Жалпы, сөз мүмкіндіктер туралы, оның үстіне балалардың мүмкіндіктері туралы айтылған кезде «шектеулі» деген сөзді айтқың да келмейді екен. Себебі, бір жерінде мүмкіндігі шектеулі болғанмен, мысалы, дұрыс сөйлеуге немесе қозғалуға мүмкіндігі шектеулі болғанымен, бұл балалардың бойында басқа дарыны керемет дамыған: дауысы керемет, ақындық қасиеті жоғары, жүрегінде мейірімділік мен махаббат тұнған және ерік жігері мықты болуы мүмкін.
13 жасар Ілияс Манарбек қарапайым өмірде сөйлеуге қиналады, себебі бала қатты кекештенеді. Бірақ ол сахнаға шығып, ән сала бастаған кезде, нағыз таңғажайып көрініс орын алады: баланың кекештігі жоғалып, оның орнына біз әдемі, мықты дауыс пен керемет шырқалған әнді естиміз. Ілияс конкурста ағылшын тілінен орыс тіліне еркін ауыса отырып, вокалдық тұрғыда өте күрделі Queen – We Are The Champions тобының әнін орындады. «Беріле салатын уақыт емес, өйткені біз чемпиондармыз!» деген өлең сөздері оның орындауында өте сенімді шықты.
Конкурсанттардың ешқайсысы да берілгісі жоқ және бұл тек фестивальдағы жеңіске ғана қатысты емес. Бұл балалардың бүкіл өмірі – қиыншылықтардан өту, үнемі жаттығу және өз-өзімен жұмыс істеумен өтуде. Олардың табандылығы мен ерік жігеріне тек қызғанышпен қарай аласың. 7 жасар Нұрай Өміржан жүруге қиналады, бірақ балақай жаттықтырушымен күнделікті арнайы гимнастика жасайды, өлең айтып сурет салғанды өте жақсы көреді, ал оның шынайы шуақ шашқан күлкісінен тіпті ең қатал әділ қазы алқасының мүшелері де еріп кетеді.
Ал Даниил Ким оқыған Мая Энджелоудың «И всё-таки я поднимусь» деген жасампаз өлеңінен көзге жас келді, өзінің тіліндегі мүкістікке қарамастан, ол өлеңді жүректен жүрекке жеткізіп оқи алды. Фестивальда Даниил өзінің сүйікті орындаушысы Виктор Цойдың «Восьмиклассница» өлеңін орындады. Айтпақшы, Даниил өлең оқып, ән салғанды ғана емес, сонымен бірге компьютерлік бағдарламаларды да өте жақсы меңгерген, өзінің Youtube-арнасын жүргізіп, өз достарына да осындай видеоблогтар жасауға көмектеседі.
Және фестивальда мұндай балалар көп болды. Балалар өлең, монолог, өздері жазған әңгімелерін оқыды, би билеп, өздерінің сүйікті әндерін салды. Дайындық кезінде оларға еріктілер, қалалық колледждердің студенттері белсенді түрде көмектесті.
«Ерекше бала шығармашылық адамы бола алмайды деген өте қате пікір. Дамуында немесе қарым-қатынаста белгілі бір қиындықтары бар балалар, шын мәнісінде ішінде орасан зор дарынға ие болады», -деді фиставальды ұйымдастырушылардың бірі Эльмира Алиева.
Ол кісінің сөзінше, конкурстың міндеті – ерекше баланың әлеуетін барынша ашу, оның басыбайлықтан босатылып, өз қабілетіне сенімділігін арттыруға көмектесу.
Фестиваль YouTube-каналда онлайн форматта өтті. Әр бала өнер көрсетпес бұрын кішігірім видеотұсаукесер көрсетілді, ол жерде қатысушылар өздері және өздерінің әуесқойлықтары туралы айтты. Шығармашылық нөмірлерді көрген көрермендер риза болып, өте жақсы пікірлер қалдырды. Әрине әр қатысушыға мақтау қағазы мен бағалы сыйлықтар беріледі. Біреулерге сыйлықты дәл студияда берсе, біреулерге пошта арқылы жіберілді. Балаларға сыйлық ретінде ойыншықтар, сонымен қатар, фестивальдың символы – қызыл алма берілді, біреуі – шын алма, екіншісі – киізден жасалған кәдесый. Іс-шараның ұйымдастырылуына көмектесіп, балаларға да, олардың ата-аналарына да қолдау көрсеткен еріктілерге де сыйлықтар берілді. Биыл бұл іс-шараға 9 жыл толады. Оны 2011 жылы ҚР және Орта Азия Отбасы институты ұйымдастырған. Алғашқы кездесулер интернаттарда, ЖОО-ларда, мектептер мен қиын әлеуметтік жағдайда тұрған балаларға арналған жабық мекемелерде өткізілген. Соңғы үш жылда «Алматы Қызыл алмасы» республикалық фестиваль форматына өтті. Жыл сайын қатысушылар саны көбейіп келе жатыр, конкурсқа Қазақстанның әр өңірінен келген дарынды балалар қатысады. Балалардың шығармашылық ұжымдары балаларды қуана-қуана қолдайды. Олардың билері мен музыкалық қойылымдары қатысушылардың көрсеткен өнерлерін әрлендіре түседі.
Ал «Қызыл алма» фестивалін ұйымдастырушылардың басты арманы – ол әрине Ерекше балаларға арналған өз орталықтарын ашу, ол жерде олармен білікті педагогтар айналысатын болады.
«Көптеген ата-аналар өз балаларымен қайда бару керек және не істеу керектігін білмейді, өз мәселелерімен өздері оңаша қалып қояды, олар қатты қиналады, себебі дамыту орталықтары тек дені сау балалаларға арналған. Ал біздің орталықта балалар тек фестивальдың шығармашылық бағдарламасына дайындалып қана қоймайды, олармен бір жыл бойы айналысатын болады», - дейді Эльмира Алиева.
Қазір ұйымдастырушылар өз жобасын жүзеге асыру үшін белсенді түрде демеушілерді іздестіріп жатыр. Осы бастамамызды бей-жай қарамайтын адамдар қолдап, біздің балаларымыздың жаңа достары және даму, араласу және өзін-өзі танытуға жаңа мүмкіндіктер пайда болады деп сенеміз. Олар бұған лайықты!