Түркістан облысында 5 жасар қыз бен Алматыда 7 жасар қыздың өлімі – жергілікті жерде профилактика жүйесінің жоқтығының тағы бір айқын дәлелі. Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева осындай пікір білдірді, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.
Оның айтуынша, күн сайын балаларға қатысты 6 қылмыс жасалады.
70% жағдайда бұл - көмектің уақтылы көрсетілмеуі және профилактика жоқтығының салдары.
Қазір жұмыс негізінен тек салдармен ғана жүргізіледі. Бұл екі жағдайда қайғылы оқиғаның алдын алуға болатын еді.
Динара Зәкиева Мемлекет басшысының тапсырмасымен қазіргі ахуалды жүйелі түрде түзету үшін мемлекеттік органдармен бірлесіп инфрақұрылым мен бала құқығының бұзылуының алдын алу құралдарын жасау бойынша жұмыс жүріп жатқанын жеткізді.
Атап айтқанда:
1. Отбасымен жұмыс істеуді үйлестіру жөніндегі функцияларды кеңейтіп, заңнамалық түрде Еңбекмині мен әкімдіктердегі әлеуметтік қорғау басқармаларына бекіту. Аталмыш басқармалар отбасын қолдау орталықтары мен мобильді топтар арқылы учаскелік бөлімшелермен қағазбастылықсыз тығыз байланыста жұмыс істеуге, ақпаратқа жедел әрекет етуге және қажет болған жағдайда азаматтарға, отбасыларға, балаларға барлық қажетті бейіндік қызметтер мен басқармаларды (білім беру , денсаулық сақтау және т.б.) тарта отырып, атаулы кешенді көмек ұйымдастыруға тиіс.
Бұл неліктен маңызды?
— қазір әкімдіктерде барлық қажетті қызметтерді тарту арқылы профилактиканы ұйымдастыруға, отбасымен, балалармен уақтылы жұмыс істеуге, бұрын сотталған адамдарды оңалту мен қайта әлеуметтендіруге және т.б. жауапты үйлестіруші басқарма жоқ
— Заңда медициналық-әлеуметтік есепке алу туралы норма бар, ол көмекке мұқтаж, ҚӨЖ-дағы отбасылар мен балаларды анықтап, оларға көмектесуді ұйымдастыруды көздейді.
Алайда, бұған жауапты мемлекеттік орган әлі анықталмағандықтан аталмыш заң жұмыс істемейді.
2. Шұғыл көмекке мұқтаж, ҚӨЖ-дағы отбасылар мен балаларды анықтап, көмек ұйымдастыру жөніндегі мобильді топтарды заңнамалық тұрғыдан бекіту (учаскелік полиция, Отбасын қолдау орталықтары мен әкімдік басқармаларының жедел өзара іс-қимылы);
3. Еліміздің 152 ауданында отбасын қолдау орталықтарын ашу. Оларда отбасыларға әлеуметтік, құқықтық, психологиялық көмек, учаскелік қызметтермен бірге сүйемелдеу жүргізілетін болады. Қазір мұндай орталықтар 220 ауданның 78-інде ғана бар. Сондай-ақ, қазір жұмыс істеп тұрған орталықтардың да жұмысын реттеу керек.
4. Балалар да, ересектер де білетін және кез келген уақытта көмек сұрай алатын бірыңғай МЕМЛЕКЕТТІК анонимді сенім телефонын/байланыс орталығын құру (АҚШ-тағы 911 сияқты). Қылмыстарды тергеу кезінде 60% жағдайда баламен, отбасында не болып жатқанын естіген/білген, бірақ хабарлауға қорыққан не араласқысы келмеген адамдардың болғаны анықталады. Әрине, жағдайлар мен хабарламалардың бәрін мемлекеттік органдар тексеруі керек. Жалған қоңыраулар да болады. Бірақ тағы бір рет тексеріп, қажет болған жағдайда бақылауға алу немесе көмек көрсету артық болмас.
5. Электронды әлеуметтік картаны ІІО қызметкерлеріне әкімдіктің жауапты құрылымдарының назарына мұқтаж ҚӨЖ-дағы балалардың, отбасылардың жағдайы туралы мәліметтерге ақпарат, толықтырулар, түзетулер енгізу мүмкіндігін беру арқылы ҚР ІІМ есепте тұрған қолайсыз отбасылардың интеграцияланған деректер банкімен интеграциялау керек.
6. Заңнамаға балалардың қауіпсіздігі мен жазаның бұлтартпастығы мәселесіне қатысты өзгерістер пакетін дайындап жатырмыз. 30% қылмыс тараптардың татуласуымен жабылып жатады, олар кейін одан ауыр қылмыстарға әкеледі. Бұл жұмысты Парламентпен бірге күзде бастаймыз деген үміттемін.
«Марқұм қыздарды енді қайтара алмайтынымыз және бұл қайғылардың алдын алуға болатын еді деген ой тым ауыр. Мен уәкілетті органдарға уақытында ақпарат беріп, әрекет етуі керек қызметкерлердің жауапкершілігі туралы мәселені көтеріп жүгіндім. Қыздардың туыстары мен жақындарына қайғыра көңіл айтамын. Жақын арада жоғарыда жазған шешімдерді енгізіп, оң өзгерістерді көре аламыз деген үміттемін» деп түйіндеді Динара Зәкиева.
Айта кетейік, кеше Қазақстанды дүрліктірген екі бірдей қайғылы оқиға болды.
Түркістан облысында 5 жасар қызды ұрлап әкетіп, зорлап, пышақтап өлтірген. Ал Алматыда 7 жасар қызды ұрып өлтірді деген күдікпен оның өгей анасы қамалды.
Мемлекет басшысы Түркістан облысындағы қайғылы оқиғаның мән-жайын мұқият тексеруді тапсырған болатын.
Ал, бүгін кісі қолынан көз жұмған 5 жасар бүлдіршіннің денесі жер қойнына тапсырылды.