралы болып табылады. Базалық мөлшерлеменің деңгейін белгілей отырып, Ұлттық Банк орта мерзімді перспективада баға тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатына жету үшін банк аралық қысқа мерзімді мөлшерлеменің мақсатты мәнін анықтайды.