Үкіметте осы жылдың алғашқы бес айында Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуы және республикалық бюджеттің атқарылуы қаралды. Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Министрліктер кабинеті отырысында Ұлттық экономика министрлігінің басшысы Әлібек Қуантыров, Қаржы министрлігінің басшысы Ерұлан Жамаубаев, Ұлттық банктің төрағасы Ғалымжан Пірматов баяндама жасады, деп хабарлайды kazlenta.kz.
Елдегі экономикалық жағдай туралы Ұлттық экономика министрі Ә. Қуантыров баяндады.
Ұлттық статистика бюросының ақпаратына сәйкес биыл өткен жылдың қаңтар-мамырымен салыстырғанда Қазақстан экономикасы 4,5%-ға өсті. Оның ішінде нақты сектордағы өсу 3,6%-ды, ал қызмет көрсету саласындағы өсу – 4,9%-ды құрады.
«Негізгі салалардың барлығында оң динамика байқалуда, әсіресе құрылыс, сауда, сондай-ақ ақпарат және байланыс ең жоғары өсуді көрсетті. Негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсу қарқыны 17,2%-ды құрады», — деді ол.
Инвестициялар ағыны көлік және қоймалауда – 56%-ға, ауыл шаруашылығында –31%-ға, жылжымайтын мүлікке қатысты операцияларда – 3%-ға, сондай-ақ өнеркәсіпте – 15,7%-ға, оның ішінде тау-кен өндіру өнеркәсібінде – 13,4%-ға және өңдеу өнеркәсібінде – 2,8%-ға өсті. Өңірлер арасында ең жоғарғы өсім Түркістан, Маңғыстау, Қызылорда және Қостанай облыстарында байқалды.
Алдын ала жасалған қорытындыға сәйкес 2023 жылғы қаңтар-сәуір айларындағы сыртқы сауда айналымы 11,1%-ға өсіп, $44,4 млрд-ты құрады. Экспорт $25,5 млрд-ты құрады. Бұл ретте өңделген тауарлар экспорты 7,5%-ға артып, $8 млрд-қа жетті. Тауарлар импорты $18,9 млрд-ты құрайды. Жалпы алғанда оң сауда балансы $6,6 млрд-қа тең.
Өңдеу өнеркәсібі оң өсу қарқынын сақтап отыр. Өндіріс көлемі 3,3%-ға өсті. Оң өсім 15 өңірде тіркелді. Соның ішінде ең жоғарғы өсім Алматы қаласы және Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Абай облыстарында байқалады.
Өңдеу өнеркәсібі салалары бойынша машина жасау өндірісінің өсімі 32%-ға, оның ішінде автомобиль өнеркәсібінде –41%-ға және электр жабдықтарын өндіруде –38%-ға қол жеткізілді. Сонымен қатар азық-түлік өндірісі, мұнай өнімдері, құрылыс материалдары, сусындар өндірісі, пластмасса бұйымдары, жеңіл өнеркәсіп салаларында өсім байқалады.
Тау-кен өнеркәсібіндегі өнім көлемі 1,3%-ға өсті. Бұл ретте мұнай өндіру – 2,4%-ға, газ өндіру – 1,3%-ға, басқа пайдалы қазбаларды өндіру – 20%-ға өсті. Металл кендерін өндіру – 0,5%-ға, тау-кен өнеркәсібіндегі қызмет көрсету – 7,3%-ға, көмір өндіру – 8,5%-ға төмендеді.
Аяқталған құрылыс жұмыстарының көлемі 12,1%-ға өсті. Оң өсу динамикасы 18 облыста тіркелді, ал құрылыс-монтаждау жұмыстарының ең үлкен өсімі Қызылорда, Жамбыл, Батыс Қазақстан және Жетісу облыстарында байқалды.
Биылғы қаңтар-мамыр айларында 5,5 млн шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 15,4%-ға жоғары. Тұрғын үйлерді пайдалануға берудің ең жоғары көрсеткіштері Шымкент, Алматы және Астана қалаларында, сондай-ақ Ұлытау облысында байқалды.
Ауыл шаруашылығында жалпы өнім көлемі 3,5%-ға артты. Саладағы өндірістің оң өсмі 16 өңірде тіркелді. Ең жоғары өсімді Маңғыстау, Шығыс Қазақстан, Ақмола және Павлодар облыстары көрсетті.
Экономикалық өсуді одан әрі қамтамасыз ету мақсатында орталық және жергілікті атқарушы органдарға келесі шараларға назар аудару ұсынылады.
- әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағаларын бақылау және тиісті тұрақтандыру шараларын қабылдау;
- экономика салаларында өсудің оң қарқынын сақтау жөніндегі шараларды іске асыру, егін жинау науқанына дайындыққа кешенді қолдау көрсету;
- жаңа инвесторларға кешенді қолдау көрсете отырып, олардың сұраныстарына барлық деңгейлерде жедел ден қою;
- отандық өндіріс тауарларын жеткізудің жоспарланған көлеміне қол жеткізуді қамтамасыз ету үшін экспорттаушыларды қолдаудың қолжетімді шараларын ілгерілету;
- бизнестің сұраныстарына уақытылы жауап беру және оның қызметін жүргізу үшін қолайлы жағдайларды қамтамасыз ету.Одан әрі селекторлық режимде Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов баяндама жасады.
«2023 жылдың мамыр айында әлемдік нарықтарда оң үрдіс сақталды. Қаржы нарығында тұрақтылық орнап, инфляция баяулай бастады. Алайда, әлемдік экономиканың даму перспективаларына жоғары белгісіздік әсер етіп отыр», — деп мәлімдеді ол.
2023 жылдың мамырында жаһандық іскерлік белсенділіктің қарқыны үдей түсті. Жаһандық композиттік PMI индексі 2021 жылдың желтоқсанынан бергі ең жоғары мәнге – 54,4-ке көтеріліп, төрт ай қатарынан оң аймақта қалды. Сонымен қатар өндіріс пен жаңа тапсырыстардың өсуі сәйкесінше 2021 жылдың желтоқсанынан және 2022 жылдың наурызынан бастап шарықтау шегіне жетті.
Қазақстанда мамыр айында іскерлік белсенділік 50,6-ны құрап, оң аймақта қалды. Өндіріс секторында индекс 50,2-ні құрап, оң аймаққа өтсе, қызмет көрсету саласында іскерлік белсенділік индексі 51,1 мәнін құрады.
Ағымдағы және болашақ бизнес жағдайларының орташа бағасы болып табылатын бизнес-климат индексі 15,4 мәніне дейін өсті. Бизнестің қазіргі және болашақ жағдайын бағалау жақсарып, өндіріс пен қызметтердегі көрсеткіш артты.
Биыл жыл басынан бастап дамыған елдердің акциялары 7,6%-ға өсті. Америка Құрама Штаттарында он жылдық мемлекеттік бағалы қағаздардың кірістілігі 23 базалық тармаққа төмендеп, 3,64%-ды құрады. АҚШ долларының индексі 0,78%-ға нығайды.
Жыл басынан бері кеңейтілген индекстегі акциялардың өсуіне қарамастан, кең ауқымды экономиканың барометрі саналатын шағын капиталды акциялардың бағасы өзгеріссіз қалды. Бұл – экономиканың өсу тәуекелдерін білдіреді.Пандемиядан кейін Қытай экономикасы баяу түрде қалпына келе бастады. Мамыр айындағы өндірістік белсенділіктің мәндері күткеннен төмен болып, COVID-ке қарсы шектеулер алынғаннан бастап ең төменгі деңгейге жетті. АҚШ-тағы және Еуропаның алпауыт елдеріндегі инфляция деңгейі баяулағанмен, жоғары күйінде қалды. Нарық Еуропа Орталық банкі мен Англия банкінің мөлшерлемелерді тағы да көтереді деп болжап отыр. Ал Федералдық резерв жүйесі мөлшерлемелерді арттыруды тоқтата тұратыны жайлы белгі бере бастады.
«Қазақстандағы инфляция үш ай қатарынан баяулап, мамыр айында жылдық мәнде 15,9%-ға дейін төмендеді. Инфляцияның айлық деңгейі 0,6%-ды құрады. Жылдық мәндегі азық-түлік инфляциясы ақпан айындағы ең жоғары 26,2%-дан 16,5%-ға дейін баяулады. Азық-түлікке жатпайтын тауарлар инфляциясы – 17,2%-ға дейін, ақылы қызметтер инфляциясы 13,5%-ға дейін бәсеңдеді. Азық-түлікке жатпайтын тауарлар бойынша бензин мен дизель отынының шекті бағалары көтерілгендіктен жанар-жағармай бағасы өскенін атап өткен жөн. Ұлттық Банк инфляцияның баяулау үрдісі одан әрі жалғасады деп күтеді», — деді Ғ. Пірматов.
