ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында жылыту маусымындағы өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары қаралды, деп хабарлайды kazlenta.kz.
Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов атап өткендей, халықты қорғау деңгейін арттыру және өрттен келетін зардапты азайту мақсатында бірнеше бағыт бойынша кешенді жұмыстар жүргізіліп келеді.
Мәселен, кезекші-диспетчерлік қызметтердің жұмыс орындарын автоматтандыру арқылы азаматтарға көмек көрсету уақытын қысқарту бойынша шаралар қабылданып отыр. Атап айтқанда, 95 мың мүмкіндігі шектеулі жанның тұрғылықты жері бойынша деректер жиналды, бұл өрт кезінде қозғалысы шектеулі адамдардың болуы туралы ақпаратты құтқарушыларға автоматты түрде жеткізуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар халықтың қауіпсіздік мәдениетін арттыру бойынша кешенді іс-шаралар іске асырылып келеді. Бұл ауқымды үгіт-насихат жұмыстары мен рейдтер жүргізуді қамтиды. Мәселен, өткен жылы «Жатахана» өрт қауіпсіздігі акциясы кезінде 1,5 мыңға жуық жатақхана рейдтік іс-шаралармен қамтылған. Бұл жұмыстың тиімділігі осы санатындағы ғимараттардағы өрт санының 36%-ға және зардап шеккен адамдар санының 2,5 есеге қысқаруымен расталады.
Бүгінгі таңда 300 мыңнан астам үй профилактикалық жұмыстармен қамтылып, 800 мыңға жуық азаматқа нұсқау беріліп, 100 мыңға жуық заңбұзушылық анықталды. Өткен жылдардағыдай халықтың әлеуметтік осал топтары мен көп балалы отбасылардың тұрғын үйіне басты назар аударылады.
Сондай-ақ газдың және жану өнімдерінің қауіпті концентрациясын анықтайтын датчиктерді орнату тиімді тәжірибеге айналды. Жылыту маусымы қарсаңында 8 мыңға жуық жаңа құрылғы, 2016 жылдан бері барлығы 193 мыңға жуық құрылғы орнатылды.
Премьер-Министр қыркүйек айында Алматы облысында 4 рет газ жарылысы болғанын, соның салдарынан 3 адам қаза тауып, 12 адам зардап шеккенін, Абай облысында тұрғын үй секторында орын алған өрттердің саны 2 есеге дейін өсіп кеткенін, ал Шығыс Қазақстан облысында өрттен қаза тапқандардың саны артып отырғанын атап өтті. Өңірлер әкімдері Марат Сұлтанғазиев, Нұрлан Ұранхаев және Ермек Көшербаев қабылданып жатқан шаралар туралы түсініктеме берді.
Әлихан Смайыловтың айтуынша, жылыту маусымы енді ғана басталды, алайда адамдардың өрттен қаза табу фактілері қазірдің өзінде бар.
«Жыл басынан бері тұрғын үй секторындағы өрт саны – 14%-ға, ал қаза тапқандар саны – 10%-ға өскен. Абай, Алматы, Жамбыл және Ұлытау облыстарында өрт оқиғалары өсіп отыр», — деді ол.
Сонымен қатар газ баллондарының жарылуы да жиілеп кетті. Биыл осындай 72 оқыс жағдай орын алды. Одан 119 адам зардап шегіп, 17 адам қаза тапты. Жарылыстардың негізгі себебі – газ баллондарын пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтамау.
Премьер-Министр қазіргі уақытта газ құрылғыларын пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарының сақталуын бақылау функциясы әкімдіктерге жүктелгенін еске салды. Атап айтқанда, өңірлерде газ-техникалық инспекциялар құрылған.
«Алайда, олар әлі күнге дейін жұмысты тиісті деңгейде ұйымдастыра алмай отыр. Бұл салада білікті мамандар мен қажетті жабдықтар жетіспейді. Осыған байланысты, өңір әкімдіктері газ-техникалық инспекциялардың өкілеттіктерін кеңейту және оларды қамтамасыз ету бойынша жұмыс жүргізуі қажет. Төтенше жағдайлар министрлігі Азаматтық қорғау академиясының базасында осы салаға арналған кадрларды даярлау деңгейін арттыру жөнінде шаралар қабылдауы керек», — деп атап өтті Әлихан Смайылов.
Үкімет басшысы сондай-ақ елімізде жарамсыз газ баллондарын алып қою және утилизациялау тәртібі реттелмегенін атап өтті. Сонымен қатар оларды өзімізде өндіру мәселесі де әлі күнге дейін шешімін таппай отыр. Өнеркәсіп және Энергетика министрлігіне осы бағыттарда тиісті шаралар қабылдау тапсырылды.
Премьер-Министрдің айтуынша, жүргізілген талдау нәтижесі өрт оқиғаларының көбіне жеке тұрғын үйлер мен қора-жайларда орын алатынын көрсетіп отыр. Онда негізінен егде жастағы адамдар мен балалар қаза табады.
Осыған байланысты Әлихан Смайылов үйлерде газ датчиктерін орнату жұмыстарын және жеке тұрғын үй секторына рейдтерді күшейтіп, сондай-ақ өрт қауіпсіздігі бойынша халықпен профилактикалық жұмыстарды жандандыру қажеттігін атап өтті.
Қорытындылай келе, ол орталық жылыту жүйесіне қосылмаған әлеуметтік нысандардың жұмысын ерекше бақылауға алып, қоғамдық ғимараттар мен көппәтерлі тұрғын үйлерде орнатылған қазандықтарды сыртқа шығару жұмыстарын аяқтау қажет екенін айтты.