Қазақстанның әлемдік бренді саналған «Алтын адам» туралы аз айтылған жоқ. Құндылықтарымызды қастерлеу – қашан да өзекті. Алтын адам құпиясы әлі де зерттеуді, зерделеуді қажет етеді. Жалпы «Алтын адамның» қазақ тарихындағы маңызы қандай? Әлемдік ғылымдағы бағасы нақтыланды ма? Қазақстанның әр түкпірінен табылып жатқан «Алтын адамдар» кімдер? Тарихшылардың ортақ тоқтамы қандай? Ұлттық құндылықтарымызды лайықты деңгейде ұлықтай алдық па? Біздің бүгінгі тақырыбымыз осы сауалдар төңірегінде болмақ.
Қазақстанда қанша алтын адам табылды?
1969 жылы Есік қорғанынан табылған Алтын адам әлем назарын өзіне аударды. Алтын киімді сақ жауынгерінің мүрдесін археолог Бекмұханбет Нұрмұханбетов тауып, ғалым Кемал Ақышев көпке әйгіледі.
Төрт мыңға тарта алтын әшекеймен безендірілген жәдігер «аң стилінің» таңғажайып үлгісін танытты. «Аң стилінде» барыс пен бұланның, арқар мен таутекенің, жылқы мен сан алуан құстың бейнесі бедерленген. Бұл табиғат пен көшпенділер мәдениетінің біте қайнасып жатқынын айқындайды.
«Біздің бабаларымыз әлі күнге дейін өзінің асқан көркемдігімен тамсандыратын аса жоғары деңгейдегі көркем дүниелер жасаған. Жауынгердің алтынмен апталған киімдері ежелгі шеберлердің алтын өңдеу техникасын жақсы меңгергенін аңғартады. Сонымен бірге, бұл жаңалық Дала өркениетінің зор қуаты мен эстетикасын әйгілейтін бай мифологияны паш етті», – дейді Елбасы.
Қазақ даласынан алтын адамның табылуы – көне тарихты қайта түлетіп, әлемдік археологияны жаңа арнаға бұрды. Көшпенділер өркениетінің зор жетістігі қасаң түсініктер мен жалған пайымдарды біржола өзгертті. Қазақ тарихы жаңа өріс алып, ғылыми тұрғыда қайта зерделене бастады.
Тәуелсіздік алғаннан кейін «Алтын адамдар» легі қайта жалғасты. Екінші алтын киімді адам 1999 жылы батыс өңірінен табылды. Әлкей Марғұлан атындағы археологиялық экспедициясы археолог Зейнолла Самашевтың жетекшілігімен Аралтөбе қорғанына қазба жұмыстарын жасап, олжалы оралды. Атырау облысынан табылған «Сармат көсемі» ж.с.д. ІІІ-ІІ ғасырларға жатады. Жәдігердің жанынан семсер мен қанжар, қалқан мен қорамсақ, бүркіттің қаңқа сүйегі табылған. Бұл бір ретте қылыштың пайда болу тарихын қайта қарауға түрткі болды.
Одан кейін Шіліктіден шыққан алтын адамның өмір сүрген жылдары ж.с.д. VІІІ-VІІ ғасырларға тұспа-тұс келеді. Жәдігер 2003 жылы Бәйгетөбе обасынан табылды. Ол Есікте ең алғаш табылған алтын адамнан 400 жыл үлкен екені анықталды. Сондай-ақ қорымнан 4 мыңнан аса алтын бұйым шыққан.
Тaбылу рeті бойыншa төртінші aлтын aдaм Қaрқaрaлы өңірінe тиeсілі. Eртe сaқ кeзeңінe жaтaтын aлтын aдaм «Aң стиліндeгі» әшeкeй бұйымдaрымeн eрeкшeлeнeді. Қaзбa жұмыстaры бaрысындa 100-гe жуық бeлдіктің әшeкeйі, 8 aрыстaн бeйнeсі, 20-ғa тaртa құймa aлтын, түрлі формaдaғы әшeкeйлeр, aйдaһaр пішіні сомдaлғaн aлтындaлғaн зaт, сeкіругe бeйімдeлгeн қaбaн, eлтaңбaмыздaғы пырaқтың бeйнeсінe ұқсaс сурeттeр бeдeрлeнгeн жәдігeрмeн біргe, мыңнaн aсa aсыл моншaқ тaбылғaн.
2012 жылы Батыс Қазақстан облысындағы Тақсай қорғанынан қазып алынған «Тақсай ханшайымы» отандық ғылымдағы ең үлкен ашылулардың бірі саналады. Сармат әйелінің қабірінен қымбат әшекейлер, яғни басында шошақ төбелі, жоғарғы жағында тау ешкісінің бейнесі бар алтын бас киім, мойнында екі салпыншақты және тұтас құйылған гривна табылған. Барлығы сексеннен астам алтын бұйым аршып алынған. «Тақсайлық абыз әйелді» қалпына келтіру жұмыстарымен ғалым-реставратор Қырым Алтынбеков айналысты.
