ҚР Премьер-Министрінің төрағалығымен өткен Үкіметтің кезекті отырысында көктемгі егіс жұмыстарына дайындық барысы қаралды. Тақырып бойынша ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров пен энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев баяндама жасады, деп хабарлайды kazlenta.kz.
Ауыл шаруашылығы министрінің айтуынша, 2023 жылы табиғаттың ауыр климаттық жағдайлары шаруалардың қаржылық жай-күйіне әсер етті. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша зардап шеккен фермерлерді қолдау үшін Үкімет тарапынан барлық қажетті шара қабылданды.
«Бүгінгі таңда 2024 жылға арналған басты міндет – көктемгі егіс жұмыстарын уақытылы және сапалы жүргізу. Ол үшін министрлік барлық қажетті шараны қабылдап жатыр. Керекті мемлекеттік органдар мен ұйымдарды, сондай-ақ облыстар мен қалалар әкімдерінің орынбасарларын тарта отырып, өңірлерде көктемгі егіс науқанын жүргізу жұмыстарын үйлестіру жөніндегі жедел штаб құрылды», — деді Айдарбек Сапаров.
Ауыл шаруашылығы министрлігі салада ауқымды талдау жүргізген, оның ішінде орын алып отырған проблемалар және олардың пайда болу себептері анықталды. Жұмыстың нәтижелері бойынша бірқатар жүйелік проблемалар анықталды. Мәселен, агроөнеркәсіптік кешеннің қарқынды дамуын тежеп тұрған мәселелердің бірі – өсімдік шаруашылығында әртараптандырудың дұрыс жүргізілмеуі. Ол үшін министрлік бұған дейін облыстар әкімдіктеріне әртараптандыру бойынша индикаторларды берген болатын, олар бақылауда болуы керек.
Осы жұмысты ескере отырып, облыстар әкімдіктерінің деректері бойынша биыл 23,8 млн га алаңда ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіру жоспарланып отыр, бұл 2023 жылғы көрсеткіштен 209,6 мың гектарға аз. Мысалы, бидайдың егістік алаңдары өткен жылмен салыстырғанда 13,3 млн га болады деп жоспарланып отыр, яғни 429,2 мың га-ға қысқартылды. Қысқартылған алаңдарда әлеуметтік маңызы бар және жоғары рентабельді дақылдар алаңдарын ұлғайту жоспарлануда.
Мәселен, облыстар әкімдіктерінің жедел деректері бойынша майлы дақылдар алаңын 385 мың га-ға ұлғайту жоспарланып отыр, бұл жалпы егіс алаңын 3,2 млн га-ға дейін жеткізуге мүмкіндік береді, оның ішінде күнбағыс сияқты әлеуметтік маңызы бар дақыл алаңын 60 мың га-ға ұлғайту және оларды 1,2 млн га-ға дейін жеткізу күтілуде. Бұдан басқа қант қызылшасы сияқты әлеуметтік маңызы бар дақыл алаңын 12 мың га-ға ұлғайту жоспарланып отыр, тиісінше, биыл қант қызылшасының ауданы 25 мың га-ны құрайды.
Сонымен қатар өңірлерде тұрақты азықтық базаны құру бойынша жұмыстар жүргізілуде, бұл үшін биыл азықтық дақылдар алаңын 68,3 мың га-ға ұлғайтып, оларды 3,2 млн га-ға дейін жеткізу жоспарлануда.
Үкімет тапсырмасын және вегетация кезеңінде фермерлерді суармалы сумен қамтамасыз етуде туындайтын проблемаларды ескере отырып, ылғалды көп қажет ететін дақылдар алаңдарын қысқарту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Биыл өткен жылмен салыстырғанда мақта алқаптарының 116 мың га-дан 100 мың га-ға дейін, яғни 16 мың га-ға қысқаруы болжанып отыр, күріш алқаптары 6,4 мың га-ға қысқарып, 93 мың га-ны құрайды. Жалпы астық дақылдары, көкөніс-бақша дақылдары, картоп бойынша жоспарланған алаңдар ішкі нарықтың қажеттіліктерін толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Бүгінгі таңда еліміздің оңтүстік өңірлерінде егіс жұмыстары жүргізіліп жатыр, 33 мың га-ға дәнді дақылдар, көкөніс, азықтық, майлы дақылдар егілді. Көктемгі егіс жұмыстары және вегетациялық кезеңде ауа райы жағдайы маңызды.
«Сонымен бірге Қазгидрометтің болжамды деректеріне сәйкес елдің оңтүстігі мен шығысын қоспағанда, республиканың көп аумағындағы ылғал қоры оңтайлы. Фермерлердің қар ұстау жұмыстарын жүргізгенін айта кету керек. Алайда көктемгі егіс жұмыстарының басында топырақтағы нақты ылғал қоры көктемнің қалай болатынына қарай айқындалатын болады. Сондықтан тұқымдарды таңдау, себу мерзімі, тыңайтқыштарды қолдану, егу алдында топырақты өңдеу және басқа да қажетті іс-шаралардан бастап, барлық агротехникалық іс-шараның уақытылы және дұрыс жүргізілуіне ерекше назар аудару қажет», — деді ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров.
