2021 жылғы 12 айдың қорытындысы бойынша өңірде негізгі макрокөрсеткіштердің оң динамикасына қол жеткізілді. Бұл туралы ҚР Президенті Қ. Тоқаевтың қатысуымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев хабарлады, деп хабарлайды kazlenta.kz.
2021 жылы өңдеу өнеркәсібін дамыту саласындағы өндіріс көлемі 1,7%-ға артып, 183 млрд теңгені құрады.Мысалы, мұнай өңдеу өнімдерін өндіру – 3,8%, фармацевтикалық өнімдер – 28,5% және металлургия өнеркәсібі 6,6% өсті.
«Бұл салада жалпы құны 19,4 млрд теңге болатын 10 инвестициялық жоба іске асырылды. Нәтижесінде жаңадан 600-ден астам жұмыс орны құрылды. Өңірге тартылған инвестиция көлемі 3,6%-ға артып, 627 млрд теңгені құрады», — деді облыс басшысы.
2021 жылы облыста 244 млрд теңгеге жуық қаржыға 25 инвестициялық жоба іске асырылып, 1400-ден астам адам жұмыспен қамтылды.
Өңірге инвестиция тартуда арнайы экономикалық аймақтың үлесі зор.
«Арнайы экономикалық аймағы ашылғалы бері 253 млрд теңгеден астам инвестиция тартылды. Бүгінде бұл аймақта 23 өндіріс ошағы жұмыс істеп тұр. Онда 2500-ге тарта адам еңбек етуде. Алдағы уақытта шетелдік және отандық инвесторлардың қатысуымен тағы 20 жоба жүзеге асырылуда және оның төртеуі биыл іске қосылады», — деді әкім.
Өңір басшысының айтуынша, қазіргі таңда облыстың туризм саласының даму үрдісі жақсы. Салада көрсетілген қызметтер көлемі 5,7 млрд теңгені құрап, 69%-ға өсті. Өңірге шетелдер мен ел аймақтарынан 225 мыңнан астам турист келіп, келушілер саны 2,1 есеге артты.
Ақтау қаласының жағажайындағы курорттық аймақты дамытудың 2-кезеңі аясында 5 ірі жобаны іске асыру қарқынды жүргізілуде. Нәтижесінде 95 млрд теңгеден астам инвестиция тарту арқылы 326 жұмыс орны ашылды.
Ауыл шаруашылығында 22,2 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, 3,1%-ға өсім қамтамасыз етілді. Былтыр осы салада жалпы құны 8,2 млрд теңге болатын 10 жобаны жүзеге асыру арқылы 300-ге тарта жұмыс орны құрылды.
Облыстағы әлеуметтік-экономикалық жағдайдың тұрақтылығына қарамастан, бірқатар түйткілді мәселелер бар.
Біріншіден, маңызды мәселе мал азығын дайындау және оның құнын арзандату. Мәселені шешу үшін қайтарымды қаражат ретінде жергілікті бюджеттен 2,1 млрд теңге бөлініп, 11 518 тонна шөп, 5 131 тонна жем сатып алынды, оның ішінде қорда 6 мың тонна шөп, 1 мың тонна жем бар. Өткен жылы Үкімет резервінен аналық мал басына азық сатып алуға жұмсалған шығындарды өтеуге бөлінген 1,2 млрд теңге толықтай игеріліп, 733 шаруа қожалығына және 6 776 жеке қосалқы шаруашылыққа қолдау көрсетілді.
Биыл да аналық мал басына азық сатып алуға жұмсалған шығындарды өтеуге Үкімет резервінен 664 млн теңге қаражат бөлінді. Бұл шамамен жеке қосалқы шаруашылықтардың 136 мыңға жуық мал басын азықпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Үкіметтің қолдауымен «Қазақстан темір жолы» компаниясымен сәуір айына дейін мал азығын тасымалдауға 75%-ға дейінгі жеңілдік берілді.
Бұған қоса, мұнай компанияларымен бірге қысқы азықтың бағасын арзандату мақсатында 166 млн теңге қарастырылып, жеңілдетілген бағамен 130 мыңнан астам қап мал азығы сатылды. Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан өзге облыстардан қажетті жем көлемін жеткізу үшін қолдау көрсетілуде және бұл жұмыстар үнемі бақылауда.
Екіншіден, инфляцияны төмендету мәселесі, оның ішінде азық-түлік бағасын тұрақтандыру.
«Бүгінгі таңда әлеуметтік маңызы бар тауарлардың 17 түрі бойынша 7 мың тонна өнім қоры жасақталды. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 2021-2022 жылдарға 2,5 млрд теңге бөлінді», — деді облыс басшысы.
