ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкіметтің кезекті отырысында 2024 жылғы қаңтар-ақпан айларындағы елдің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және республикалық бюджеттің атқарылуы қаралды. Тақырып бойынша ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров пен қаржы министрі Мәди Такиев баяндама жасады, деп хабарлайды kazlenta.kz.
Ұлттық экономика министрінің айтуынша, биылғы қаңтар-ақпан айларының қорытындысы бойынша Қазақстан экономикасының өсуі 4,2%-ды құрап, қаңтардағы 3,9%-ға қарағанда жеделдеді. Нақты секторда оң динамика байқалуда. Нақты сектор 5,1%-ға, ал қызмет көрсету саласы 3,5%-ға өсті. Салалар арасында ең жоғары өсуді құрылыс, ақпарат және байланыс, көлік және қоймалау, сондай-ақ өңдеу өнеркәсібі көрсетті.
Негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсуі 7,9%-ды құрап, қаңтардағы 0,6%-ға қарағанда айтарлықтай жеделдеді. Инвестициялар көлемі құрылыста 2,7 есеге, білім беруде 56%-ға, көлік және қоймалауда 47%-ға, ақпарат және байланыста 45%-ға, өңдеу өнеркәсібінде 37%-ға, ауыл шаруашылығында 12%-ға өсті. Өңірлер арасында ең жоғары өсу Қызылорда, Түркістан, Жетісу облыстарында, сондай-ақ Астана қаласында байқалды. Бұл ретте Ақмола, Атырау және Маңғыстау облыстарында инвестиция көлемінің төмендеуі байқалады.
Алдын ала қорытынды бойынша биылғы қаңтарда сыртқы саудадағы тауар айналымы $10 млрд-тан асты. Экспорт $6 млрд-қа жуықтады, оның ішінде өңделген тауарлар экспорты – $1,6 млрд. Тауарлар импорты $4 млрд-тан асты. Жалпы оң сауда балансы $1,7 млрд-ты құрады.
Өңдеу өнеркәсібі өсу қарқынының жеделдеуін көрсетуде. Өндіріс көлемі 7,4%-ға өсті. Көрсеткіштің өсуі 16 өңірде тіркелді. Соның ішінде ең жоғары өсуді Қызылорда, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан және Батыс Қазақстан облыстары көрсетті. Өңдеу өнеркәсібі салалары бойынша машина жасау өндірісінің 23%-ға, оның ішінде автомобиль жасаудың 21%-ға және электр жабдықтарын жасаудың 45%-ға өсуі қамтамасыз етілді.
Сондай-ақ өсу келесі салаларда байқалып отыр: металлургия өндірісі өткен жылы 0,2%-ға төмендесе, биыл 11%-ға өсіп отыр, химия өнеркәсібі өндірісі 25%-ға, металл бұйымдары өндірісі 24%-ға, құрылыс материалдары өндірісі 1,4%-ға, жеңіл өнеркәсіптегі өндіріс 2,3%-ға және жиһаз өндірісі 23%-ға өсті.
Тау-кен өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 1,9%-ға жоғарылады. Бұл ретте металл кендерін өндіру 7,2%-ға, газ өндіру 1,2%-ға, мұнай өндіру 0,4%-ға, өзге де пайдалы қазбаларды өндіру 2,9%-ға өсті. Көмір өндіру 4,1%-ға төмендеді.
Ұлттық экономика министрі Нұрлан Базарбаевтың мәлімдеуінше, құрылыста өсудің жоғары қарқыны сақталуда. Құрылыс жұмыстарының көлемі 12,7%-ға ұлғайды. 18 өңірде оң өсу тіркелді, әсіресе құрылыс-монтаждау жұмыстарының ең көп өсуі Жетісу, Қызылорда, Жамбыл және Павлодар облыстарында байқалды. Биылғы қаңтар-ақпанда 2 млн шаршы метрден аса тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 3,4%-ға төмен. Тұрғын үйді пайдалануға берудің айтарлықтай төмендеуі Ұлытау, Маңғыстау, Атырау облыстарында, сондай-ақ Алматы қаласында байқалды. Ең жоғары көрсеткіш Жетісу облысында және Астана қаласында тіркелді.
Ауыл шаруашылығының жалпы шығарылымы 1,3%-ға өсті. Ең жоғары өсуді Алматы, Павлодар, Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстары көрсетті. Барлық 7 экономикалық көрсеткіш бойынша оң өсу 7 өңірде – Қызылорда, Абай, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Шығыс Қазақстан облыстарында, сондай-ақ Астана қаласында байқалды.
Нұрлан Базарбаевтың айтуынша, экономиканың өсуін одан әрі қамтамасыз ету үшін орталық және жергілікті атқарушы органдар келесі шараларға ден қоюы қажет:
- экономика салаларында өсудің оң қарқынын жоспарланған деңгейде қамтамасыз ету, оның ішінде қолданыстағы өндірістерді кеңейту және жаңа өндірістерді іске қосу есебінен;
- экономика секторларына жеке инвестицияларды ұлғайту;
- экспорттаушылардың сұраныстарына жедел ден қою, шикізат емес экспортты жан-жақты қолдау;
- тұтыну бағаларының өсуін тежеу, көктемгі дала жұмыстарына дайындық жұмыстарына кешенді қолдау көрсету;
- бюджеттік инвестициялық жобаларды уақытылы іске асыру.
Әрі қарай қаржы министрі Мәди Такиев өз саласы бойынша баяндама жасады. Оның айтуынша, осы жылдың 2 айының қорытындысы бойынша мемлекеттік бюджетке 3 трлн 224 млрд теңге түсті немесе жоспар 102,5%-ға орындалды. Республикалық бюджетке 1 трлн 902 млрд теңге кірістер түсті немесе жоспар 83%-ға орындалды.
«Кірістер бойынша жоспар 396 млрд теңгеге орындалмады. Бұл импортқа қосылған құн салығы, корпоративтік табыс салығы және шикі мұнайға экспорттық кеден бажы. Басты себептердің бірі – негізгі экспорттық тауарларға әлемдік бағаның төмендеу үрдісі. Мәселен, биылғы қаңтар-ақпанда металдардың бағасы орта есеппен 9,1%-ға төмендеген. Оның ішінде аллюминий 10,8%-ға, мырыш 24,1%-ға түскен», — деді М. Такиев.
Сондай-ақ «Теңізшевройл» ЖШС мұнай экспорты көлемін 2022 жылғы желтоқсаннан 2023 жылғы қаңтарға ауыстыруына байланысты экспорттық кедендік баж салығы салынатын шикі мұнай экспорты көлемінің 1 млн тоннаға азайғаны байқалады. Бұдан басқа жоспардың орындалмауына 2023 жылғы берешек бойынша 594 млрд теңгенің 252 млрд теңге сомасына ҚҚС қайтарылуы әсер етті.
Жергілікті бюджеттердің кірістері 156%-ға атқарылды және 1 трлн 322 млрд теңгені құрады. Жоспар 475 млрд теңгеге, оның ішінде салықтар бойынша 433 млрд теңгеге асыра орындалды. Кірістер бойынша жоспарлар барлық өңірлерде асыра орындалды.
Қаржы министрі Мәди Такиевтің мәлімдеуінше, республикалық бюджет бойынша 3,7 трлн теңге сомасына шығыстар жүргізілді. Атқарылмау 70 млрд теңгені құрады, оның ішінде үнемдеу – 25 млрд теңге. Игерілмегені – 45 млрд теңге. Ең көп игерілмеу сомасы Туризм және спорт, Қаржы, Мәдениет және ақпарат министрліктерінде және мемлекеттік күзет қызметінде қалыптасты. Негізгі игерілмеу себептері мемлекеттік сатып алу бойынша өткізілмеген конкурстар, конкурстық рәсімдер мен шарттар жасасу рәсімдерінің ұзаққа созып өткізілуі болып отыр.
Жергілікті бюджеттердің шығыстары 1 трлн 409 млрд теңгені құрады. Атқарылмағаны – 74 млрд теңге. Биыл өңірлерге 1,8 трлн теңге сомасында нысаналы трансферттер көзделген. Оларға 1 наурызға 74 млрд теңге бөлінген. Олардың 90,7%-ы игерілген. Атқарылмағаны – 7 млрд теңге, оның ішінде үнемдеу – 1 млрд теңге, игерілмегені – 6 млрд теңге. Неғұрлым көп игерілмеу Астана қаласы, Қарағанды, Маңғыстау және Қызылорда облыстарында қалыптасты.
«Мемлекеттік аудит бойынша осы жылдың 2 айында 3,8 трлн теңгеден астам сомаға 142 мыңнан астам мемлекеттік сатып алу рәсімі камералдық бақылаумен қамтылды. Тексеру қорытындылары бойынша 18 240 рәсімде бұзушылықтар анықталды, оның ішінде мемлекеттік аудит объектілері бұзушылықтарды жою туралы хабарламалардың 91%-ын орындады», — деді Мәди Такиев.
Бұдан басқа 467 млрд теңге бюджет қаражатына 239 аудиторлық іс-шара өткізілді. Сомасы 12 млрд теңгеге жуық қаржылық бұзушылықтар анықталды. 568 млн теңгеге қаржылық бұзушылықтар жойылды.
Мемлекеттік активтерді басқару бойынша Жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарында 657 объектіні сату көзделген. Кешенді жоспарды іске асыру басталғаннан бері 396 млрд теңге сомаға 384 объект бәсекелес ортаға берілді, 70 объект қайта ұйымдастыруға және таратуға жіберілді. Биылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша 25 объект – сатылымда, 178 объект – сату алдындағы дайындықта және 4 объект сатылды.