Сыртқы экономикалық конъюнктураның жақсаруы инфляцияны тежеуге ықпал етеді. Ол азық-түлік бағасының одан әрі төмендеуінен және сауда-серіктес елдердегі төмен инфляциядан көрінеді. Базалық сценарийде белгіленген мөлшерге қарағанда бюджет шығыстарының айтарлықтай өсуі, жанар-жағармай мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы қызметтері бағасының өсудегі жанама әсері, логистикалық және өндірістік жеткізу жолдарын қайта құру ісінің баға белгілеуге әсер етуі және инфляциялық күтулердің жоғары деңгейде бекітілу ықтималы инфляция болжамының тәуекелдеріне жатады.
Биыл 26 мамырда Ұлттық банк тәуекелдер балансын ескере отырып, базалық мөлшерлемені 16,75% деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдады. Бұл елдегі инфляцияны одан әрі баяулатуға ықпал етеді.
Жыл басынан бастап мамыр айының соңына дейін теңгенің АҚШ долларына қатысты бағамы 1 доллар үшін 448,16 теңгеге дейін 3,1%-ға нығайды. Ұлттық банк валюталық интервенциялар жүргізген жоқ. Жыл басынан бері ұлттық валютаның нығаюы бірнеше факторларға байланысты болды.
Біріншіден, ел ішінде де, бейрезиденттер тарапынан да теңгедегі құралдардың тартымдылығы сақталып отыр. Биыл жыл басынан бастап депозиттерді долларландыру деңгейі 2022 жылғы желтоқсандағы 31,6%-дан осы жылдың сәуір айындағы қорытындысы бойынша 29,3%-ға дейін төмендеді. Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағалы қағаздарына инвестициялаған шетелдік инвесторлардың ағыны 94 млрд теңгеге артты.
Екіншіден, қаңтар-мамыр айларында Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферттерді қамтамасыз ету үшін $2,9 млрд мөлшерінде валютаны сатуы және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің $1,6 млрд сомасына валюталық түсімді сатуы теңгеге қолдау көрсетті.
Теңге динамикасы нарыққа қатысушылардың күтулеріне, әлемдік нарықтардағы ахуалға және геосаяси жағдайдың өзгеруіне байланысты болады.
«Ұлттық банк теңгерімсіздіктің жинақталуын болдырмайтын және алтын-валюта резервтерінің сақталуын қамтамасыз ететін икемді бағам белгілеу режимін ұстануды жалғастырады», — деді Ұлттық банк төрағасы.
Жалпы халықаралық резервтер мамыр айының соңында $94,6 млрд-ты құрады. Еркін конвертацияланатын валютадағы активтердің ұлғаюына байланысты Ұлттық Банктің алтын-валюта резервтері жыл басынан бастап 1,1%-ға немесе $0,4 млрд-қа дейін өсіп, $35,5 млрд-қа жетті. Жыл басынан бері Ұлттық қордың активтері әлемдік индекстердің өсуі салдарынан 6,1%-ға немесе $3,4 млрд-қа өсіп, $59,1 млрд-қа дейін жетті.
Ұлттық қордан республикалық бюджетке 1,9 трлн теңгеге трансферттер бөлу үшін жыл басынан бастап $2,9 млрд-қа валюталық активтер сатылды. Жыл басынан бері қорға түскен жиынтық қаражат 2,4 трлн теңгені құрады.
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтері жыл басынан бері 1,2 трлн теңгеге немесе 8,3%-ға ұлғайып, мамыр айының соңында 15,8 трлн теңгені құрады.
Жыл басынан бері инвестициялық кіріс көлемі – 508,1 млрд теңге, зейнетақы жарналары – 837,4 млрд теңге, зейнетақы төлемдері – 100,9 млрд теңге, мерзімінен бұрын алу сомасы – 62,8 млрд теңге болды.
Зейнетақы активтерінің портфелін әртараптандыру және шетелдік нарықтарда инвестициялау мақсатында 2023 жылдың басынан бері $1,1 млрд сатып алынды.
Ұлттық Банк сыртқы және ішкі нарықтардағы ахуалдың дамуын қадағалай отырып, макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету және инфляцияны одан әрі төмендету жұмысын жалғастыратын болады.
Премьер-Министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев республикалық бюджеттің атқарылуы туралы баяндады. Оның айтуынша, биылғы бес айдың қорытындысы бойынша мемлекеттік қаржының атқарылу көрсеткіштері келесідей қалыптасып отыр.
