Қазіргі таңда баламалы энергетиканың көптеген технологиясы дәстүрлі көздермен салыстырғанда электр энергиясы өндірісінің неғұрлым шығынсыз тәсілдерін ұсынуда. Осы тұрғыдан келгенде қоршаған ортаны қорғау, экологиялық мәселелерді реттеу, туризмнің өркендеуіне мүмкіндік ашу бағытында облыста бірқатар жұмыстар атқарылған, деп хабарлайды kazlenta.kz.
Облыста барлығы 35,3 мың шақырым таратушы электр желілері және 7,6 мың бірлік қосалқы стансы бар. Бүгінгі таңда облыстағы желілердің тозуы 58 пайызды, шығындар 14,7 пайызды құрайды. Энергия беруші ұйымдардың балансында 32871 шақырым ЭБЖ және 6 809 бірлік ТП бар. Аймақтың электр энергиясын тұтынуы 589,48 МВт құрады, оның ішінде меншікті өндіріс 382,28 МВт, ал жалпы өндіріс көлемі ЖЭК үлесі 72 МВт (Іле өзеніндегі СЭС-ті, Қапшағай қаласындағы СЭС-ті және Шарын өзеніндегі Мойнақ СЭС-ін қоспағанда). Басқа өңірлерден 207,2 МВт сатып алынады.
Өткен жылы электрмен жабдықтаудың 32 жобасын іске асыруға республикалық, жергілікті бюджеттен 2,78 млрд.теңге бөлініп, 253 шақырымнан астам электрмен жабдықтау желілері салынды және реконструкцияланды. Алакөл, Еңбекшіқазақ, Кербұлақ, Көксу, ұйғыр және Панфилов аудандарының электрмен жабдықтау схемаларын болашақта дамытуды көздейтін техникалық экономикалық негіздемесі әзірленді. Оның шеңберінде жаңартылған энергия көздері объектілерінің қуаттарын беру схемасы да ескерілген. Биыл "Ауыл - Ел бесігі" бағдарламасы шеңберінде Электрмен жабдықтаудың 6 жобасын іске асыруға республикалық, жергілікті бюджеттен 1 119 млн.теңге бөлінді. Сондай-ақ, электр желілерін қайта құру және салу бойынша 23 жобаның жобалау сметалық құжаттамасын әзірлеуге бюджеттен 183,8 млн.теңге қарастырылған.
Бүгінгі таңда облыс тұрғындарының электр желілері мен электр қуатына қажеттілігін қамтамасыз ету үшін жел ресурстарын пайдалану арқылы жел электр станциялар құрылысының бірнеше жобасы іске асырылуда. Бұл бағыт бойынша Қапшағай өңірінде өнімді жұмыс жүргізілуде. Айталық, 2018 жылдың шілде айында «ВЭС Сарыбұлақ» ЖШС мен «ВЭС Сарыбұлақ-2» ЖШС-нің жел электр станциясы іске қосылды, мұнда жалпы өнімділігі 9,0 МВт болатын 11 жел генераторы жұмыс жасайды. Нәтижесінде 5 жаңа жұмыс орны құрылды. Жобаны іске асыруға 3,0 млрд. теңгеден астам инвестиция тартылды. 2018 жылы кәсіпорын 12,8 млн. кВт/сағ. электр энергиясын өндірді. 2019 жылы «ВЭС Кербұлақ» ЖШС-і және «ВЭС Кербұлақ-2» ЖШС-нің жалпы қуаты 9,0 МВт жел электр станциясы қосылды. Сондай-ақ, Қапшағай қаласында ҚР Үкіметінің «Жаңартылатын энергия көздерін дамыту» бағдарламасы аясында «Аннар» ЖШС-ның қуаттылығы 5 МВт-ты құрайтын жел электрстансасы жұмыс істей бастады. Қапшағайда жүзеге асқан жобаға «Аннар» ЖШС 1 млрд 440 млн теңгенің инвестициясын салған. Шаһарда суэлектр стансасы 1970 жылдан бері жұмыс істеп келе жатса, 2014 жылы қуаты 2 МВт болатын күн стансасы іске қосылған болатын. Енді олардың қатары жел электр стансасымен толықты.
Жел электр стансасының басқа энергия көздерінен экологиялық және экономикалық артықшылығы көп. Ол көмір мен мұнайды, газды үнемдеуге, әсіресе қоршаған ортаны ластанудан сақтайды. Мамандардың сөзіне сүйенсек, жел күшінен өндірілетін энергия мөлшері желдің тығыздығына, жел турбинасы қалақшаларының ауданына, жел жылдамдығына тәуелді болмақ. Биіктігі 44 метрді, турбина қалақшасы 58 метрді құрайтын жел электр стансасы тәулігіне 60-70 мың кВт электр қуатын өндіреді. «ВЭС Сарыбұлақ», «АННАР» ЖШС, «Технобозальт» сияқты жаңа технология парктерін көріп, жұмыс барысымен танысқан едік. Қысқасы, іргесінен Іле өзені ағып өтетін, айналасы жазық Қапшағай өңірі жыл он екі ай самал есіп тұратын аймақ. Оның үстіне Қапшағайдың бойлық және ендік орналасу кординатасы күн нұры тіке түсетін және жыл бойы күн энергиясынан тапшылық көрмейтін жер. Демек, өңірдің осындай қасиеті баламалы энергия көздерін өркендетуге мол мүмкіндік береді.
Жалпы, баламалы энергия көздерін іздеудің бүгінгі күні маңызы артып келеді. Энергияны шектен тыс пайдалану салдарынан жер бетінде жаһандық жылыну үрдісі жүруде. Ал жер бетіндегі температурының көтерілуі, жаһандық жылыну бүгінде әлем елдерінің басын қатырып отырған мәселе. Осы орайда Алматы облысындағы баламалы энергия көздерін табу, табиғаттың өзін энергия көзі ретінде пайдалануға ынта жоғары болып отыр деуге болады. Бұл үрдіс алдағы уақытта да сәтті жалғасын табады.
Қажет Андас, Алматы облысы