Бұл тізімге Шығыстағы «Үржар ханшайымын» да қосуға болады. Қорғаннан табылған жас қыздың мүрдесімен қатар, алтын әшекейлі бас киім табылған. Зерттеушілер жас қызды билеушілер әулетінен шыққан ғұн-үйсін заманының өкілі болуы мүмкін деп болжайды.
2008 жылы дәл осы Шығыс Қазақстан облысындағы Елеке сазы қорымынан тағы бір «Алтын адам» табылды. Археолог Зейнолла Самашевтің жетекшілігімен бастан-аяқ алтынмен апталған жас жігіттің сүйегі қазып алынды. Жанынан қорамсақ пен алтын қынға салынған қанжары да қоса табылды.
Осы ретте Алтын адамды алғаш тапқан Бекмұханбет Нұрмұханбетовтің пікірін еске алып өтпеске болмайды. Оның айтуынша, Алтын адам мен алтын киімді адамды екі түрлі қарастыру қажет. Яғни, «алтын адам» атауын ғылыми қолданыстағы ұғым деп қарастырған жөн. Ал, өзге өңірлерден табылған Алтын адамдарды аймақтарға жеке таңбай, біртұтас зерттеу қажет.
Археолог Айбар Хасеналин де алғашқыда «Алтын адам» атауы Есіктен табылған жәдігерге байланысты қойылғанын айтады. Сол себепті «Алтын адам» ұғымына мұқият қарау керек дейді ол.
Десек те, бұл туралы тарихшылар тарапынан нақты тоқтам айтылмады. Еліміздің әр түкпірінен табылған «Алтын адамдар» тізімі осылайша «арта түсті». Егер ескі қорғандар бүгінге дейін тоналмай аман-жетсе, алтын киімді адамдардың бұдан да көп табылуы мүмкін еді. Ең бастысы, мұның бәрі дала өркениетінің тым әріден бастау алғанын айқындап, көне тарихымызға жаңаша сипат берері анық.
Күні кеше Ақтөбе жерінен алтын киімді сармат көсемінің қабірі табылып, тағы бір олжаға кенелдік. Әрі қарай зерттеу жұмыстары жалғасып жатыр. Археологтардан бөлек, басқа да саланың мамандары тартылып, ауқымды жұмыстар қолға алынған. Бүгінгі ғылымның жетістіктері әр артефакттан бастап, барлығын түгел зерттеуге, құнды ақпараттар алуға мүмкіндік береді.
Алтын киімді адамдардың Тұран топырағынан табылуы бабаларымыздың метал өндіру ісін, алтын өңдеу технологиясын жетік меңгергенін көрсетеді. Ғылыми сынама нәтижесі алтындардың алыстан әкелінбегенін, өз өлкеміздің өнімі екенін тағы бір дәлелдеп берді.
Фото: ehistory.kz
«Алтын адамның әлемге шеруі»
Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы «Алтын адамның» зерттелуі мен насихатталуына жаңа серпін берді. «Қазақстандық Тутанхамон» атанған құнды жәдігерді ұлттық бренд ретінде әлемге таныту негізгі міндеттердің бірі болды. Солайша Ұлттық музейдің қақ төрінде тұрған Алтын адам «әлемдік сапарға шықты».
«Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» атты халықаралық көрме-жобасы қолға алынып, дүниежүзінің алдыңғы қатарлы музейлерінде ұйымдастырылды.
Жобаның негізгі мақсаты – еліміздің әр түкпірінен табылған «алтын адамдар» шоғырын әлем жұртшылығына таныстырып, ұлы дала өркениетінің бай мұрасын насихат ету.
«Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» бүгінге дейін Беларусь, Әзербайжан, Ресей, Қытай, Польша, Оңтүстік Корея, Түркия, Малайзия және Грекия секілді әлемнің 12 елінде болып, шетелдік көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
Аталған көрмелерде Есік қорғанынан табылған сақ жауынгерінен бөлек, Батыс Қазақстандағы Тақсай ханшайымы мен Аралтөбе жауынгерінің, Сарыарқадағы Талды-2 билеушісінің, Қазақ Алтайындағы Берел жылқыларының теңдессіз жәдігерлері де көпшілік назарына ұсынылды.
Ұлы дала елінің құнды мұраларымен танысып, «Алтын адамның» ерекше сән-салтанатына, тарихи мән-маңызына қызығушылық танытқан шетелдіктердің қатары көп.
Иә, еліміздің мәдени жетістіктерін әлемге танытып, ұлттық құндылықтарымызды, тарихи-мәдени мұраларымызды насихаттау – баршамызға ортақ міндет.
Ендігі мақсат «Алтын адамның» әлемдік өркениеттегі бағасын нықтап, жалпыадамзаттық құндылықтардың қатарына қосылуына күш салу.