Маңызды мәселелердің бірі – тұқымдық материалмен қамтамасыз ету. Облыстар әкімдіктерінің жедел деректері бойынша 2024 жылғы егінге 2,4 млн тонна тұқым қажет, осы жылдың 26 наурызына 97% тұқымдық материал бар. 2024 жылға облыстардың жергілікті бюджеттерінде тұқым шаруашылығын дамытуды субсидиялауға 12,8 млрд теңге көзделген.
«Сонымен қатар өңірлерге ауыл шаруашылығы дақылдарының элиталық тұқымдарының үлесі бойынша жоспар жеткізілгенін атап өткен жөн, ол биыл 9,4%-ды құрайды. Осыған байланысты облыстар әкімдіктері бұл мәселені бақылауда ұстауы қажет», — деді ол.
Минералды тыңайтқыштарға келетін болсақ, Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында барлық өңірге тыңайтқыштарды қолдану бойынша индикаторлар жеткізілді. Осы жылы шамамен 1,5 млн тонна тыңайтқыш енгізу жоспарланып отыр, бұл ғылыми қажеттіліктің 46%-ы.
Өз кезегінде тыңайтқыштарды қолдану деңгейін арттыру үшін мемлекет тарапынан барлық қажетті шара қабылдануда.
Бірінші және ең маңызды мәселе – бұл қаржыландыру мәселесі. Жыл сайын тыңайтқыштардың құнын арзандату бағдарламасы бойынша бюджет қаражатының тапшылығы сақталуда.
Екіншіден, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау үшін бүгінде отандық тыңайтқыштарды аванстық субсидиялау көзделген, бұл жерде субсидиялар тікелей отандық зауыттарға беріледі. Бұл субсидиялаудың мүлдем жаңа тетігі, онда шаруалар алдын ала арзандатылған тыңайтқыштармен қамтамасыз етілетін болады.
«Сондай-ақ фермерлердің ағымдағы қаржылық жай-күйін ескере отырып, қазіргі уақытта тыңайтқыштарды зауыттардан әкімдіктердің кепілдігімен бөліп төлеуге беру мәселесі пысықталуда. Жалпы бұл шаралардың барлығы тыңайтқыштарды қолдану көлемін арттыруға ықпал етеді», — деді Айдарбек Сапаров.
Ауыл шаруашылығы министрінің айтуынша, бүгінгі таңда фермерлерге барлығы 147,5 мың тонна тыңайтқыш жөнелтілді, 173,4 мың тоннаға шарттар жасалды. Бұл бағыттағы белсенді жұмыстар тек Солтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстарыңда ғана жүргізілуде. Осыған байланысты облыстардың әкімдіктері бұл мәселені бақылауға алып, фермерлерді тыңайтқышпен қамтамасыз ету бойынша жұмысты жеделдетулері қажет. Сондай-ақ егінді сақтап қалу үшін егістіктерге химиялық өңдеуді уақытылы жүргізу қажет. Осы мақсаттар үшін мемлекет пестицидтердің құнын 50% мөлшерінде субсидиялау түрінде қолдау көрсетеді, бұл саламатты фитосанитариялық жағдайды сақтауға мүмкіндік береді.
Көктемгі науқанды техникалық қамтамасыз етуге келетін болсақ, егіс науқанын жүргізу үшін ауыл шаруашылығы құралымдарында 149,9 мың трактор, 5 мыңға жуық жоғары өнімді егіс кешені, 76 мың тұқым сепкіш, 219 мың топырақ өңдеу құралы бар.
«Бүгінгі таңда өңірлердің ақпараты бойынша техниканың дайындығы шамамен 85%-ды құрайды, жаппай егіс жұмыстарының басталуына бұл техника 100%-ға дайын болады. Бұдан басқа өткен аптада министрлік кеңес өткізгенін атап өткім келеді, онда отандық ауыл шаруашылығы техникасын өндірушілермен қосалқы бөлшектерді уақытылы жеткізу және оларға қолайлы баға белгілеуді қалыптастыру мәселелері талқыланды», — деді Айдарбек Сапаров.
2024 жылғы көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге жеңілдетілген дизель отынының көлемін қалыптастыру алғаш рет «gosagro.kz» арқылы шаруалардың электрондық өтінімдері негізінде жүзеге асырылды. Республика бойынша барлығы 340 мың тонна дизель отыны көлеміне жиынтық өтінім қалыптастырылды. Олардың негізінде Энергетика министрлігі дизель отынын тиеп-жөнелту бойынша мұнай өңдеу зауыттарына облыстарды бекітіп беру графигін, сондай-ақ жеңілдікпен берілетін дизель отынының құнын литріне 250 теңге деңгейінде бекітті.
«26 наурыздағы жағдай бойынша мұнай өңдеу зауыттарынан өңірлерге барлығы 67 мың тонна дизель отыны тиеп-жөнелтілді. Облыстардың әкімдіктері дизель отынының бөлінетін көлемін тиеп-жөнелту жұмыстарын жандандыруы қажет», — деді министр.
