Үкімет отырысы барысында Қазақстан Премьер-Министрі жоғары сапаны қамтамасыз ете отырып, жол инфрақұрылымын дамыту мәселесін кешенді түрде шешуді тапсырды. Бұл ретте Олжас Бектенов жол құрылысы кезінде жемқорлық тәуекелдерін азайту жұмыстарын да күшейту керектігін баса айтты, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Үкімет басшысы жол сапасына әсер ететін жалпыға ортақ жолдарда ауыр жүк таситын карьерлік автокөліктердің жүруі негізгі мәселелердің бірі екеніне тоқталды.
«Бұған дейін Көлік министрлігіне тиісті параметрлерге сай келмейтін ауыр техниканың жүруіне тыйым салу үшін қажетті шаралар қабылдау тапсырылған болатын. Сондықтан заңнамаға түзетулер енгізілді. Жаңа норма 2026 жылдан бастап жалпыға ортақ жолдарда карьерлік жүк көліктерінің жүруіне тыйым салуды көздейді. Алайда, бұл норманы келесі 2025 жылдан бастап енгізу мәселесін пысықтау керек», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Үкімет отырысында Премьер-Министрге жол активтері сапасының ұлттық орталығы жүргізіп жатқан жұмыстар туралы баяндалды. Биылғы 6 айда сапа сараптамасы арқылы республикалық желі нысандары 100%, ал жергілікті желі нысандары 84% қамтылды. 10 өңірде жергілікті желіні толық қамтуға қол жеткізілді.
5 мың тексеру жүргізіліп, оның барысында 11 мыңға жуық материал үлгілері іріктеліп, сынақтан өткізілді. Сараптама нәтижелері бойынша 16 мың тонна асфальтбетон, 27 мың тонна инертті материалдар және 3 мың тонна битум қолдануға рұқсат етілмеген. Ең көп сәйкессіздіктер Жамбыл, Түркістан және Абай облыстарында байқалады.
Сондай-ақ сараптама барысында жұмыс жүргізу технологиясының 1,9 мың кемшілігі анықталып, оның ішінде 621 ақау жойылды. Қалған ақаулар бақылауға алынып, нысандар пайдалануға берілгенге дейін жойылады. Нәтижесінде мердігерлік ұйымдар 99 мың м2 асфальтбетон жабындысын, 28 мың м2 негізді қайта қалпына келтіріп, 18 мың м3 қиыршық тасты ауыстырды.
Олжас Бектенов жыл сайын жұмыс қыза бастаған шақта туындайтын жол-құрылыс материалдардың тапшылығы мәселесіне назар аударды. Көлік министрлігіне инертті материалдардың, техникалық және еңбек ресурстарының бар-жоғына ревизия жүргізу, сондай-ақ битуммен уақтылы қамтамасыз ету тапсырылды.