Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Ұлттық Қоғамдық денсаулық орталығы, «Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығы», Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ және «Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы» сарапшылары вирустық аурулардың алдын алу, иммунитетті нығайту және постковидтік асқынулар туралы айтты, деп хабарлайды kazlenta.kz.
Қазір вирустық сипаттағы респираторлық инфекциялардың 200-ден астам қоздырғышы бар. Ең көп таралған қоздырғыштарға А және В тұмауы вирустары, риновирустар, параинфлуа вирустары (1-4 түрі), тыныс алудың синцитиальды вирусы, коронавирустар және аденовирустар жатады. Жақында коронавирус серотиптері (MERS-CoV, SARS-CoV, NL63 және HKU) және энтеровирус, бокавирус және метапневмовирус сияқты жаңа вирустар ашылды. 2019 жылдың желтоқсанында SARS-CoV -2 вирусы алғаш рет анықталды.
«Тыныс жолдарының инфекциясы негізінен ауа тамшылары мен байланыс арқылы тарайды. Науқас түшкіргенде немесе жөтелгенде ауаға шырыш бөлшектері шашырайды да, екінші адам демалғанда ауамен жұғады. Диаметрі 10 мкм-ден аз ұсақ бөлшектер 1,8 метр арақашықтықта жұғуы мүмкін»,-деді ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ҰҚДО «Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығы» филиалы директорының орынбасары Манар Смағұл.
Көптеген вирус жоғарғы тыныс жолдарының инфекциясын тудырады, мысалы риновирустар, бірақ төменгі тыныс жолдарының инфекцияларына, мысалы, тұмау вирустарына, кейде өкпе паренхимасына да әсер етеді. Кейбір инфекциялардан некроз және жасуша өлуі мүмкін.
Егде жастағы адамдар, жас балалар, жүкті әйелдер және созылмалы аурулары (астма, қант диабеті, жүрек-тамыр аурулары) барлар және иммунитеті әлсіреген адамдар респираторлық инфекцияларға бейім. Көбінесе вирустық пневмония жиі асқынады.
«Вирустық пневмония тез өршиді және көп пациенттің 24 сағат ішінде тыныс алуы нашарлайды, яғни, жедел механикалық желдетумен тыныс алу қажет болады», - деп түсіндірді М.Смағұл.
Постковид синдромы немесе ковидтен кейінгі асқынулар CОVID-19-дан жазылған адамдардың шамамен 20%-ында кездеседі. Ол ұзақ мерзімді және 12 апталық болуы мүмкін, ал 2,3% жағдайда ұзақ уақыт зардап шегеді. Жалпы ұзақ мерзімді белгілердің ішінде медицина қызметкерлері тұрақты жөтел, субфебрильді температура, ентігу, әлсіздік, кеудедегі ауырсыну немесе қаттылық, жүрек соғысының жиілеуі, бас ауруы, дәм/иіс жоғалуы, бас айналу, есте сақтау қабілетінің жоғалуы, көңіл-күйдің өзгеруі, ұйқының бұзылуы, делирий (қарттар) және психикалық денсаулықтың бұзылуын (мысалы, мазасыздық, депрессия) байқаған.
Тыныс алу жолдарының инфекциясын, соның ішінде коронавирусты жұқтырмас үшін маска киіп, оны екі сағат сайын ауыстырып отыру керек, қолды үнемі сабынмен жуу қажет. Адамдар көп жиналатын жерлерге бармаған дұрыс. Сондай-ақ, стресстен сақ болыңыз және спортпен шұғылданыңыз.