Жеке инвесторлар есебінен Ақтау қаласының 36 шағын ауданында коммуналдық базары мен көтерме тарату орталығы жобаларын іске асыру жұмыстары басталды. Аталған екі жобаны 2023 жылы іске қосу жоспарлануда.
Өңірдегі азық-түлік бағаларының көтерілу мәселесі әлі де өзекті. Облысқа азық-түлік тауарларының 85% еліміздің басқа өңірлерінен және шетелдерден тасымалданатыны белгілі.
Маусымаралық кезеңде бағаның күрт өсіп кету қаупі наурыз-мамыр айларында байқалады. Осы жағдайда азық-түлік тауарларының 13 түрін «айналым» қаражаты механизмі арқылы 34 мың тонна көлемінде сатып алуға 11,7 млрд теңгеге қажеттілік туындап отыр. Бұл өз кезегінде тауарлардың бағасын төмендетуге және оның 3 айлық қорын қалыптастыру арқылы маусымаралық кезеңде бағаны тұрақтандыруға мүмкіндік береді.
Үшіншіден, жұмыспен қамту шаралары. Бүгінде облыс бойынша жұмыссыздық деңгейі 4,9% құрайды. Әлеуметтік мәселені шешу мақсатында бірнеше бағытта жұмыстар атқарылуда. Жұмыссыздық мәселесіне орай негізінен жергілікті тұрғындар мұнай-газ саласында жұмыс жасауға ниет білдіреді. Осы мақсатта 2019 жылдан бері «арнайы алгоритм» іске қосылып, кезекте 4 637 адам тұрса, соның бүгінге 1 447 адам тұрақты жұмысқа орналасты.
«Сонымен қатар, «Жұмыс жасаймын» пилоттық жобасы басталды. Оған жергілікті бюджеттен 255 млн теңге қарастырылып, 523 азамат тұрақты жұмыспен қамтылды. Биыл да бұл жобаны іске асыруды жалғастыруға жергілікті бюджеттен 955 млн теңге бөлінді», — деді Нұрлан Ноғаев.
Облыс әкімі облыстағы қоғамдық-саяси жағдайға, оның ішінде еңбек саласында байқалған жоғары тәуекелдерге арнайы тоқталды. 2021 жылы 62 ұжымдық еңбек дауы тіркелді, оның 24-і 3 сағаттан астам жұмысты тоқтатты. Басты талаптары – жалақыны арттыру. Бұл «ҚазМұнайГаз» компаниясының еншілес ұйымдары мен сервистік қызмет көрсететін жеке мердігерлік компаниялар қызметкерлерінің жалақысында айырмашылықтардың болуына, сондай-ақ қызметтер үшін әртүрлі тарифтерге байланысты.
«Бұдан басқа, бірқатар компаниялар жалақыны арттыру және әлеуметтік пакетті жақсарту мақсатында мекемелерін мемлекет қарамағына өткізу туралы талаптарды көтеріп келеді. Сонымен қатар, бірқатар компанияларда жалақыны уақтылы төлемеу, жалақыны және әлеуметтік пакетті арттыруға қатысты проблемалар бар», — деді облыс әкімі.
Әкімдік еңбек дауы мәселелері бойынша Үкімет пен «ҚазМұнайГаз» компаниясы және басқа да мемлекеттік органдармен бірлесіп шешімдер қабылдауда. Жалпы әлеуметтік әріптестік бойынша өңірде үшжақты комиссия жұмыс жасайды.
Қазіргі таңда 1 мың салымшыны қамтитын 8 проблемалық тұрғын үй нысаны бар. Үлескерлердің мәселелерін шешу мақсатында арнайы кеңес жұмыс жасайды. Әкімдік тарапынан жаңа инвесторларды тарту арқылы құрылысты жандандыру бойынша шаралар қабылдануда.
Кешенді жоспарды жүзеге асыру нәтижесінде келесі мәселелерді шешуге мүмкіндіктер берілді:
- ауыз су тапшылығын шешу бағытында жалпы су тұщыту қуаты тәулігіне 286 мың текше метрді құрайтын 9 жоба және 12 ауылдық елді мекенді ауыз сумен қамту шаралары жүзеге асырылады. Нәтижесінде ауылдық елді мекендерді ауыз сумен қамту 100%-ға жеткізіледі.
- инженерлік-инфрақұрылыммен қамту бойынша су бұру, электрмен қамту, жылу және газ желілерін салу жұмыстары жүргізіледі.
- үш ауысымды оқытуды жою және орын тапшылығын шешу үшін 24 мектепті салу мен 11 мектепке қосымша құрылыс жүргізіледі;
- әлеуметтік салада қолжетімді және сапалы қызмет көрсету, грант бөле отырып кадр мәселесін шешу;
- экология ахуалын жақсарту және азаматтық қорғанысты күшейту.