Елена Хрусталева – биатлоннан әлемдік додаларда еліміздің атын әйгілеп, көк байрағымызды асқақтатқан саңлақ спортшы. Ол – үш мәрте Еуропа чемпионы, Ванкуверде өткен Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері, Азия ойындарының жеңімпазы, ҚР еңбек сіңірген спорт шебері.
Бүгінде Елена скандинавиялық жүріспен тұрақты түрде айналысып, аса көп таныла қоймаған спорт түріне ден қойған. Сондай-ақ, пилатес жаттығуына да көңіл қойып, оның кең өріс алуына атсалыспақ. Нақтырақ айтқанда, америкалық пилатес мектебінде дәріс алып, білімін жетілдірген. Бүгінде пилатес жаттықтырушыларының қатарына қосылып үлгерді.
Жақында биатлоншы қыздың бүгінгі тіршілігі мен алдағы жоспарлары жөнінде аз-кем әңгімелескен едік.
- Елена Владимировна, қайырлы күн! Сұхбатымыздың алғашқы сұрағын бүгінде өзіңіз айналысып жүрген «скандинавиялық жүріс» жайында бастасақ. Бұл спорт түрі турасында аз-кем айтып өтсеңіз. Пайдасы мен артықшылықтары қандай?
- Скандинавиялық жүріс – жан-жақты жаттығу түрі. Адам организмі үшін нағыз таптырмайтын жаттығу десем артық болмайтын шығар. Себебі, скандинавиялық жүріспен айналысу кезінде жүрек, бұлшық ет және тыныс алу жүйесінің қызметі жақсарады. Ол үшін арнайы спорт залы немесе жүзу алаңы, тау-тасты аралау қажет емес. Яғни, қолжетімді спорт түрі десек болады. Жүруге ыңғайлы жердің барлығында скандинавиялық жүріспен айналысуға болады. Мен қозғалысты, жаттығуды жақсы көремін. Сондықтан, бұл жаныма жақын, ең тиімді спорт түрі деп ойлаймын.
Біз кәсіпқой тренингтерде көбіне таяқпен жаяу жүреміз. Ол «имитация» деп аталады. Сондай-ақ, біз жаттығудың екі түрін жасаймыз. Алғашқысы – жаяу серуендеу (скандинавиялық жүріс, күрделірек рельеф) және екінші түрі – секіру (өте қарқынды жаттығу).
- Қазіргі күні пилатестен де жаттықтырушылықпен айналысып жүрсіз. Сұхбаттарыңыздың бірінде америкалық мектептен арнайы білім алып шыққаныңызды да айтып қалдыңыз. Қазақстандағы пилатестің жай-күйі жөнінде не айтасыз?
- Пилатес – бүкіл дененің үйлесімді дамуы үшін жасалатын жаттығулар жүйесі. Сонымен бірге тірек-қимыл аппаратының жай-күйін жақсартуға көмектеседі. Мәселен, буын және оның байланыс қызметін нығайтып, икемділік пен күш-жігерді арттырады. Пилатес сабақтары кезіндегі жаттығулар дене қозғалысын толықтай сезінуді қажет етеді. Яғни, сіз жаттығуды бар жан-тәніңізбен сезінуіңіз маңызды. Нақтырақ айтқанда, бұл – механикалық қозғалыс емес, саналы қозғалыс.
Біздің елімізде пилатес енді ғана кәсіби деңгейге көтеріліп келеді. Мен 2 жылдай пилатестен білім алдым. Оқу процесі арнайы міндетті оқу бағдарламалары негізінде болды. Енді алдағы екі жылымды пилатесті тереңірек меңгеруге жұмсаймын деген ойым бар. Жалпы пилатес екі күн ішінде толық үйренетін дүние емес. Оған уақыт бөліп, жан-жақты игеру керек. Ол адамның ішкі жан дүниесі мен сыртқы дүниесіне тыныштық сыйлайтын және жаттықтыратын спорт түрі. Мен әлі де оның қыр-сырын меңгеріп, өзімді шыңдасам деймін.
- Жыл сайын биатлоннан Е.Хрусталева атындағы жүлде үшін балалар жарысы өтеді. Бұл идея қалай келді? Әлде шәкірт тәрбиелеудің бір жолы деп айтуға бола ма?
- Жасөспірімдер арасында жүлделі жарыстар ұйымдастыру туралы бастаманы «Балалар мен жасөспірімдер мектебі» директорларының бірі ұсынды.
Әрине, жарыстар ұйымдастыру – оқу-жаттығумен айналысудың негізгі бөлігі. Бірақ, оның жас балаларға берері оқу жүйесімен ғана шектелмейді. Неге десеңіз, жарыстар – балалар үшін ең үлкен ынталандыру. Жас спортшы өзін шыңдау, шабыттандыру үшін жарыстарға жиі қатысып тұру керек деп ойлаймын.
Қазіргі команда жас спортшылардан құралған. Сондай-ақ, олар тәжірибе мен жетілдіруді қажет етеді. Сондықтан, олармен көп жұмыс жасау керек.
- Алдағы жоспарларыңызды бөлісе отырсаңыз...
- Дәл қазіргі уақыттағы жоспарларымның негізгі бағыты – биатлоннан ұлдар мен қыздар арасында жарыстар өткізу. Нақтырақ айтсақ, Нұр-Сұлтан, Щучинск және Өскемен қалаларында қараша айының аяғында және желтоқсан айының басында фестиваль ұйымдастырылады.
Бүгінде дәл осы балалар мен жасөспірімдер олимпиадасының фестиваліне арналған жобамен жұмыс жасап жатырмын. Сондай-ақ, жас спортшыларға скандинавиялық жүруден жарыстар өткізу ойда бар. Осы ретте айта кетейін, жас спортшыларды қолдау мақсатында «Елена Хрусталева» олимпиадалық қорын құрдық. Алдағы уақытта қордың жұмыстары арқылы жас спортшылардың дамуына, қалыптасуына өз септігімді тигізгім келеді.
Ал, болашақтағы тағы бір жоспарым – еліміздегі пилатестің дамуына қолдау көрсету. Пилатестен кәсіби мамандарды оқытуды және біліктілігін арттыруды қолға алу керек. Мен пилатес пен фитнес саласында америкалық «Balanced body» мектебін көшбасшы ретінде көремін. Алдағы уақытта елімізде пилатес студиясын ашып, кәсіби спортшылар үшін арнайы бағдарлама құрсам деген мақсатым бар.
Сұхбаттасқан Назерке БАЙДІЛДА