«Мемлекеттік бюджетке 8 трлн теңгеден аса кіріс түсті, яғни жоспар 103,%-ға орындалды. Республикалық бюджетке 5,4 трлн теңге түсті. Жоспар 93,8%-ға орындалды, атқарылмаған бөлігі 355 млрд теңгені құрады. Салықтар бойынша жоспардың орындалмауы негізінен корпоративтік табыс салығы, шикі мұнайға экспорттық кеден бажы және пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салық есебінен қалыптасты», — деді қаржы министрі.
Корпоративтік табыс салығы жоспарының орындалмауы 2023 жылдың бес айында 641 ірі салық төлеуші бойынша жарияланған аванстық төлемдер сомасының өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 34%-ке азаюымен байланысты. Шикі мұнайға экспорттық кеден бажы бойынша жоспардың негізгі орындалмауы экспорттық кеден бажының нақты қалыптасқан мөлшерлемесінің болжамды көрсеткіштен 13%-ға төмендеуімен байланысты.
Пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салық жоспарының орындалмауына негізгі экспорттық тауарлар бағасының орта есеппен 11%-ға төмендеуі әсер етті.
«Жергілікті бюджеттердің кірістері 129%-ға атқарылып, 2,6 трлн теңгені құрады. Жоспар 590 млрд теңгеге, оның ішінде салық 548 млрд теңгеге асыра орындалды. Кіріс жоспары Алматы облысынан басқа барлық өңірлерде асыра орындалды», — деп мәлімдеді ол.
Мемлекеттік бюджет шығыстары 98,5%-ға, республикалық бюджет – 98,8%-ға, жергілікті бюджеттер – 98,9%-ға атқарылды. Республикалық бюджет бойынша 9 трлн теңге сомасына шығыстар жүргізілді. Атқарылмау 109 млрд теңгені құрады, оның 21 млрд теңгесі - үнемдеу. 88 млрд теңге игерілмеді.
Игерілмеудің негізгі себептері: конкурстық рәсімдерді, шарттарды, қосымша келісімдерді ұзақ уақыт жүргізуі, бюджеттік бағдарламаларды іске асыру мәселелері бойынша нормативтік құқықтық актілердің уақтылы қабылданбауы; орындалған жұмыс актілерінің, шот-фактуралардың уақтылы ұсынылмауы; есепті айда қаражатты жұмсау қажеттілігінің болмауы.
Жергілікті бюджеттердің шығыстары 4,4 трлн теңгені құрады. Атқарылмағаны - 47 млрд теңге. Осы жылы өңірлерге 2 трлн теңгеге жуық нысаналы трансферттер қарастырылған. 1 маусымдағы жағдай бойынша оларға 641 млрд теңге бөлінген. Оның ішінде 97,8%-ы игерілді. Оның 14 млрд теңгесі игерілмеген. Ең көп игерілмеу Астана қаласы мен Қарағанды, Жамбыл және Алматы облыстарында қалыптасты.
2023 жылдың бес айында камералдық бақылаумен 6,2 трлн теңгеге 209 мыңнан астам мемлекеттік сатып алу рәсімі қамтылды.
Тексеру нәтижесінде 31550 рәсім бойынша қаржылық бұзушылықтар анықталды, оның ішінде бұзушылықтарды жою туралы хабарламалардың 91%-ын мемлекеттік аудит объектілері орындаған. 902 аудиторлық іс-шара өткізілді. Бюджет қаражатының шамамен 383 млрд теңгесі қамтылды. Шамамен 55 млрд теңге сомасында қаржылық бұзушылықтар анықталды. Тауарларды жеткізу, қызметтерді көрсету мен жұмыстарды орындау, бюджетке өтеу және есепке алу бойынша көрсету жолымен 43 млрд теңгеге бұзушылықтар жойылды. Тексерілетін объектілердің қызметін жетілдіру және тиімділігін арттыру үшін мемлекеттік активтерді басқару бойынша 936 ұсыныс берілді.
Жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарында 669 нысанды сату көзделген. Есепті кезеңде 312 млрд теңге сомасына 369 нысан сатылып, кейіннен сатып алу құқығымен сенімгерлік басқаруға берілді. 36 нысан сатуға қойылды. Қайта ұйымдастыруға және таратуға 62 нысан жіберілді. 202 нысан сату алдындағы дайындықта тұр.