Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында жұмысшы мамандықтары бойынша кадрлар даярлаудағы жаңа тәсілдер қаралды, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Отырыс барысында оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін дамыту туралы баяндама жасады. Кадрларды даярлау жүйесі және жоғары оқу орындарының колледждермен әріптестігі туралы ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, еңбек нарығындағы жұмысшы мамандықтары бойынша кадрларға қажеттілік туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев баяндады. Сондай-ақ өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевтың, ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың, көлік министрі Нұрлан Сауранбаевтың, энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтың баяндамалары тыңдалды.
Үкімет жетекшісі жаңа Конституцияда бекітілген еңбексүйгіштік, прогресс және білім құндылықтарына баса назар аударды. Мемлекет басшысы цифрландыру мен жасанды интеллектінің дамуын және технологиялық жаңғырудың қарқынды үдерісін ескере отырып, жаңа білім беру моделін қалыптастыру міндетін қойып отыр.
Бүгінде Қазақстанда 763 колледж жұмыс істейді, онда 556 мың студент білім алуда. Оқу-ағарту министрлігінің мәліметтері бойынша білім беру бағдарламалары технологиялық өзгерістерге дәйекті түрде бейімделуде. Тек 2026 жылдың өзінде 160 мамандық бойынша 3 мыңнан астам білім беру бағдарламасы жаңартылған және жаңа бағыттар енгізілуде.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев 2035 жылға дейін экономикаға 2,9 млн қызметкер қажет болатынын баяндады. Оның 1,8 млн-ы – жұмысшы мамандар.
Премьер-министр Олжас Бектенов мамандар даярлау сапасы экономиканың тұрақтылығына тікелей әсер ететінін атап өтті. Білім беру жүйесі өндірістегі өзгерістерге тез бейімделуі қажет.
«Мемлекет басшысы экономиканың түрлі саласына заманауи технологияларды қолдану арқылы еңбек өнімділігін арттыра алатын жаңа буын мамандары қажет екенін үнемі атап өтуде. Жұмысшы мамандықтарына айрықша назар аудару қажет.
Қазіргі таңда кез келген өндірістегі маман цифрлық басқару жүйелерімен кәсіби деңгейде жұмыс істеп, нақты міндеттерді шешу үшін жаңа технологиялар мен жасанды интеллект құралдарын қолдана білуге тиіс. Қолданыстағы кадр даярлау жүйесін дәл осы мақсаттарға сай қайта құру қажет», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Үкімет жетекшісі техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі жаңа мамандардың еңбек нарығына жылдам әрі бәсекеге қабілетті болып енуін қамтамасыз етуі керек екенін атап өтті. Осыған байланысты мемлекет экономика үшін кадрлар даярлаудың негізгі буыны ретінде кәсіптік және техникалық білім беру жүйесін дамытуға басымдық беріп отыр. Бүгінде бұл бағытты қаржыландыру едәуір кеңейтілді: Бұрын колледждерге бюджет есебінен жыл сайын 93 мыңға жуық студент қабылданса, биыл олардың саны 145 мың студентке дейін артты. Стипендия мөлшері 50%-ға көтерілді, колледжде бір студентті оқытуға жұмсалатын жалпы қаржыландыру көлемі екі есеге өсті.
Бұған дейін қолға алынған жаңа жатақханалар құрылысын жалғастыру қажеттігі атап өтілді. Алдағы үш жыл ішінде жатақханаларда техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының студенттеріне арнап 7,5 мыңға жуық жаңа орын ашу көзделіп отыр. Олжас Бектенов бұл жоспар толық көлемде орындалуы тиіс екенін атап өтті.
Премьер-министр мемлекеттік тапсырысты экономиканың қажеттіліктерін ескере отырып қалыптастырудың маңыздылығына назар аударды. Бұл ретте мамандарды даярлауды қаржыландыру түлектердің жұмысқа орналасу көрсеткіштеріне мониторинг жасаумен ұштасуы тиіс
Ғылым және Еңбек министрліктеріне еңбек нарығындағы өзгерістерді алдын ала ескеріп, оларды тиімді басқару үшін жетекші компаниялармен бірге мемлекеттік-жекеменшік серіктестік негізінде Ұлттық мамандықтар трансформациясы орталығын құру тапсырылды. Бұл ретте жаңа мамандықтар мен сұранысқа ие құзыреттерді болжау үдерісіне жұмыс берушілердің қатысуын көздейтін нақты тетіктер айқындалуы қажет.
Бұдан бөлек, Премьер-министр колледждердің тартымдылығын арттыру бойынша тиімді іс-шаралар қабылдауды тапсырды. Оқу бағдарламаларын еңбек нарығы мен халықтың сұранысына сәйкес үнемі жаңғыртып отыру керек. Қажетті микробіліктіліктерді алу мақсатында қысқа мерзімді модульдік бағдарламалар ашқан жөн. Олжас Бектенов колледж кәсіби білім мен дағдыларды меңгеру үшін саналы түрде таңдайтын білім ошағына айналуға тиіс деп атап өтті.
Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің инфрақұрылымы жағдайына да ерекше көңіл бөлген маңызды. Бүгінде ТжКБ ұйымдарының 70%-дан астамы 40 жыл бұрын салынған. Премьер-министр Мемлекет басшысы ірі инфрақұрылымдық және әлеуметтік нысандардың құрылысын бастауды тапсырғанын атап өтті. Аталған міндет аясында Президент колледждерді салу мен оларды кешенді түрде жаңғырту тәсілдерін де мақұлдады.
Осыған байланысты Оқу-ағарту министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен және өңір әкімдіктерімен бірлесіп, осы жылдың 1 қарашасына дейін Үкіметке 2027-2030 жылдарға арналған техникалық және кәсіптік білім берудің заманауи инфрақұрылымын дамыту бағдарламасын әзірлеп енгізу тапсырылды.
Кадр тапшылығын еңсеру және білім беру жүйесі мен бизнестің нақты сұраныстары арасындағы алшақтықты жою үшін Олжас Бектенов жұмыс берушілер мен салалық қауымдастықтардың қажеттіліктерін білім беру ұйымдарының мүмкіндіктерімен үйлестіру тіралы міндет қойды.
Оқу-ағарту министрлігіне Еңбек министрлігімен, «Атамекен» ұлттық палатасымен және өңір әкімдіктерімен бірлесіп, әрбір өңірде экономиканың басым салалары бойынша кадрлар даярлау және оларды тәуелсіз сертификаттау жөніндегі салалық кластерлер құру тапсырылды.
Одан бөлек, өңірлердің және жаңа жоғары технологиялық өндірістердің нақты қажеттіліктеріне сәйкес кадрларды барынша тиімді даярлау үшін колледждердегі мемлекеттік тапсырысты қалыптастыру кезінде қажетті жұмыс орындарының нақты санын айқындау қажет.
Еңбек, Оқу-ағарту және Ғылым министрліктері мен өңір әкімдіктеріне өндірістердегі жұмыс орындарының түрлері мен санын жыл сайын болжау бойынша жүйелі талдау жұмыстарын жолға қою тапсырылды. Деректер тұрақты түрде жаңартылып, Enbek.kz ақпараттық жүйесінде орналастырылуға тиіс.
Жалпы үйлестіру жұмыстары Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевқа жүктелді.