Үкімет Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің қатысуымен макроэномикалық және геосаяси ахуалға орай құрылыс саласын қолдауға бағытталған кешенді шараларды даярлауға қатысуды жалғастыруда, деп хабарлайды kazlenta.kz.
Әсіресе, бүгінде құрылыс материалдары бағасына мониторингке басты назар аударылуда.
Тұрғын үй құрылысының өзіндік құны құрылыс материалдарының бағасына тікелей тәуелді екендігі белгілі. Бұл орайдағы оның үлес салмағы 60 пайызға дейін.
Қазіргі таңда бағаның төмендеуі байқалады. Мәселен, арматура бағасы 6 пайызға, газ блогы 3 пайызға, шыны 17,6 пайызға кеміген.
Ресейлік құрылыс материалдары бағасындағы демпингке орай жақын мерзімде нарықтағы бағаның түсуі болжануда.
Құрылысқа қажетті негізгі материалдардың құнына мемлекет тарапынан тұрақты түрде мониторинг жасалуда. Талдама нәтижесі әр тоқсан сайын монополияға қарсы органға берілуде. Бұл жұмыспен «Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институты» АҚ айналысуда. Егер де өндірушілер мен жеткізушілер бағаны негізсіз көтергені анықталса, тиісті монополиға қарсы шаралар қолданылатын болады.
Мемлекеттік инвестиция есебінен тұрғызылған тұрғын үй (1 шаршы метрі 160-240 мың теңге аралығында) мен әлеуметтік нысандар (құрылыстың шекті құны) бағасын реттеу және тұрғын үйді бекітілген бағамен сату шартымен жеке құрылыс салушының нысандарына инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды жүргізу (1 шаршы метрі 220-260 мың теңге аралығында) бойынша бірқатар шаралар қолға алынуда.
Жалпы алғанда, Мемлекет жылжымайтын мүлік нарығындағы бағаға бақылау жүргізбейді. Басты себеп – аталған нарықтағы баға сұраныс пен тұрғындардың ұсынысына орай өздігінен реттеледі. Баспана құны көптеген факторларға байланысты қалыптасады. Атап айтқанда, бұған жер учаскесінің құны, инфрақұрылым, инженерлік жүйелер, нысанның орналасқан жері, тұрғындар арасындағы сұраныс пен құрылыстың өзіндік құны кіреді.
Тұрғын үй бағасын төмендету мақсатында отандық өндірушілердің, соның ішінде үй құрылысы комбинаттарының өнімдерін пайдалану міндеттелген.
Сонымен қатар аталған өнімдер қолданылған типтік тұрғын үйлер жобасы да даярлануда.
Өз кезегінде типтік жобаларды кеңінен қолдау – жобалауға жұмсалатын шығын көлемін едәуір азайтады. Бұл баспана құрылысының өзіндік құнын кемітуге де серпін бермек.
Үлескерлік құрылыс нысандарына қатысты. Министрлік Бәсекелестікті қорғау агенттігімен бірлесіп тұрғын үй құрылысындағы үлескерлік қатысу туралы заңды қатаңдатуды жоспарлауда. Үлескерлік құрылыс бойынша заңды орындаудағы жауапкершілікті арттыруды және үлескерлердің цифрлы технологиялар арқылы заңсыз қаражатты анықтауды қатаңдату да қарастырылмақ. Бұл шаралар нарықтағы барлық қатысушылар үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған.
Азаматтардың жекелеген санаттары үшін тұрғын үй мәселесін шешу бойынша:
Бүгінгі күнде елімізде тұрғын үй кезегінде 600 мыңнан астам азамат тұр. Оның 215 мыңы көпбалалы отбасылар, 1 және 2 топтағы мүгедектер, жетім балалар, мүгедек балалары бар отбасылар сияқты әлеуметтік әлжуаз топтарға жатады.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпараты бойынша, тұрғын үй кезегінде тұрған 70 мың азаматтың кірісі ең төменгі күнкөріс деңгейін құрайтындығы анықталды. Азаматтардың бұл санатының олардың мүмкіндіктерінің шектеулілігіне байланысты тұрғын үй мәселесін шешу қажеттігі өткір тұр.
Ал қалған азаматтарға олардың қаржылық мүмкіндігіне орай жеңілдетілген несиелеу бағдарламалары қарастырылған.
Азаматтардың жекелеген санаттарының тұрғын үй мәселесін шешуді жеделдету бойынша Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жеке тұрғын үй қорынан баспананы жалдау төлемақысын төлеу механизмі енгізілді.
Халықтың тұрмысы төмен топтары үшін пәтер жалдау төлемдерін субсидиялаудың жаңа тетігі келесідей принциптер бойынша жүзеге асады:
- жалға алынған тұрғын үй бағасының 50 пайызы бюджет қаражаты есебінен төленеді;
- 50 пайызын төлем алушы өз есебінен төлейді.
Азаматтың тұрғын үйге мұқтаждар есебінде болуын және тиісті мәртебесінің болуын «Отбасы банк» АҚ мемлекеттік деректер базасы арқылы айқындайды. Өтінім қабылдау 18 сәуірден басталды. Тұрғын үйді жалдау ақысын төлеу механизмі туралы, соның ішінде өтінім беру процесі жайлы толығырақ «Отбасы банкінің» ресми сайтынан білуге болады. Сілтемесі: https://hcsbk.kz/ru/ .
7-20-25 және «Нұрлы жер» бағдарламаларының тоқтатылуына орай
Ұлттық банктің мәліметіне сүйенер болсақ, бүгінде аталған бағдарламаларды жүзеге асыру үшін 500 млрд теңге қосымша қаржы бар. Бағдарламалар қарастырылған қаражаттың толық игерілгенінше созылады.
Сонымен қатар қазіргі таңда жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалардың аяқталуына және зейнетақы жинағын алудың қысқаруына орай баламалы шара ретінде ипотекалық несиелерді субсидиялау тетігін енгізу қарастырылуда.
Бұған дейін жүзеге асырылған «Нұрлы жер» бағдарламасындағы шаралар «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасына қайта енгізілді.
Осыған орай, жеңілдетілген несиелеу бағдарламалары «Отбасы банкі» арқылы одан әрмен жүзеге асырылатын болады.
Жалпы алғанда, Министрлік профильді ведомстволармен және кәсіби бизнес-қауымдастықпен бірлесіп, саланы одан әрмен дамыту және онда қалыптасқан мәселені оңтайлы шешу, сапалы тұрғын үймен қамту, азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға орай Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау бойынша бірқатар нақты жұмыстар атқаруда.