Қазақстанда суды басқарудың бірыңғай цифрлық кеңістігі қалыптасуда. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ол Мемлекет басшысының су секторын цифрландыру жөніндегі тапсырмалары шеңберінде негізгі жоба – Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесі жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Экономиканың орнықты дамуы мен азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде су ресурстары саласының маңызы зор екені айқын. Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында Су ресурстары және ирригация министрлігі Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігімен бірлесіп, су саласының Цифрлық трансформация картасын бекітті. Аталған карта 3 нақты нысаналы көрсеткішті айқындайды, оларға қол жеткізу судың ашық есебін жасауға, шығындарды азайтуға және жоспарлау сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Су саласының 9 негізгі бизнеспроцестеріне реинжиниринг жүргізілген болатын. Ал, нысаналы модель электрондық рәсімдерге көшуді, бірыңғай тізілімдер мен орталықтандырылған деректер жиынтығын құруды, су пайдаланушының жеке кабинетін енгізуді және салыстырып қарау мен тексерулерді автоматтандыруды көздейді. Нәтижесінде мерзімдер мен кезеңдердің қысқаруы, ашықтықтың өсуі және қателіктердің төмендеуі күтіледі; процедуралар 51 %-ға жеңілдейді.
«Бүгінгі таңда осы салада 24 мемлекеттік көрсетілетін қызмет қолжетімді, барлығы да – онлайн форматта. 2025 жылы көрсетілетін қызметтердің 95%-ы онлайн орындалды, бұл дегеніміз цифрлық арналарға тұрақты көшкендігін растайды. Мемлекет басшысының су секторын цифрландыру жөніндегі тапсырмалары шеңберінде негізгі жоба – Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесі жүзеге асырылуда. Ақпараттық жүйе электрондық үкімет, ведомствоаралық интеграция және ақпараттық қауіпсіздік стандарттарына сәйкес әзірленеді. Қазіргі кезде базалық функциялар жүзеге асырылып жатыр, аналитика мен болжау функциялары енгізілуде. 11 мемлекеттік ақпараттық жүйені интеграциялау есебінен суды басқарудың бірыңғай цифрлық кеңістігі қалыптасады, бұл деректердің дұрыстығын арттыратын болады. Перспективалық жобалардың тағы бірі ол – электрондық шарттар жасасу және су тұтынуды болжау жүйесі. Қазіргі таңда бұл жүйе пилоттық режимде жұмыс істейді, ал өнеркәсіптік пайдалануға беру осы жылдың соңына дейін деп жоспарлануда. Азаматтарға пайдалану ыңғайлы болу үшін Egov mobile, екінші деңгейлі және 1С банктермен интеграциялауды жоспарлап отырмыз. Осы жылы 103 суару каналын автоматтандыру басталады. Оңтүстік өңірлерде – Қызылорда, Жамбыл және Түркістан облыстарында – бекітпелерді басқару көзделген. Ислам даму банкінің қолдауымен тағы 264 каналды цифрландыру жоспарлануда», — деп атап өтті Жаслан Мәдиев.
Сондай-ақ министр суды жоспарлау және басқаруға арналған бағдарламалық қамтылым қарастырылып отырғанын айтты. Қашықтан басқару пульті аралар тексеруді алмастырады және 24/7 судың таралуын автоматты бақылауды қамтамасыз етеді. «Smart Turmys» тұрғын үйкоммуналдық шаруашылығының бірыңғай цифрлық платформасы қалыптастырылуда, ол коммуналдық қызметтер бойынша азаматтарға арналған бірыңғай интерфейске айналады. Сонымен қатар халыққа қолайлы болу және есеп айырысудың ашықтығын арттыру үшін бірыңғай төлем құжатының моделі пысықталды. Басты міндет – нысандарды есептеу құралдарымен және деректерді онлайн беру арқылы автоматтандырылған жүйелермен жарақтандыру. Бұл өндірістен тұтынуға дейінгі, соның ішінде әлеуметтік нысандарды қоса алғанда, барлық кезеңді бақылауды қамтамасыз етеді.
2030 жылға дейін сумен жабдықтау саласында деректерді онлайн-беруді 100% қамтамасыз ету қажет. Аталған саланы цифрландыруға Astana Hub экожүйесінің стартаптары елеулі үлес қосуда. Қазір экожүйеде ақылды есептегіштер, ағып кету датчиктері және суды автоматтандыру жүйелері сияқты су секторының цифрлық шешімдерін жасайтын 11 жоба бар. Осы стартаптардың жиынтық табысы 6,3 млрд теңгені құрайды, бұл инновациялардың ел экономикасының бір бөлігіне айналғанын көрсетеді. NеоPrо су арнасын басқарудың бірыңғай платформасы ерекше назар аударуға тұрарлықтай. Платформа көптеген модульдерді қамтиды және бақылау мен диспетчерлеуді, цифрлық егізді, апаттық бақылауды, түбіртектерді автоматтандыруды және өтінімдерді басқаруды қамтамасыз етеді. Шешім Шымкент қаласында сәтті енгізілді.
«Сондай-ақ AgriTech Hub – 2017 жылдан бастап ауыл шаруашылығы мен су ресурстарын басқаруға арналған спутниктік деректер, Big Data және AI негізінде цифрлық шешімдерді әзірлейтін стартапты атап өткім келеді. Оның миссиясы – аграрлық сектор үшін тұрақты шешім құруға арналған заманауи талдау әдістерін болжамды модельдермен біріктіру арқылы табиғи ресурстарды тиімді пайдалануға және тәуекелдерді азайтуға көмектесетін аналитикалық деректерді ұсыну. 2025 жылы жобаларды 2 ел қамтыды: бірі Өзбекстан, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Түркістан және Жамбыл облыстарының жүзеге асырылған жобалары. Биыл жоба Қазақстанның барлық аумағын қамти отырып, кеңейіп келеді. 2026 жылға Орталық Азияда (Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан) қызметтерді кеңейту, трансшекаралық су ресурстарының спутниктік деректерімен алмасудың халықаралық платформасын іске қосу, сондай-ақ Big Data және MLшешімдерді дамыту жоспарлануда», — деп атап өтті Жаслан Мәдиев.
Ал, су ресурстарын есепке алу, мониторингілеу және талдау процестерін автоматтандыру мақсатында 2026 жылдың соңына дейін Су ресурстары және ирригация министрлігі су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесін өнеркәсіптік пайдалануға беруді қамтамасыз ету қажет. Бұдан бөлек, нысаналы көрсеткіштерге қол жеткізу үшін инженерлік желілерді цифрландыруды күшейту және деректерді онлайн-беру арқылы есепке алу аспаптарын енгізуді әкімдіктерге жеделдету ұсынылады. Сонымен қатар әкімдіктерге салалық жүйелерді интеграциялауды және бірыңғай тізілімдерді дамытуды жалғастыру қажет. Бұл деректердің салыстырмалылығын қамтамасыз ете отырып, ашықтықты арттырады және суды үнемдеуге мүмкіндік береді.