Айдарбек Сапаровтың айтуынша, бүгінгі таңда өтінім беру және жеңілдікпен берілетін дизель отынын алу рәсімі толығымен цифрландырылған, бірақ жекелеген шаруалар көрсетілген мерзімдерде өтінім беріп үлгермеді. Осыған байланысты жекелеген өңірлердегі әкімдіктер және фермерлер өтінімдер қабылдауды қосымша ашу мәселесін көтеруде. Осыған байланысты министр Энергетика министрлігінен облыстар әкімдіктерінің ұсыныстарын қолдауды сұрады.
Оның айтуынша, егіс жұмыстарын қаржыландыру – маңызды мәселе. Мемлекет басшысының тапсырмаларын ескере отырып, сапалы тұқым, тыңайтқыш, пестицидтер, жанар-жағармай және тағы басқаларды қолдану сияқты агротехникалық шараларды ескере отырып, көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын сапалы жүргізу үшін жеңілдетілген несие беруге шамамен 1,5 трлн теңге қажет.
Сонымен қатар биыл «Кең-дала» бағдарламасы аясында 140 млрд теңгеге қаржыландыру көзделген. Оған қоса форвардтық сатып алу бағдарламасы жалғасуда, биыл ол 40 млрд теңгені құрайды. Қалған қаражатты басқа қаржыландыру көздерінен қарастыру, оның ішінде жергілікті бюджеттен 100 млрд теңге бөлу мәселесі пысықталуда, бұл көктемгі егіс жұмыстарына қосымша 425 млрд теңге жеңілдетілген несиелер тартуға мүмкіндік береді.
«Жалпы көктемгі егіс науқанын өткізу мәселесі – Ауыл шаруашылығы министрдігінің ерекше бақылауында. Барлық проблемалық мәселе министрліктің жедел штабының отырыстарында қаралатын және шешілетін болады. Қабылданған шаралар егіс науқанын сапалы және оңтайлы агротехникалық мерзімде жүргізуге мүмкіндік береді», — деді ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров.
Әрі қарай энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев өз саласы бойынша баяндама жасады. Министрдің айтуынша, 2023 жылы көктемгі дала жұмыстарына 419 мың тоннаның 402-сі немесе 96%-ы тиеп-жөнелтілді, бағасы – «МӨЗ қақпасында» ҚҚС-пен тоннасына 222 мың теңге.
2023 жылы күзгі дала жұмыстарына ҚР Премьер-Министрінің тапсырмасына сәйкес 426 мың тоннаның 326-сы немесе 76,6%-ы тиеп-жөнелтілді, бағасы – барлық 20 өңірдегі межелі станциядағы ҚҚС-пен литріне 250 теңге. 2023 жылы барлығы 845 мың тоннаның 728-і немесе 86%-ы тиеп-жөнелтілді, 117мың тонна немесе 14%-ы талап етілмеді. Өз кезегінде операторлар 728 мың тоннаның 688 мың тоннасын сатты және 40 мың тоннасы сатылмады, олар ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер операторларының өңірлік резервуарларында орналасқан және 2024 жылғы көктемгі дала жұмыстары үшін пайдаланылуы мүмкін. Тиеп-жөнелту тек қана облыстардың әкімдіктері айқындайтын оператор-компаниялардың өтінімдеріне сәйкес жүзеге асырылады.
Сонымен қатар, энергетика министрінің айтуынша, осы жылдың 22 қаңтарында Энергетика және Ауыл шаруашылығы министрліктері 2024 жылғы 1 ақпан мен 30 маусым аралығында «2024 жылғы көктемгі дала жұмыстарына 340,3 мың тонна дизель отынын жеткізу бойынша графигін» бекітті. 2023 жылдан баға өзгерген жоқ – барлық 20 өңірдегі межелі станцияда ҚҚС-пен литріне 250 теңге және АЖҚС бөлшек сауда бағасынан литріне 45 теңгеге арзан немесе 15%-ға төмен.
Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевтің айтуынша, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін дизель отынының қозғалысының ашықтығы мен оны бақылау үшін мынадай шаралар қабылданды:
- ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер дизель отыны үшін жеке ПИН-кодтар алды;
- дизель отынын сары, көк және қызыл түске бояу;
- ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер операторларының ЭШФ АЖ жүйесінде АШТӨ дизель отыны үшін жеке виртуалды қойма құруы.
Министрдің сөзінше, ақпан-наурыз айларында 50,1 мың тоннаның 27-сі немесе 55%-ы жөнелтілді. Бұл ретте 2024 жылдың 14 наурызында АШМ көктемгі дала жұмыстарына 35,8 мың тонна дизель отынын қосымша жеткізуге өтінім жіберді.
«Іріктеу фактісінің 55%-дан аспайтынын және 2023 жылғы күзгі дала жұмыстары қалдықтарын ескере отырып, Энергетика министрлігі Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін дизель отынын тиеп-жөнелтудің оңтайлы графигін айқындайды. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер атына тиеп-жөнелту басым негізде жүзеге асырылады және тұрақты бақылауда болады», — деді энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев.