Шымкент қаласында орналасқан іргелі оқу орындарының бірі – Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің Археологиялық орталығы Нидерландтың Лейден университеті ғалымдарымен бірлесіп қазба жұмыстарын жүргізді. Ғылым және жоғары білім министрлігі мәліметінше, халықаралық ғылыми ынтымақтастық аясында Шымкент қаласына жақын орналасқан Төлебайтөбе-2 қорымдары зерттелді, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Тайлытөбе зираты 60-қа жуық қорғанды қамтиды. Олар Тайлытөбе атты қалашықпен бірге Арыс-Бадам ежелгі бекіністі аймағы деп аталатын жерге кіреді. Археологтар бұған дейін ұзындығы 8 шақырымға жуық ежелгі қорғаныс қабырғасын анықтаған болатын. Ол Төлебай төбе және үлкен Қараспан төбе деген қос ежелгі қонысты байланыстырды.Бекініс құрылысы трапеция тәрізді, ауданы шамамен отыз шаршы шақырым болатын қорғаныс аймағын құрайды. Онда осы екі негізгі ескерткіштен басқа, екі мың жылдық тарихы бар 30 ежелгі ескерткіш тіркелген. Олар хронологиялық және аумақтық жағынан Қаңлы мемлекеті дәуіріне тиесілі. Қазба жұмыстары барысында археологтар биыл тоғыз қорғанды ашты.

— Қазба жұмыстары барысында біздің заманымызға дейінгі I ғасыр мен біздің заманымыздың IV ғасырына жататын Қаңлы кезеңіне тән обалар аршылды. Оба ішінен ақсүйек көшпенді жауынгердің жерленгені анықталды. Бұл — қабірден табылған жебе ұштары, тұрмыстық пышақ, ат әбзелдері (ауыздық), белдік тоғалары мен әшекей бұйымдар арқылы дәлелденіп отыр. Ерекше назар аударарлығы — үлкен хұм ыдысының бөліктері қабір ішіне төселген және мәйіт ағаш табыттың үстіне қойылып жерленген. Ағаштың жақсы сақталған бөліктері мен жебелердің сабындағы жіп ізі жерлеу рәсімінің күрделілігін көрсетеді. Алебастр гипстен жасалған бойтұмарлар сол замандағы наным-сенім бойынша зұлым күштерден қорғаушы ретінде қойылған. Сондай-ақ жылқының азу тісі, келесі обадан төмен температурада бағалы металлдарды балқытуға арналған, ғылыми айналымда «тигел» деп аталатын сирек кездесетін керамикалық ыдыс табылды. Бұл — сол кезеңдегі металл өңдеу технологиясына қатысты маңызды жаңалық, – дейді Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің профессоры Александр Подушкин.
«Камераның ұзындығы – 3 метр, ал, ені 2 метр және биіктігі шамамен бір жарым метр. Бұл осында жерленген адамның жоғары мәртебесі болғанын көрсетеді. Қабірден табылған жебе ұштарында былғарының, минералданған матаның іздері көрінеді, тіпті, жіңішке мақта жіппен оралғанын да байқаймыз. Жерлеу орнында беделді сармат жауынгерінің қалдықтары болуы ықтимал. Бізде Қаңлы қоғамының әлеуметтік тұрғыдан сараланған, байлар мен кедейлерге бөлінген және байлар қатарында көшпелі ақсүйектер болғандығы туралы деректер бар. Қаңлының сословиелік қоғамы полиэтностық та болды – оған диқандардан басқа, кейінгі сақтар, сарматтар, азиялық сюннулар сияқты көшпелілер де кірді», – дейді ғалым.